Қазыбек Иса: ҚҰЛ ҚОЖАЙЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУГЕ ҚҰМАР

Ал сыннан қорытынды шығарған Орталық Коммуникациялар қызметіне рахмет айтамыз

Пандемия деген әлемдік індеттен үрейленіп, үйінде отырған елдің зор назарын аударған "БАС САНИТАРДЫҢ РЕСЕЙ ТІЛІНДЕГІ СӨЗІН МИНИСТР АУДАРЫП БЕРЕ МЕ?" деген мақаламызды бір тәулікте "Қазақ үн" сайтында 10 мыңнан аса оқырман оқып, көптеген пікір жазылды. Ал Фейсбук парақшамызда 300-дей пікір жазылып, кемінде 200-ден аса адам бөлісіп жариялады. Бір жақсысы, билік айтқан сынымызды бірден қолға алды. Президент жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметіне рахмет,  біздің сынымызда айтылған кемшіліктерін бірден түзеді. Кеше Орталықта брифинг өткізгендердің бәрі алдымен мемлекеттік тілде сөйледі. Тіпті, "Қазпошта" басшыларына көп рахмет айтамыз! Олар жәрдемақы мен зейнетақы төлеу мәселелерін мемлекеттік тілде жақсылап түсіндіріп болғасын, орыс тілінде сөйлеуге рұқсат сұрады. Тарихта тұңғыш рет деп қосып қойсақ та болады! Жүргізуші модератор Әділбек Әбділовке (жоғары суретте) рахмет. Қазақ тілінде сөйлеуге қашыңқырып, шетте шеттеп отырған Цифрлық даму министрлігінің бір жауапты қызметкерінен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етті. "Жаудың қолына" түскендей қиналса да, әйтеуір қысқа болса да сөйлеген оған да рахмет! Цифрлық даму министрінің орынбасары да (аттары экранда жазылмады, басында таныстырып кеткен болар) модератордың сұрауымен алдымен қазақ тілінде түсіндірді, рахмет! Ал бүгін менің сын мақаламда аты аталған, бүгінге дейін үнемі тек Ресей тілінде сөйлеп келген  Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сәуле Қисықова тек қазақ тілінде сөйледі. Сыннан лезде қорытынды шығарған Қисықованың түзелгеніне көп рахмет айтамыз! Тек "бір қарын майды шіріткен бір құмалақ"- Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ильясов (суретте) болды! Қазақстанның Ақмола облысы емес, Ресейдің бір губерниясында тұрғандай шет тілінде сайрады да, мемлекеттік тілде бір ауыз да сөйлемей жоқ болды. Мемлекеттік тілде сөйлеу ойында да жоқ Сүлен Илиясовтың мәселесін тиісті орындар қарайды деп сенеміз. Әйтпесе, мемлекеттік тілді қорлаған мемлекеттік қызметкерлерді сотқа берушілер сол солтүстіктің, Көкшетаудың өзінде де көбейіп тұр қазір... Иә, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, Мемлекеттік қызметкерлер Мемлекеттік тілде сөйлесе, осылай рахмет айтатын мүшкіл жағдайда жүрміз әлі де... Дегенмен, бұндай оң өзгеріске қарап, "Еститін үкімет" деген ұстанымға елдің енді үміті ояна бастады деп білейік! Бір қуанарлығы, осы бір тәулікте менің мақалама жазылған 300-дей комментте елдің бәрі 100 пайыз қолдау білдірді. Тек болашағынан үміт күтіп жүрген өзіміздің заңгер ініміз Макиш Ескараевтың қазақ тілін қолдағанымызға қарсы болғаны ғана қарын аштырып, қанымызды қайнатты!.. Бұл да болса жақсы көрсеткіш - қарсылар 1 пайызға да жетпейді. Бұл ініміз тек өз комментін ғана оқиды ғой деймін, "Бас санитардың Ресей тіліндегі сөзін түсінбей отырған ешкімді көріп отырған жоқпын бұл жерде" деп соқты бүлк етпей! Осында Саяхат Сезімхан секілді Қазақ Елін аңсап келген талай қандасымыздың: "Біз Қазақстанға Ресей тілін үйренуге келген жоқпыз- Қазақ тілін талап етеміз" дегенін және бассым көпшіліктің "Бас санитардың шет тілінде айтқанын түк те түсінген жоқпыз, сонда ол кімдерге айтуда? Ресейдің Бас санитары ма ол, ендеше сонда барып айтсын" дегендерін оқымаған немесе өзіне жақпағасын оқығысы келмеген болар. Ал оның "Қазақ тілділер ғылымды білмейді" деген құлдық ұстанымының быт-шытын шығарып, ұлттық мүдде туралы сауатын ашып, "ликбез" өткізген әйгілі қазақ тілінің күрескері Руза Бейсенбайтегі апайымыз бастаған белгілі журналистер Әбдіғаппар Айдаров, Гүлмира Садық Махамбет Ерғали мен Райполда Бижанов және тағы басқаларға мың да бір алғыс айтамыз, Алла жар болсын! Қазақтың қаржысын ойып алып отырса да, Қазақ тілі туралы әңгіме шыға қалса, бірден бар жұмыстарын жиып қойып қарсы шығатын бірнеше басылымдар бар бізде! Солардың бірі "Караван" қазақтың белгілі қаламгері Дүрәлі Дүйсебайдың брифинг өткізушілердің көбісі орыс тілінде сөйлегендіктен, қазақ тілділер ақпарат ала алмай отырғанына қарсы Канат Тасибеков дегеннің "Қазақ тілінде сөйлемей-ақ қойсын, адам емдесе болды" деген ұстанымын білдіре қойды... Оның "90 пайыз қазақстандықтар орыс тілін түсінеді" деген қызармай айтқан қып-қызыл өтірігін неге сүйеніп айтқанын бір құдай білсін... Керісінше, 90 пайыздай қазақ тілді (елдің 88 пайыз қазақ тілін тұтынатыны ресми дерек) екенінде шаруасы жоқ ол "90 пайызды" өз айналасымен есептесе керек.... Бұл туралы әңгіме кейінірек бөлек болады. Қазақтың пұлын жақсы көргенмен тілін ұнатпай, қарсы шығудан танбайтын БАҚ-тарды тәртіпке шақырып, шаңыраққа қаратып қоятын кез баяғыда келді. Сонда Тәуелсіз елімізде әлі Ресей тілінде сөйлеп жүрген мемлекеттік қызметкерлер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақ тілі -ұлтаралық қатынас тілі болуы керек" дегенін естімегендер ме? Әлде олар жалпы Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын білмей ме? МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ТАЛАП ЕТСЕҢ, ЖАУДЫҢ ТІЛІН СҰРАП ЖАТҚАНДАЙ ЖАНДАРЫ ШЫҒАТЫНДАР ЖАУЛАР МА СОНДА?!. Иә, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтсе де "Мемлекеттік тілді заңмен мәжбүрлеуге әлі ерте" деп, Қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде дамуына қарсы болатындарды - Қазақ тіліне - Мемлекеттік тілге - Мемлекеттік мүддеге қарсы шығатындарды жаулар демей, кім дейміз сонда? Ондай құл саналылар біздің билікте, Үкіметте, министрлер мен әкімдер, депутаттар арасында, мемлекеттік қызметкерлердің ішінде әлі көп өкінішке орай! Бұдан шығатын қорытынды - ең алдымен Мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлейтін Мемлекеттік тіл туралы заң керек. Өйткені олар, алдымен ана тілдерін білмейтін құлдық саналылар әрқашан өздерін ақтап алуға, сөйтіп өздерінің рухани мүгедектіктерін заңды етуге, яғни солай болуға тиіс деп, олардың мұндай Ресей тілінде сөйлей беретін комфортттық жағдайларын өзгертуге қарсы шығуға дайын тұрады. Себебі Құлдар қожайын тілінде сөйлеуге құлықты және құмар болады. Осыдан он бес жыл бұрын өмір бойы орыстілділердің жағдайын жасаумен келе жатқан, сол үшін мемлекеттік тіліміздің мемлекеттік деңгейін төмендеткен Тұңғыш Президент - Елбасымыз Н.Назарбаев күйіп кеткен болуы керек: "Осы уақытқа дейін, он бес жылдың ішінде аю да қазақша үйреніп алатын уақыт болды ғой" дегені бар еді қол астындағыларға. Ал қазір отыз жыл болды! Енді Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев "Аюға намаз үйреткен -таяқ" дейтін кезеңге өтіп, Мемлекеттік тілді мәжбүрлейтін заң қабылдауды бастауы керек! Мемлекет басшысының қатал пәрменімен індетіміздің - коронавирустың жайылуы кеміп келеді. Ал құлдық вирусты тек тегеурінді заң ғана жоя алады. Өйткені, Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлері отыз жылда қаншама миллиардтар жұмсалғанмен мемлекеттік тілде отыз сөз де үйренген жоқ! Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі.