ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРГЕН МАМАН ЖОҚ ПА?!.

0
2961

Төтенше жағдайда Қазақстан заңдары жұмыс істемей, Ресейдің заңдары жұмыс істей ме?!.

Бүгін елордадағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова есеп беріп, бірқатар сауалдарға жауап берді.

Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Брифинг барысында бірқатар БАҚ тілшілерінің мемлекеттік тілдегі сұрақтарына «Мен орысша жауап беремін» деген комитет басшысы Қазақстанда мемлекеттік тіл – Қазақ тілі екенінен бейхабар болса керек.
Азаттық радиосы тілшісі Манас Қайыртайдың және тағы 4-5 қазақ тілді БАҚ журналистерінің Мемлекеттік тілдегі сұрақтарына еш қымсынбастан Ресейде отырғандай Ресей тілінде сырғытып жауап бере берді.

Біздің редакцияға хабарласқан оқырмандар Денсаулық министрлігі комитет басшысын тілдік құқын шектегені үшін сотқа беретінін айтып жатыр. Ал «Азаттық радиосы» мемлекеттік қызметкерден мемлекеттік тілде ақпарат алу құқының шектелгені үшін шенеунікті сотқа бере ме, ол әлі белгісіз…

Атап өтерлігі, Денсаулық министрлігінде бұл бірінші рет орын алып тұрған жағдай емес. Осыған дейін ОКҚ-да есеп берген мемлекеттік бас санитар Айжан Есмағамбетова да тек орыс тілінде сөйлеп, артынша бұл мәселеге қатысты қоғамда наразылық туындаған болатын.

Бұл туралы белгілі ақын Қазыбек Иса «Бас санитардың Ресей тіліндегі сөзін министр аударып бере ме?» атты мақала жазып, Қазақ елінде қызмет ететін мұндай мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің мемлекеттік тілде есеп беруін талап еткен болатын.

Сонымен бірге, белгілі блогер Марғұлан Боранбай бастаған қоғам белсенділері қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан кетуі керектігін мәлімдемеген еді.

Содан кейін Орталық коммуникация қызметіндегі жағдай реттелгендей болып еді…

Бас санитардың сол кездегі брифингінен кейін «Қазақ үні» агенттігінің тілшілері Орталық коммуникация қызметіне хабарласып, «спикерлерге мемлекеттік тілде сөйлеуге талап қойыла ма?» деп сұраған едік.

ОҚК өкілдері, әдетте қазақ тіліндегі сауалға қазақша жауап беру керек деген талап қойса, төтенше жағдай кезінде ондай талап қойылмайтындығын айтқан болатын.
Сонда Төтенше жағдайда мемлекеттік тілде сөйлеуге болмай, орыс тілінде сөйлеуге болатындай Қазақстан заңдары жұмыс істемей, Ресейдің заңдары жұмыс істей ме?!

Осы орайда «Денсаулық сақтау министрлігінде мемлекеттік тілді меңгерген маман жоқ па?!.» деген заңды сауал туындайды.

Әлде, Ресей тілін түсінбейтін миллиондаған Қазақ Елі азаматтарының шектеуге ұшыраған құқығы осылай күнде көз алдымызда таптала бере ме?

Бұдан Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған Қазақстанда Мемлекеттік тіл туралы Конституциялық және заңдық талаптардың барлығы бос сөз екеніне көзіміз жетеді.

Сондықтан да Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау туралы Ашық хатқа үш күнде 30 мыңнан аса қол жинаған халық бұл ең маңызды мемлекеттік мәселені қатты талап етіп отыр!