ДАҒДАРЫС ПЕН ІНДЕТ НЕ ДЕЙДІ?
2020 ж. 03 сәуір
1790
0
( БҮГІНГІ КҮННІҢ МЫСАЛЫ)
Жазушылар, журналистер шығармаларын жазу барысында түрлі жанрлар мен бірқатар баяндау тәсілдерін қолданатыны белгілі. Өз ойын жеткізу үшін тасқа да тіл бітіріп, «аузына» сөз салып қоятын кездері болады. «Қазақ үні» газеті де бұл әдістерді қолданып келе жатқанын біздің қалың оқырмандарымыз жақсы біледі. Айталық, басылымда жарияланған Қазақ пен Дағдарыс арасындағы әңгімелер. Карантин кесірінен үйде іштеріңіз пысып отырған шығар, мына бір кезекті әңгімені оқи отырыңыздар. *** –Ассалаумалейкум, басына тәжі киген Індет інішегім! Көріспегелі көп болды, Қазақ елінің байтақ жерінде кездесіп қалған екенбіз, біраз әңгіме соғып, кеңірек отырып шер тарқатып алсақ қайтеді? – Ni hao, Дағдарыс мырза! Біріншіден, мен саған іні емес, аға боламын. Мен мына жарық дүниеге, жер бетіне сенен әлдеқайда бұрын келгенмін, сондықтан үлкенге деген ізетті ұмытпа. – Мақұл, жас жағына да, бас жағына да барыспай-ақ қоялық. Сәлеміңе қарасам қаның да, жаның да қытайлыққа ұқсайды. Өзің қазақ жеріне қай жақтан желдей есіп жеттің? Қаһарың мен қарқының тым қатты сияқты. Сен шекараға жетпей жатып халық үй-үйлеріне тығылып, есіктерін кілттеп алды ғой. –Туған елім Қытайдан бастап әлемнің талай жерін, көптеген мемлекеттерді аралап шықтым. Құдайын ұмытып кеткендердің біразын тәубасына келтірген секілдімін. Ал мына елдің қорқып қораға тығылғаны көрінбейді. Бұл өзі бір бейқам халық па деп қалдым. Жер жүзіндегі жұрт ұлардай шулап жатса, бұлардың кейбірі ас беріп, той тойлап жатыр жайбарақат. Жауапкершілігі мол басшысы бар елдер алдынала қамданып, халқын қорғап қалуға шұғыл әрекет етуде... –Ағатай, қазақтарды көп қинай бермеші! Бұлар да алып шаһарларына карантин жариялап, кіретін-шығатын есік-тесіктердің бәрін бітеп тастады. Өздері қойдан жуас момын халық. Онсыз да жүздеген жылдар алыс-жақындағыдан, сырттағыдан да, іштегіден де қысым көріп келеді.Дінінен айрылып қала жаздап естерін әзер жиды. Құдайымның өзі әкеліп қолына ұстата салған тәуелсіздікті алған отыз жылда тым құрыса ана тілдерін дұрыс қолданысқа енгізе алмай әуре боп жүр бейшаралар. Экономикалық жағдайы да оңып тұрған жоқ, жемқорлар жаулап алған. Ішіндегі билік басына шығып алған пысықайлары ата-бабалары аманат етіп кеткен қасиетті жерін сататын заң шығарып алып, төмендегі қарапайым халқын шулатып қойды. Жерінен айырылса мүлдем жетім күйге түскелі тұр, қазақтарға кеңшілік көрсетейік,мейрімділік танытайық! –Дағдарыс, байқаймын сенің қазақтарға бүйрегің бұрып тұратын сияқты. Неғып жаның аши қалды оларға? Соған қарағанда қазақтардан пара алып қойғанға ұқсайсың. Естуімше бұлар пара беру мен пара алудан алдына жан салмайды. Әсіресе басшылары топ-тобымен түрмеге қамалып жатса да парасыз, жемқорлықсыз тұра алмайтын көрінеді. Сондықтан кішкене тәубасына келтіріп қойғанның артықшылығы жоқ. –Құдай сақтасын, пара алған жоқпын! Күннің жарығын көрмей кетейін, дүние жүзі жайнап-гүлденіп кетсін, ондай пиғыл менде болған емес. Қазақтың жері кең, мен осында тұрақты тіркеуге тұрғаныма отыз жылдай болып қалды. Сенбесең төлқұжатымды көрсетейін. Уақытымның басым бөлігін осында өткіземін, сондықтан да қазақтарды жақсы білемін. Оларды жақсы көретінім де рас, кәдімгідей бауыр басып қалыппын... –Төлқұжатыңды тексеретін мен саған көшеде қарапайым адамдардың қалтасын қағатын полиция емеспін. Қайда жүрсең онда жүр, онда менің шаруам жоқ. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деуші еді, сен де қазақ болып кеткенсің бе? Жер жүзіндегі жұрт жанын қайда қоярын білмей жатса, сен әңгіме соғайық дейсің. Соған қарағанда жағаң жайлауда, төбең қыстауда, ішкі есебің түгел сияқты. –Түгел болғанда қандай! Бұл жерде елді дағдарысқа түсіру үшін күш кетіріп қиналудың түк те қажеті жоқ. Үкіметі қыруар қаржы бөліп, түрлі бағдарламаны көпіртіп қабылдайды, мені ренжітіп алмас үшін бе, сол жоспарларының біреуін де толық орындамайды.Қазақтың қонақжайлылығы қандай десеңші! Кім келсе де асты-үстіне түсіп, құдасындай күтіп алады. Өз халқына ештеңе беремесе де, өзгелер үшін өзегін жұлып береді. Керек десең, ана бір жылдары менің құрметіме жаңа туған балаларын Дағдарыс деп атады ғой! –Сол да сөз болып па?! Жақында ғана Үнді елінде болғанымда, менің келу құрметіме бір отбасы нәрестесін Корона деп атады! Қазақтар да енді дүниеге келген балаларын менің атыммен атайтын шығар? –Атайды, атайды! Тәжіғұл, Тәжігүлерді өз көзіңмен көретін боласың! Оған күмәнданудың қажеті жоқ. Тек қинамасаң болғаны, бұлар онсыз да саны өспей жатқан ұлт. –Адам санын өсіру де мәселе болып па?! Әлде еркектері белсіз, әйелдері бедеу болып қалған ба?Дәп қасында көрші отырған біздің қытайлықтардан үйренбей ме?! –Жоқ, адам санын өсіру қолдарынан келеді, соған лайықты жағдайлары болмай жатыр ғой. Жастардың көбісі жұмыссыз, жұмысы барлардың жалақысы мардымсыз. Миллиондаған адамдар несие қарызын төлеуде. Мыңдаған жас отбасылары балаларын жетектеп пәтерден пәтерге көшіп жүр. Басында баспанасы болмаған соң ұрпағын қалай өсіріп, қалай тәрбиелейді?.. –Бұл елде мемлекет басшылары жоқ па, солар шешпей ме бұл мәселені? Менің білуімше қазақ жерінің қазба байлығы мол, соны пайдаланбай ма? –Айттым ғой жемқорлық жайлап алған деп, қаржының қайда кетіп жатқанын қарапайым бұқара білмейді. Халық есебінен тойынып алғандар бар байлықты бөксесіне басып алып былқ етпей отыр. –Ал, сонда сен не бітіріп жүрсің мына елде? Байлардың көкесін көзіне көрсетпейсің бе? –Шынымды айтсам соларға шамам жетпей қойды. Аздап қыса бастап едім, бар байлықтарын шетелге шығарып алып кетті. Одан әрі қылғындырсам қарапайым халық қиналатын болған соң амалсыз тоқтадым. Өзің келген соң ғана байлар қара халыққа аздап көмектесе бастады. –Халықтың өзі не бітіріп жүр, осылай арамтамақтарға жем болып отыра бере ме? «Көп қорқытады, терең батырады» демеуші ме еді... –Көшеге шығып шерулетіп көріп еді, полицейлері адамдарды көліктеріне қойша қамап алып кетті. Айыппұл салып, түрмеге қамап тастады. Ішінде мен де кете бардым. Он бес тәулік отырып, әзер шықтым. –Сонда сен де оппозиционер болып кеткенсің бе? Заң бойынша саған билікке де, оппозицияға да баруға болмайды ғой?! –Жоға, жай ғана барып көрейін дегенім ғой... –Солай де! Онда мен сол басшылармен өзім сөйлесіп көрейін, жандарын Жаһаннәмға жіберемін! –Ойбай, тоқта! Сабыр ет, Коронавирус мырза! Оларға тиісе көрме, бәлесінен аулақ! Он бес тәулікке отырған ештеңе емес, соңы жақсылықпен бітпейді. Әншейінде көпшілікті көзіне ілмейтін, төмендегілердің маңына жолай бермейтін басшылар сен қысқан соң қашып қарапайым халықтың ортасына кіріп кетіп ауру жұқтырады. Олар өздері ақшаның күшімен емделіп шығады, ал қалтасында соқыр тиыны жоқ бейшаралар сорлайды. Өтінем, тиіспей-ақ қойшы! Одан да өз жағдайыңды айтсаңшы. Көп шыға бермеуші едің, бұл жолы не себеп болды? –Мақұл, айтсам айтып берейін. Мен әдетте көзге көп көріне бермеймін, тыныш қана жатамын. Сол тыныштығымды мына адамдардың өздері бұзды. Бәрінен де жап-жақсы көріп жатқан түсімді тас-талқан етті ғой. Түс болғанда қанадай керемет түс, ондайды өмірімде көрген емеспін! Түсімде мен жер жүзінің жартысынан тұратын үлкен бір мемлекеттің патшасы болып сайланыппын. Мәрмәр тастан тұрғызылған алып сарайда мені ұлықтау рәсімі салтанатты түрде өтіп жатыр екен деймін.Әлемнің барлық елдерінің басшылары келіп құттықтап әлек. Әрқайсысы әдемі тілектері мен сый-сияпатын да аяп қалмады. Бәрін айт та, бірін айт, менің ата жауым – Медицина деген мықты мемлекеттің қаһарлы президенті Вакцина мырза да келіп аяғымды сүйді ғой. Сөйтіп Киіз кітапқа қолымды қойып ант беріп, мемлекеттің әнұраны орындалды. Содан басыма сап алтыннан жасалған тәжіні кигізіп,күміспен қапталған таққа отырғызып, жиналғандар ду қол шапалақтап жатқанда мына антұрғандар оятып жіберді. Қандай әдемі түсімді үзіп жіберген соң қайтіп ашуланбайсың?! –Ашуыңды бас, сабыр ет! Мына екпініңмен адамзат атаулыны қырып тастауың мүмкін. Жер бетінде тіршілік тоқтап қалады. –Сен мені қанішер, жауыз көріп тұрғандайсың. Жоқ олай емес, мен де бейбіт өмірді қалаймын. Бұлардан бар болғаны тазалық пен тәртіпті ғана талап етемін.Соның өзін бұлар дұрыс орындай алмайды.Тойымсыздар жер бетін қазып астан-кестенін шығарды, табиғатты ластап бітті.Әкелері ақшадан өлгендей өңештеріне тықпалап жатыр. Өз ұрпақтарының болашағын өздері ойламаса мен неге оларға қамқор болуым керек?Құртамын көздерін!.. –Сауға, батыр, сауға! «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген, тәжі киген басыңды төмендетіп қайтесің. Жүз жемқор үшін жер бетін жыландай жалмағаннан не ұтасың? Одан да еліңе барып, әдемі түсіңнің жалғасын көрмейсің бе?! Мына шығыс жақты бетке алып жүре берсең тез-ақ жетіп барасың. Қазақтар мәселесін өзім-ақ шеше жатармын. –Zàijiàn! –Не дейсің? –Келесі кездескенше деймін, мен кеттім! (Коронавирус құйындатып кете барды) Дағдарыс: «Құрып кет, енді көрмегенім сен бол! Айдалада тып-тыныш жатқан Алашта қай әкесінің құны қалыпты? Құрт-құмырсқаша қаптаған қытайларыңа ие болмайсың ба? Туысымнан да артық көретін қазағым аман болсын!..» Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz «Қазақ үні» газетінің №13-14(883-884) 06.04.2020ж-13.04.2020ж. саны.