Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: ЖАҢАӨЗЕН ҚАТЕЛIКТЕРI ҚАЙТАЛАНБАУЫ ТИIС! Оппозицияда бiрлiк жоқ. Ал екiжүздiлердiң қаупі автомат ұстап, оқ ат­қаннан кем түспес.

Жиырмаға жуық адамның өмiрiн жойған, жүзден астам адамды жарақаттаған Жаңаөзен мен Шетпедегi қанды қырғын – Қазақстан тарихындағы ең бiр сорақы да масқара қылмыс. Бұл лаңкес­тердiң немесе бандиттiк топтардың жасаған сойқаны емес. Мемлекеттiң, билiктiң өз халқына қарсы жасаған қылмысы. Азаматтардың құқығы мен қауiпсiздiгiн қорғауға тиiстi органдардың қызмет­керлерi өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланып, бейбiт халыққа оқ атты. Бiз мұны 1905 жылғы патша жандармериясының өтiнiшпен келген қарусыз халыққа кезенiп тұрып оқ боратқан “қанды жексенбiсiмен” бiрдей оқиға деп баға­лаймыз. Бiз мұны өзiнiң президенттiк билiгiн сақтап қалу үшiн қырғыз қандас­тарын аяусыз атқызған бакиевшiлердiң жауыздығымен салыстырамыз.
Қасiреттi оқиғаның орын алуының мынандай басты себептерiн атап өтейiк. Бiрiншiден, жұмыс берушiлер мен мұнайшылар арасындағы қатардағы еңбек да­уын әдiлеттi шешуге мемлекет, яғни билiк басындағылар мүдделiлiк танытқан жоқ.
Өзiн мемлекеттiң қожасы санайтын билiк тұтқасын ұстағандар үшiн қарапа­йым адамдардың мүддесiнен гөрi өз­дерiнiң жеке мүддесi жоғары тұрады. Сегiз айға жуық ереуiлдеген, табандылық таныт­қан мұнайшылар талабының дұрыс екенiн президент Н.Назарбаевтың өзi де мойындады. Көптеген адам өлiмiнен кейiн. Мемлекет басшысы өз қателiгiн өте кеш түсiндi. Бiрақ онысы үшiн халықтан кешiрiм сұрамады. Бұл – көшбасшы аталып жүрген адамның көштен, яғни халықтан әбден алыстап кеткенiн көрсетедi және қайта-қайта тоқсан пайыздан түспей “сайлай” беретiн сол халықтан жерiгенiн, сайлауды онсыз-ақ (сайлаушыларсыз) өткiзетiнiне сенгендiгiн ай­ғақтайды. Тоқетерi: көш – жұртта қалды, басшы – аспанда қалықтады. Ал лидер­дiң ләппай тақсырлары халыққа басқаша қалай қарасын. Бас уәзiр К.Мәсiмов соншама уақыт iшiнде мұнайшылардың еңбек­ақысына қатысты мәселенi үкiмет отырысында қарап, шешiм қабылдаса қайда жүрдi? Әлеуметпен айналысатын нөкершелердiң бiрi – Г.Әбдi­халықова ханым не бiтiрiптi? Олардың төл мiндетi бол­ғаны, сол үшiн айлық-шайлық алғаны үшiн ғана айтамыз.
Демек, мәселе отбасының мүшесi, мұнай акциясы уысына тарлық етпейтiн, әрi “Самұрық-Қазынаның” тiзгiнiн иеленген, сол арқылы мұнай мен газ саласына басшылық еткен Тимур Құлыбаевқа барып тiреледi. Мұнайшылардың заңды талаптарын орындау олар үшiн бiр емес, екi ұтылыс болар едi.   Бiрiншiсi – саяси тұрғыдағы жеңiлiс. Ереуiлдегендердiң дегенiне көне берсең басқа шығады, әрi ол өте қауiптi, жұқпалы дерттей басқа салаларға және басқа аймақтарға таралып кетуi ықтимал. Елде ереуiлге итермелеп тұрған әлеуметтiк, сая­си наразылықтар жетерлiк. Алдағы парламент сайлауының соңы жаппай бас көтеруге ұласып кетуi әбден мүмкiн. Сондықтан оған жол бермей, әуел бастан басып-жаншып тастау керек дейтiн патша пиғыл басым түстi. Екiншiсi – қаржылық ұтылыс. 1,8 коэффицент бойынша төлем жасауды ертең-ақ өзге де мұнайшылардың талап етерi сөзсiз. Мыңдаған жұмысшыларға ай сайын миллиондар, жыл iшiнде миллиардтар кетедi.
 Мұнайшылардың талабын орындауға кедергi келтiрген үшiншi тағы бiр себеп бар. Ол – мұнайдағы қытайлықтардың үлесiнiң болуы. “Қаражанбасмұнайдың” 50 пайызына қожалық еткен қытайдың алдында құрдай жорғалайтындай күй­демiз. Соңғы бес жылда Қытайдан қарыз алғыш болдық. Құдды нағашымыз секiлдi. Емiнiп сұрай беремiз, олар да құр қол қайтармайды. Мойнымыздағы қарызымыз жиырма миллиард доллардан асты! Бұйыртса да, бұйыртпаса да екi миллиардты тағы аламыз. Мұндай кiрiптарлық жағдайда Қытайдың қас-қабағына қарамай көр. Кәсiподақ қайраткерi Н.Соколованы “ әлеуметтiк араздықты қоздырушы” деп шағымданған кiм, сол арызбен жетi жылға соттап тынған кiм? Бәрiңiз бiлесiз. Батыс, Еуропа елдерi, халықаралық ұйымдар оған ара түстi. Егер ол жақтың ықпалы болмаса жазасын жеңiлдетiп, бостандыққа шығармас та едi.
Қасiреттi оқиғаның орын алуына екiншiден, қоғамның өз енжарлығы да себеп болды. Саяси ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер, зиялы қауым өкiлдерi халықты соңынан ертiп, оған жетекшiлiк ете алмады. Барлық билiктi бiр кiсiнiң – Н.Назарбаевтың қолына шоғырландырған авторитарлық-тоталитарлық жүйеде, демократия орнықпаған, сөз бостандығы шектеулi елде оның қиын екенi де рас. Шынайы оппозициялық партиялар арасында толыққанды бiрлiк жоқ. Тiптi бiр партияның өз iшiндегi ырың-жырыңға қарап түңiлесiң. Барлық демократиялық күштердi, зиялыларды, ұлт патриоттарын топтастыратын уақыт жеттi.
Жаңаөзен мен Шетпедегi жантүршi­герлiк қасiреттi жағдай Елге, ел азаматтарына сын болды. Кiмнiң кiм екенi одан әрi айқындалды. Көптiң алдында көлбеңдеп жүргендердiң бiразының бет-бейнесi ашылды. Билiк басындағыларға жағынудан алдына жансалмастар мен сүйiм­паздар туралы сөз шығындамасақ та жетер. Бiздiң айтпағымыз басқа. Мемлекет­тiк және билiк ықпалындағы ақпарат құралдары арқылы жаңаөзендiктер мен шетпелiктердi сабырға шақырған қисынының арасында оларға кiнә артып, тiптi айыптауға дейiн барғандарды көрдiк. Өкiнiштiсi сол, әлгiлердiң iшiнде ұлтқа, қазаққа жанашырлық танытады-ау дейтiн азаматтардың жүргенi. 1986-ның синдромы қайталанды. Интелигенцияның бiраз өкiлдерi иттiк жасады. Екiжүздiлiк­пен өмiр сүретiндердiң автомат ұстап оқ ат­қаннан қаупi кем түспес. Өйткенi олар адамдардың СЕНIМIН өлтiредi. Желтоқсан күресi басып-жаншылғаннан кейiнгi идеологиялық ми шайқау науқанында жарияланған мақаласы үшiн жер басқан есiлбаевтар әлi де бар екен. “Правда” орнын кәдiмгi қазақ газеттерi басыпты. "Егеменi", " айқыны-пайқыны" бар...
Қанды қасiрет кезiнде нағыз азаматтығын танытқан Темiрхан Медетбек, Иран Ғайып, Софы Сматаев, Мұхтар Мағауин, Амангелдi Кеңшiлiкұлы, Қабдеш Жұмадiлов, Ғаббас Қабышұлы, Мұхтар Шаханов, Тұрсынбек Кәкiшев, Ұлықбек Есдәулет, Серiк Тұрғынбек, Тұрсын Жұртбай, Назарбек Қанапияұлы, Бауыржан Қарабек, Есенғали Раушанов, Ба­уыржан Халиолла сияқты басқа да ақын- жазушылар өлеңдерiмен, мақалаларымен, сөздерiмен қаралы халықты жұбатты, көңiлдерiне дем, жүректерiне жiгер бердi. Билiктiң қылмысты әрекетiн әшкереледi, қатыгездiктi, жауыздықты айыптады. Халыққа қарсы оқ атуды дереу тоқтатуды талап еткен жеделхатқа, оқ атуға бұйрық бергендердi және оны орындағандарды анықтап, жазалауды, қайтыс болғандар мен жараланғандарға жәрдем­десудi талап еткен ашық хаттарға қолдарын қойған барлық азаматтарға рахмет айтамыз. Жасыратыны жоқ, дайындаған хаттарымызға қол қойғаннан жалтарғандар да болды...
Бiз Жаңаөзенге барған сапарларымызда көңiлге мынаны түйiп қайттық. Қылмыстың мемлекеттiк деңгейде жасал­ғандығын. Оның алдын алудың орнына, керiсiнше қолайлы жағдайлар туғызыл­ғанын. Адамдарды атуға Астанадан келiсiм болмаса, оның iске аспайтынын. Құқық қорғаушылардың адамдарды қорлаушыларға айналғанын. Олардың моральдық тұрғыдан әбден азғындағанын. Дәрiгерлердiң, мәйiтханадағылардың, прокуратура, полиция қызметкерлерiнiң, күштiк құрылымдар жауынгерлерiнiң қасiрет-қайғыдағы адамдардан ақша алған, “бизнес” жасаған арсыздығына дауа жоқтығын.
Азаматтардың Конституцияда, заңдарда көрсетiлген құқығын аяққа таптаудың түкке тұрмайтынын. Жасалған қылмысты өздерiнен өзгелерге аударып тастау, iздерiн жасыру үшiн ешнәрседен тайынбайтындықтарын.
В.Козловтың, И.Винявскийдiң, А.Әмiрованың, С.Сапарғалидың қамауға алынуы, Б.Атабаевтың, Ж.Мамайдың қуғындалуы осының бiр мысалы. Бiз мұндай қуғын-сүргiндi тоқтатуды талап етемiз!
Билiк пен халықтың арасы қатты ажыраған, олигархтық, отбасылық, топтық мүдделердiң қақтығысы, мемлекеттiк билiктiң дағдарысы басталған, адамдардың едәуiр бөлiгiн сенiмсiздiк пен үрей билеген, жем­қорлық елдi тұтас жайлаған, қымбатшылық қысқан кезеңде өмiр сүрiп отырмыз. Қазақстан тәуелсiздiгiне төнген қатер және бар. Дәл осындай алмағайып заманда Елiн ойлар Ерлер керек. Ұлтты ұйыстыратын, жөнсiз кеткен билiкке тоқтам салатын пәрмендi күш қажет. Турашыл, намысшыл, батыл да батымды, абыро­йын атақ пен ақшаға айырбастамайтын, тәуекелге бел буатын, елдiң қамын ойлай бiлетiн азаматтардың – зиялы қауымның, халық өкiлдерiнiң бiрлiгi ғана тұйықтан шығарады. Пәрмендi күш осы. Халық сiздерге үмiт артады. Өткен жолғы “Жас Алаштың” бастамасымен болған басқосу жиынында зиялы қауымның бар екенiн дәлелдедiңiздер. Бұл жолғы үлкен жиында iскерлiктiң, ауызбiр­лiк­тiң, белсендiлiктiң өнегесiн көр­сетiп, алдағы уақытта ел аманатын ақтайтындарыңызға сенемiз. Жаңа­өзен құрбандарының алдындағы қарызды өтеуге,ондай қасiреттiң қайталануына жол бермеуге бiз бәрiмiз мiн­деттiмiз!