Айдос САРЫМ: Билiк өз халқына нақақтан-нақақ оқ атпауы керегiн қауым болып жеткiзуге тиiспiз.

Бүгiнгi жиынның негiзгi мақсаты – қоғамда қантөгiс болдырмаудың жолдарын қарастыру. 27 наурызда Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот отырыстары басталмақ. Осыған байланысты ең басты мақсатымыз – елдегi зиялыларды жинап, халықтың сөзiн сөйлейтiн қауымның барын көрсету. Мемлекеттiң басты құндылығының бiрi тәуелсiздiк болса, адамның өмiрi – ең жоғары дәрежедегi құндылық. Адамның ары тапталып, қаны төгiлген жерде мемлекет те болмайды, Алаш идеясы да, басқасы да дамымайды. Форумға жиналған қауым осында айтылған жайттарды қандай жолмен болса да, билiкке жеткiзуi керек. Жаңаөзендегi қан­төгiстен кейiн елдiң, халықтың бар екенiн бiлдiру мақсатында осындай алқалы жиын өткiзудi ұйымдастырдық. Билiк өз халқына нақақтан-нақақ оқ атпауы керегiн қауым болып жеткiзуге тиiспiз. Қоғам iшiнде болған келеңсiздiктердi ашық айтуымыз керек. Өзара түсiнiстiк, сенiм болмай, ешбiр iс алға бастамайды. Осы өзара байланыс ең алдымен, зиялы қауымның арасында орнауы керек. Қоғамдағы өз орнымызды айқындау арқылы, шындықты айтып, халыққа қарайласу әрбiрiмiздiң парызымыз. Ең болмаса, осындай жиында бас қосып, ортақ мәмiлеге келiп, құжаттар қабылдасақ деген мақсат болды. Сонымен қатар алдағы уақытта өтетiн Жаңаөзен iсiне қатысты соттың ашық, әдiл өту мәселесi бүгiнгi күннiң басты тақырыбы болып отыр. Қанды оқиғаға қатысты әрбiр шенеунiк, полицей түрiне, түсiне, туыстық қарым-қатынасына қарамастан тиiстi жазасын алуын талап етуiмiз керек. Заң алдында кiнәлiлердiң басын идiрiп, ел алдында қарабет етейiк. Келешек тарих Жаңаөзен трагедиясына өз бағасын бере жатар.
Бiрiншi талап – Жаңаөзеннiң мәселесiне саяси, тарихи, құқықтық баға берудi талап ету. Екiншiден, қазiргi таңда нақақтан-нақақ қуғын-сүргiнге түскен азаматтарды сол репрессивтiк-тоталитарлық қысымнан арашалау. Қазақтың қаны үшiн Жаңаөзенге дейiнгi Шаңырақ оқи­ғасын да естен шығармаған жөн. Ол кезде де әлеуметтiк мәселенiң соңы шиеленiсiп, халыққа қарсы оқ атылмаса да, Шаңырақ оқиғасы тарихта қаралы күнге айналды. Мұндай мәселе елiмiздiң барлық өңiрiнде болуда. Өкiнiшке қарай, өз құқығын талап еткен қарапайым азаматтар жазықсыз түрмеге қамалуда. Егер билiк Жаңа­өзен оқиғасынан кейiн сабақ алған болса, онда қазiргi кезде қамауға алын­ған азаматтарға әдiл шешiм шығарып, қажет болса бостандыққа шығаруы керек. Маңғыстау облысы – кедейшiлiктiң ең жоғары көрсеткiшi деуге болады. Қазақтар қалың орналасқан басқа аймақтарда да жағдай осындай. Сондықтан әлеуметтiк-саясатты жүргiзу жүйесiн жасау керек. Келесi мәселе – қайткенде өз азаматтарымызды оққа байламауға болады? Ауыл, аудан, қала, облыстағы шырылдаған халықтың үнiн билiкке жеткiзуге болады? Осыған байланысты төмендегiдей нақты талаптарды ұсынамыз:
1)            қоғамның iшiнде демократиялық құндылықтарды алға сүйрейтiн белгiлi бiр мемлекеттiк немесе ұлттық қозғалыс, кеңес қуруымыз керек;
2)            аймақтық мәселенi шешуге 15 миллион халықтың он бес мыңының қолдаған мәселесi үкiметтiк деңгейде шешiлсе;
3)            ал ауыл-аудандағы мәселе 1500 және 150 адамның талабы арқылы өз деңгейiнде шешiлсе. Сонда әдiлеттiк iздеп ауыл халқы Астана мен Алматыға шапқыламас едi.
4)            бүкiл қазақстандықтарға ар­нал­ған қоғамдық телеарна керек. Ал мемлекеттiк БАҚ-қа айына кем дегенде бiр рет кез келген саяси ұйымның мұң-мұқтажын айтуына мүмкiндiк берiлсе.
Қорыта айтқанда, қоғамдағы проблемаларды дер кезiнде жоғары жаққа жеткiзiп отыратын арнайы бiр ұйым болғаны дұрыс. Осылай жиi-жиi бас қосып, келелi мәселенiң түйiнiн тарқатуға күш салғанымыз жөн болар едi.