"Жойып жіберу керек": Соловьевтің сөзі қоғам наразылығын туғызды (видео)

Былтыр маусым айында Ресейдің федеративтік арнасында «Вечер с Владимиром Соловьевым» дейтін хабарда орыстың өңкей саржағал саясатшысымақтары жиылып, Ресей шекараларына жақын орналасқан АҚШ-тың биологиялық зертханалары туралы талқы жасапты, - деп хабарлайды abai.kz.

Содан қызды-қыздыға келгенде, әуелден про-кремлдік идеологияның айтақтағы абалағына айналған Владимир Соловьев қожайыны басқарып отырған елге бөтен пиғылдылар қауіп төндіріп тұр деген үреймен, жат та кеп алаңдапты. Соловьевтің сөзінше, АҚШ Ресей шекарасына жақын жерде биологиялық бомба орналастырған-мыс. Және онысы Қазақстанда екен, тағы.

«Украина, Грузия, Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Өзбекстанда Пентагонның бақылауымен және қаражатымен американдық биологиялық зертханалар жұмыс істейді. Ресми түрде олардың міндеті - қауіпті инфекциялар мен вирустарды зерттеу. Ал, шын мәнінде, олардың қызметкерлері биологиялық материал жинайды. Ең алдымен Ресей азаматтарынан. Қауіпті аурулардың қоздырғыштарын бактериологиялық қару ретінде пайдалану технологиясы жасалуда. Оны адамдар, жануарлар мен өсімдіктер арасындағы инфекцияның туындауымен сылтаурату - американың астыртын соғыс концепциясына сәйкес келеді»,- дейді.

Сол хабарға сарапшы боп қатысқан Дума депутаты, Ресейдің бұрынғы бас дәрігері Геннадий Онищенко дейтін адам бүкіл әлемде АҚШ армиясының 22 мамандандырылған ғылыми институттары жұмыс істеп жатқанын айтып, Соловьевтің сөзін шоқтандыра түсіпті.

«Солардың бірі Владимир Волфовичтің отаны (Жириновский Қазақстанда туған –ред.) Қазақстанда. Өткен жылы олар Алексеевкаға қарағанда анағұрлым үлкен зертхананы тапсырды. Онда барлық вирустармен және қауіптіліктің ең жоғары деңгейімен жұмыс жасай аласыз. Оның үстіне әскери микробиологтар жұмыс істейді», -депті Онищенко.

Әлгіні ести сала, жаңағы Соловьев зертханаларды жойып жіберу керек, деген ұсыныс-пікірін айтады.

«Ал, оны жойып жіберуге бола ма? Егер оның қайда орналасқанын білсек, не істеу керек? Жай ғана жойып жіберу керек», -дейді. Дейді де, Израилдің ұлттық қауіпсіздік шараларын, оның ішінде басқа елдердегі қауіп-қатерді күшпен жоятын тәжірибесін мысал етеді.

Ал Онищенко бомбалау арқылы мәселе шешілмейтінін алға тартып сөйлейді.

«Сіз зертханаларды бомбалағыңыз келе ме? Елестетіп көріңізші, Алматыда миллиондаған адам бар. Ол жерде менің обаға қарсы институтым болған. Мен оны Одақтың Денсаулық сақтау министрлігінде жүріп бақылап, басқарып отырдым. Ол кезде қаланың шетінде тұрды. Қазір ол қаланың орталығында. Оны жойып жібере аласыз ба?»,- дейді.