42500 теңгені Telegram-бот арқылы алудың жолы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Төтенше жағдайлар кезеңінде табысынан айырылуына байланысты азаматтардың Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алуға өтініш беру рәсімін жеңілдету үшін арнайы Telegram – ботты іске қосады.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, - деп жазды baq.kz.

EGov-ке (Электрондық үкімет порталы) кіру үшін компьютеры жоқ адамдар бар. Біз Telegram-ботындағы жұмыстарды аяқтап және таңертеңнен бастап ұялы телефон арқылы да өтініш беруді ұсынамыз. Ол үшін қосымшаны жүктеп алу қажет, өз деректеріңізді – ТАӘ, ЖСН және банктік шотыңыздың нөмірін енгізіп, "42 500 теңге төлем" қызметті таңдап, SMS-хабарлама арқылы пароль алу және бекіту қажет. Яғни, біз осылайша бәрін жеңілдетеміз, – деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбекминінің басшысы азаматтардан әлеуметтік төлемдер алуға өтініш берген кезде деректерді жауапкершілікпен толтыруды сұрады.

Ең бірінші, Сізден мәліметтеріңізді дұрыс толтыруды сұраймыз. Бар болғаны үш баған: аты-жөні, ЖСН және карта шоты. Дос, таныс емес, өзіңіздің жеке шотыңызды көрсету керек! Өйткені әлеуметтік төлемді тағайындауда сіздің тегіңіз карточка иесімен салыстырылатын болады, – деп атап өтті министр.

Telegram бот арқылы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алуға өтініш жасау үшін келесі әрекеттерді орындау қажет:

1-қадам: Өтініш беруші Telegram-ға кіріп, "EgovKzBot2.0" іздеп табу керек;

2-қадам: "Төтенше жағдай кезінде 42 500 төлеу" қызметін таңдайды;

3-қадам: Өтінішті қалыптастыру үшін қажетті деректерді толтырады, өз деректерін көрсетеді. Деректерді жібереді.

4-қадам: Өтініш "Еңбек нарығы" ақпараттық жүйесіне келіп түседі, 1 күн ішінде деректер тексеруден өтеді (бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің өтініштері тексеруден өтпейді);

5-қадам: Ақпарат "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-қа өтінішті өңдеу үшін "Е-Макет" ақпараттық жүйесіне 1 күн ішінде түседі;

6-қадам: "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ жәрдемақы тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-ға өтініш жібереді;

7-қадам: Telegram-ға әлеуметтік төлемнің тағайындалуы туралы жауап жіберіледі.

Төлемді жүзеге асыру ЕДБ-дағы төлем алушының шотына аудару арқылы жүргізілетін болады.

Telegram-бот ағымдағы жылғы 2 сәуірден бастап жұмыс істей бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдайлар кезінде табысынан айырылу жағдайларына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем мөлшері айына 42,5 мың теңгені құрайды (ең төменгі жалақы), ол келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады:

- орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;

- жеке кәсіпкерлер (бұдан әрі – ЖК);

- жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (бұдан әрі – ЖП);

- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (бұдан әрі – БЖТ);

- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС) бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлейтін адамдар;

- карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.