Досжан Әміров: Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері
2020 ж. 29 наурыз
2598
0
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте…
Қадыр Мырза Әлі
Тіл - өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем, асыл ойдың бұлағы, ұлттың жан дүниесі. «Ана тілі- халық болып қалыптасқалы бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі» – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек. Ана тіліміз - анамыздың ақ сүтімен, бесік тербеп салған әнімен бойымызға сіңген, туған халқымыздың небір асыл жәдігерлерін заманымызға жеткізген қастерлі де қасиетті тіл. Ана тіліміз халқымыздың өткені, бүгінгісі, ертеңі, ал тілін жоғалтқан халықтың болашағы бұлыңғыр. Өйткені ел тәуелсіздігінің ең маңызды нысаны – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл – тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі болып саналады.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі «Тіл туралы» Заңының 4 - бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып бекітілді.
Ал, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының міндетті парызы болып табылады.
Олай болса, Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға және Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауда.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарылып келеді. Біздің міндетіміз - 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны кемінде 95 пайызды құрауы
тиіс» деп мемлекеттік тілдің позициясын нығайтуды басты жолға қойды. Алайда Елбасының осы тапсырмасы өз деңгейінде атқарылмауда.
Себебі тіліміз мемлекеттік мәртебе алғалы бері өз төріне шығып, қанатын кең жая алмай отыр. Мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейту және оны барлық салада толыққанды қолдану, жаппай мемлекеттік тілде сөйлеу сияқты мәселелер өз деңгейінде емес. Сот жүйесі және құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі әлі күнге дейін тиісінше орындалмай отыр.
Сот саласында сот ісін жүргізу тілінің тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабында, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 30-бабында нақты көрсетілген.
Алайда, құқық қорғау органдары мен сот ісін жүргізуде судьялар тарапынан осы екі заң талабы да толыққанды орындалмауда: I. тергеу органдарымен алғашқы тергеу кезінде жіберілген кемшіліктер соттар тарапынан ешбір сын ескертпесіз, түзетусіз қалуда.
Мәселен,
І. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады.
Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен 2019 жылы сот ісін жүргізу тіліне қатысты заң бұзушылықтар бойынша 18 жеке қаулы шығарылды, оның ішінде қылмыстық істер бойынша – 8, материалдар бойынша – 10.
1. Мәжітқан, Жомартова, Байменоваға қатысты мемлекеттік тілде тергелген қылмыстық істер бойынша алғашқы бірқатар құжаттар (оқиға орнын қарау хаттамасы, сараптама хаттамасы және т.б.) орыс тілінде толтырылған, ҚПК-нің 30-бабының талаптары бұзылды.
Мәжітқан Нүсіпхан қазақ, Қытай Халық Республикасында туған;
Жомартов қазақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. Байменов қазақ, Өзбекістан Республикасында туған.
2. Балтабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот ісін жүргізу тілі мемлекеттік тілден шет тілге негізсіз ауыстырылған, тергеуші алғашқы материал орыс тілінде жинақталды деп, сот ісін жүргізу тілін орыс тіліне өзгерткен, алайда заңда ондай негіз көзделмеген.
3. Қылмыстық істер бойынша қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасына рұқсат беру туралы материалдар бойынша жеке қаулылар мыналарға қатысты шығарылды:
Доскенов, қазақ, Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданында туған;
Оспанов қазақ, Қостанай облысы, Мендіқара ауданында туған;
Кутасевич, орыс, Ақмола облысы, Ерейментау ауданында туған;
Ищанов қазақ, Ресейде туған.
Жеке қаулыларында көрсетілгендей, сот ісін жүргізу тілі мемлекеттік тілінен орыс тіліне жеткіліксіз негіздермен өзгертілген, сот ісін жүргізу тілін ауыстырғанша бір қатар іс жүргізу құжаттары орыс тілінде толтырылған, күдіктілерден қай тілде оқығаны, орыс тілін жақсы игергені туралы анықталмаған.
Күдіктілер мен жәбірленушілердің ғана емес, куәлардың да айғақтарды ана тілінде беру құқығы сақталмайды.
2020 жылғы 17 қаңтарда Көкшетау қалалық сотында Соколға қатысты сотқа дейін кезеңінде орыс тілінде аудармашысыз куә Жолданғаров сұратылды, ұлты қазақ, Ақмола облысының тумасы.
Сотта куә айтқандай, ана тілінде айғақ беру құқығы оған түсіндірілмеген, орыс тілін ол нашар түсінеді, сондықтан сотта аудармашының қатысуымен сұратылды.
Істің материалдары бойынша анықталғандай, куәнің құқықтары оған тек қана орыс тілінде түсіндірілді, мемлекеттік тілде құқықтары түсіндірілмеген.
Жоғары баяндалғанның негізінде, ҚПК-нің 30-бабының талаптары бұзылғанына орай, куәнің уәждары дәлелдемелер қатарынан алынып тасталды.
Сот тарапынан да бұзушылықтар бар.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабының 3-бөлігіне сәйкес, іс бойынша iс жүргiзiлетін тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi түрде бiлмейтiн iске қатысатын адамдарға ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер және айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, iс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу, осы Кодексте белгiленген тәртiппен аудармашының қызметтерiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.
Мәселен, 2020 жылғы 6 ақпанда алқаның қарауынан Кусембаевқа қатысты қылмыстық іс бірінші сатыдағы сотқа қайтарылды, себебі іс бойынша жәбірленуші Сәрсенбай орыс тілін білмейді, сотта аудармашының қатысуымен сұратылды, бірақ үкімнің және сотталғанның шағымының көшірмелері оған аудармасыз берілді.
II. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады.
Бұл кез келген қылмыстық іс әу бастан тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керектігін, өкінішке орай, көп жағдайда тергеу органдары қылмыстық іс жүргізу тілін орыс немесе басқа да тілге уәжді қаулы шығармай тұрып, орыс тілінде жүргізіп, жоғарыда көрсетілген заң нормаларын, бұзуда. Сонымен қатар, күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу
туралы құқықтарын жан-жақты түсіндірмейді. Сол себептен қылмыстық істерді қарауда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көтерілмей отыр.
Көптеген жағдайларда тергеу амалдарын жүргізуші тұлға мемлекеттік тілді өзі жетік білмегендіктен, не болмаса бірлі – жарымды іске қатысушы азаматтар мемлекеттік тілді білмегендіктен аудармашы қатыстырып іс жүргізуге қиналғандықтан, оларға тәуелді айыпталушылардан «Осылай жеңіл болады» деген сылтаумен істің орысша жүргізілуін қалайтындығын, орыс тілін жетік білетіні туралы арыз алады да, істі орыс тілінде жүргізеді. Ал, күдіктіден оның мемлекеттік тілді білу деңгейі мен оның істі қазақ тілінде жүргізу пікірі анықтамайды.
Ал, ҚР ҚІЖК 320-322-баптарының талаптарына сай қылмыстық істер бойынша сотталушылар қазақ ұлтының тұлғалары болған кезде, судьялар істі қабылдап алу барысында жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты анықтап, принциптік баға беруі керек.
1. Егер соттың істі қабылдап алу сатысында айыпталушының тергеу амалдары жүргізілген орыс тілін жетік білмейтіні, істі мемлекеттік тілде жүргізу керектігін тергеу органдары толық түсіндірмей, айыпталушыдан орыс тілін білетіндігін, және оған байланысты тергеу амалдарын орыс тілінде жүргізгенге қарсы емеспін деген бір жапырақ қағаздың негізінде іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден уәжсіз себептермен басқа тілге ауыстырған жағдайда, тергеу амалдарының барлығын жарамсыз деп танып, істі прокурорға қайтарған дұрыс деп есептеймін. Өйткені бұл мәселеде осындай түбегейлі шешімге келмесек, тергеу органдары мемлекеттік тілге жақын арада бет бұра қоймайды.
2. Ал айыпталушы тергеу амалдарды жүргізген орыс тілді жетік біліп, алайда тергеуші іс жүргізу тілін ешбір уәжсіз заңсыз орыс тіліне аударған жағдайда, істің сотта қарау тілін қайтадан қазақ тіліне аударып, тергеушінің заң бұзушылығына жеке қаулы шығарумен шектелуі жеткілікті деп ойлаймын.
Осындай заң бұзушылықтардың салдарынан көптеген істер заңсыз орыс тілінде қаралуда.
Ақмола өңіріндегі халықтың 51% қазақ ұлты бола тұра, облыс соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші (2016 жылы – 1,3%, 2017 жылы – 3,3%, 2018 жылы - 3,8%) 2019 жылдың 12 айында – 5,0 %, ал 2020 жылдың 1 айында 5,5 % (республикалық көрсеткіш 9,5 %) ғана болуы - осының айғағы десек, бүгінгі күні Ақмола облысының соттары Елбасының мемлекеттік тіл мәселесі бойынша қойылған талаптарын іске асыру мақсатында мемлекеттік тілді дамыту саясатын, оның қолдану аясын кеңейте отырып насихаттауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізуде. Құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару салаларының, жергілікті бұқаралық-ақпарат таратушы мекемелерінің басшыларының, өкілдерінің қатысуларымен «дөңгелек үстелдер», семинарлар өткізілуінің
арқасында мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлесі 2016 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 3,7 % өсіп отыр, бірақ бұл көрсеткіш әрине көңіл көншітпейді.
Ал Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14 - бабының 1,2 бөліктерінің талаптарына сәйкес азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі. Ақмола облысы соттарымен барлық мемлекеттік тілде қаралған азаматтық істердің пайызы (2016 жылы – 0,8%; 2017 жылы -2,7%; 2018 жылы -3,0% ) 2019 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 3,5 %, ал 2020 жылдың 1 айында 4,2 % ғана құрайды.
Азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Өкінішке орай, жоғарыда келтірілген статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, бүгінгі күні судьялармен істерді зерделеу барысында мемлекеттік тілге тиісті дәрежеде мән берілмегендіктен, қазақ ұлты азаматтарына талап-арыздарды мемлекеттік тілде беру құқығы және іс жүргізу тілін мемлекеттік тілге ауыстыру мүмкін екендігі жөнінде түсіндірмеу салдарынан көп жағдайларда істер орыс тілінде қаралуда. Егер соттар тарапынан осы мәселе өз деңгейінде қолға алынса, азаматтық істерді мемлекеттік тілде қарау үлесі едәуір артар еді.
Облыс соттарымен жол берілген сот ісін жүргізу тілі туралы қағидаларының бұзушылықтары бойынша мысалдар.
Қазақстан Республикасы Азаматтық-процестік кодексінің 427-бабы 4-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, егер істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі туралы қағида бұзылған жағдайда, кез келген жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
1. Мәселен, Ыскақовтың азаматтық ісі бойынша Қайырболатовтан, «Kompetenz сақтандыру компаниясы» АҚ-нан материалдық нұқсанды өндіріп алу туралы Көкшетау қалалық сотының 2019 жылғы 23 сәуірдегі шешімінің күші жойылды.
Ысқақов талап арызды орыс тілінде берді. Көкшетау қалалық соты судьясының 2019 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымымен сот ісін жүргізі тілі – орыс тілі белгіленді.
Апелляциялық сатыдағы сотында анықталғандай, жауапкер сот ісін жүргізу тілін орыс тілін нашар білгендіктен, оған аудармашы берілді. Барлық сауалдарға ол мемлекеттік тілде жауап берді.
Тараптар түсіндіргендей, бірінші сатыдағы сотта оларға істі мемлекеттік тілде қарау құқығы түсіндірілмеген.
Талапкер айтқандай, талап арызды орыс тілінде адвокат дайындап берді, ал ол өзі мемлекеттік тілді жақсы біледі және мемлекеттік тілге көшуге қарсы емес.
АПК-нің 14-бабы 2-бөлігінің 3-абзацына сәйкес, егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою арызы (арыз) берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Сотқа дейін дайындау 2019 жылғы 3 сәуірдегі дыбыс-бейне жазбасынан анықталғандай, заңның мұндай ережесі не талапкерге, не жауапкерге түсіндірілмеген.
Іс жүргізу заңның жоғары аталған нормасы бірінші сатыдағы сотпен сақталмаған, тараптардың мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу құқығы қамтамасыз етілмеген, бұл іс жүргізу заңының өрескел бұзушылығы болып табылады және шығарылған сот актісінің күшін жоюға әкеп соқты.
2. «ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар Комитетінің Көкшетау техникалық институты» РММ-не бұйрықты заңсыз тану және оның күшін жою туралы Сағынбайдың талап арызымен іс бойынша Көкшетау қалалық сотының 2019 жылғы 17 мамырдағы шешімінің күші жойылды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар.
Анықталғандай, 2019 жылғы 14 наурыздағы № 41 ж/қ бұйрығымен Сағынбай ішкі стері органдарынан босатылды және «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 7-тармақшасының негізінде, ризалықтың барлық түрінен айырылып, институттан шығарылды.
Оқудан шығару үшін талапкер Сағынбай курсант Анапияновқа дене жарақаттарын келтірген фактісі бойынша қызметтік тексерістің 2019 жылғы 14 наурыздағы қорытындысы негіз болды.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар ана тілін дамыту үшін барлық жағдай жасауға міндетті.
Істің материалдарынан, талапкер өкілдерінің түсініктемелерінен анықталғандай, Сағынбай орыс тілін жетік білмейді. Орта мектепте, институтта мемлекеттік тілде оқыған, қызметтік тексеріс барысында түсініктемесі мемлекеттік тілде жазылған.
Аталмыш фактілерге қарамастан, жауапкер «ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар Комитетінің Көкшетау техникалық институты» РММ қызметтік тексерісті орыс тілінде өткізіп, қорытынды материалдарын да орыс тілінде дайындады.
Сот талқылауына істі дайындау туралы 2019 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымына сәйкес, сот АПК-нің 24, 26-баптарының, 48-бабының 1-бөлімінің, 153, 246-баптарының нормаларын түсіндірді, алайда, тараптарға сот ісін жүргізу тілі туралы АПК-нің 14-бабының талаптарын түсіндірмеді.
Демек, бірінші сатыдағы сот талапкердің мемлекеттік тілде іс жүргізу, сот ісін жүргізуге құқығын бұзды, апелляция бұл фактіні өрескел бұзушылық деп бағалады.
3. Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі 2019 жылғы 6 қарашадағы сот алқасының 2019 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен
Көкшетау қалалық сотының 2019 жылғы 31 шілдедегі шешімінің күші жойылды, аталмыш шешімімен Темірболатқа, Көкшетау қаласының әкімдігіне, «Көкшетау қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-не уақытша өтелмелі жер пайдалану туралы шартын жарамсыз тану және күшін жою туралы Халамбақиның талап арызын қанағаттандырудан бас тартылды, іс дәл сол сотқа басқа құрамында жаңадан қарауға мынадай негіздермен жолданды.
Апелляциялық сатыдағы сот отырысында талапкер Халамбакин орыс тілін нашар білетінін түсіндірді, бірінші сатыдағы сотта сот ісін жүргізу тілін мемлекеттік тілге ауыстыруға болатыны туралы оған түсіндірілмеген. Ал талапкерге әу баста талап арызды заңгер дайындап берген.
АПК-нің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою арызы (арыз) берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
АПК-нің 14-бабының 3-бөлігіне сәйкес, іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар беру, шағымдар жасау, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сөз сөйлеу; осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.
Сот талқылауына істі дайындау туралы 2019 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымынан анықталғандай, сот тараптарға сот ісін жүргізі тілі туралы ҚР АПК-нің 14-бабының талаптарын түсіндірмеді.
Сонымен, сот ісін жүргізу тілі туралы талаптарын түсіндірмей, сот тараптардың құқықтарын бұзды, бұл іс жүргізу заңнамасының өрескел бұзушылығы болып табылады.
Сондықтан 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап судьяларға сот істерін зерделеу және сот талқылауына дайындауды міндетті түрде дыбыс-бейне жазба арқылы жүргізу тапсырылды.
Ақмола облысы соттарында жалпы іс жүргізу тілі мемлекеттік тілге ауыстырылған істердің пайызы (2017 жылы – 140 (0,2 -%), (2018 жылы – 273 (0,5%), (2019 жылдың 12 айында - 1002 (0,9%), 2020 жылдың 1 айында 48 (0,7%) құрайды.
ҚР «Тіл туралы» Заңының 4 – бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi деп анық та қанық жазылған.
Олай болса, неліктен мемлекеттік органдар мен мекемелер, басқа ұйымдар мен кәсіпорындардан сотқа жүгінгенде талап-арыздарды мемлекеттік тілде емес, басқа «шет тілінде» беріп, жоғарыда аталған Заң
талаптарын өрескел бұзуда?! Бұл заңбұзушылықты қадағалау қандай мемлекеттік органның құзырында!?
Статистикалық деректерге сәйкес 2018 жылы облыс соттарына мемлекеттік мекемелерден барлығы - 4 731 талап-арыз түскен, соның ішінде мемлекеттік тілде - 2 228 (47,1%) түссе, 2019 жылдың 12 айында барлығы - 3892 талап-арыз түсіп, соның ішінде мемлекеттік тілде бар болғаны - 885 (22,7%); яғни өткен жылға қарағанда 24,4% төмендеген.
Осы орайда, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және нақты шаралар қабылдау үшін облыстың әкіміне, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшыларына (2017 жылы – 22 хат; 2018 жылы – 10 хат) 2019 жылдың 12 айында - 44 хат, 2020 жылдың 1 айында 13 хат жолданды.
Сондай –ақ азаматтық іс бойынша көмек жасайтын адвокат, заңгерлер де түрлі сылтаумен қазақ тілін айналып өтіп, талап-арыздарды өздеріне қолайлы орыс тілінде дайындайды.
Осының салдарынан халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатқаны туралы да фактілер аз емес. Кейде бұл мән бермеушілік адам тағдырына әсер етіп, орны толмас өкінішті жағдайларға да апарып жатыр.
Қасиетті қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны әрі дамыту әр қазақстандықтың парызы, әрбір мекеме басшылары өз тарапынан, басқаруындағы қызметкерлерден іс-құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізуін талап етіп отырса, мекеме қызметкерлерінің де қазақ тіліне деген жанашырлықтарын оятып, қазақ тілінің мәртебесін өркендетуге болады деп есептеймін.
Себебі, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қастерлеп, үйрену – Қазақстанның барша азаматтарының парызы. Осы ретте, әрбір мемлекеттік мекеме басшылары, құзырына сәйкес талап арыздарды және басқа да іс қағаздарды сотқа тек қана мемлекеттік тілде жолдануына ықпал етсе, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан зор үлес болар еді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін сөзден, нақты іске көшер уақыт келді. Елбасымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының үстіміздегі жылғы халыққа жолдауында айтқанындай, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы керек.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі бүгінгідей тілдерге, оның ішінде мемлекеттік тілге арналған үлкенді-кішілі жиындарда тек мінбеден ғана айтылып қана қоймай, күнделікті өмірде нақты іс-шаралармен көтерілуі керек.
Елбасымыз бірде ана тілі туралы былай деген еді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқысы болған-оның ғажайып тілі !!!».
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай: «Кімде- кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» - десе, К.Паустовский «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жабайы», деген сөзі мемлекеттік тілге менсінбей қарайтындардың деңгейін көрсеткендей. Заң жүзінде мемлекеттік мәртебе алған ана тілімізді лайықты тұғырына қондыру – баршамыздың борышымыз.
2019 жылдың 12 ақпандағы «Тіл бұзылса не себеміз?» атты мақаласында Анар Төлеуханқызы: «Ой тереңінің тұңғиығы Конфуцийге шәкірттері: - Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?-деп сауал қойыпты.
- Ұлттың тілін тәртіпке салар едім, - деп жауап беріпті ойшыл. Себебін сұрағанда – «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс», -деген екен.
Ендеше қасиетті тіліміздің, Ата заңымыз айқындап берген мәртебесін асқақтату - Қазақстан елінің әрбір азаматының патриоттық парызы. Осы парызымыз мойнымызда қарыз болып қалмау үшін перзенттік борышымызды адал атқарайық ағайын!
Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы