Нәзипа Шанаи: Әр қазақтың үйінде қазақша сөйлеуге кім рұқсат бермей отыр?

ҮШ СЫНАҚ

Бабаларымыздан қалған үш сынақ қағидасы бар – бақ сынағы, қиыншылық сынағы, өлім сынағы деген.   Бұл сынақтардан өткен  адам ғана адамгершілікті, иманды, парасатты өмірлік ұстанымына айналдыра алады екен.   Бүгінгі жағдай адам баласына ғана емес, мемлекетімізге, тәуелсіздігімізге түскен сынақ болып отыр. Ұлтымыз өз тарихында бұл сияқты сынақтардан қаншама рет ауызбіршілігінің арқасында өткен, адамгершілігінің арқасында халық болып жабыла көтерген.   Қазақтың бағына берген бақ сынағы – Тәуелсіздік деп білемін. Өз тағдырымызды өзіміз шешіп, әлемдік өркениетке егемен ел екенімізді паш етіп, дамыған елдермен иық тіресіп, көк туымыз желбіреп, «қазақ» деген сөзді таныттық. Иә, бұл баққа жету үшін күйреген елде қалып, қиылып кете жаздап қиындықтан аттадық. Бірақ, бұл – тәуелсіздік үшін шалынған құрбандық еді. Құрбандық дейтінім келесіде. 1991 жылы Белоруссияда, Беловежская пущада өткен Кеңес Одағы басшыларының соңғы кездесуі біздің тағдырымызды шешті. Сол күні жалпы Кеңес мемлекетінің тарихында жиналған алтын қор бүтінімен Мәскеуде қалды. Біз тип-типыл, тап-таза күйде, бір тиынсыз қалдық. Есесіне, Тәуелсіздік алдық!   Кеңес экономикасы шырмап тастаған мемлекет ыдырағанда, «бір ағзаның мүшелері бөлшектеліп» қалды, ағайынды он бес республика «жан тәсілім» жағдайына жетті. Тек бізді құтқаратын «реанимация» бөлімі жоқ еді. Жер асты толған байлық бола тұра бізде бірде-бір технология, тіпті өзіміздің ұлттық кадрларымыз да жоқ еді. Қарашығанақ мұнай қорын барлау және өндіру жұмысын бастау туралы мәліметімізді ең алғашқы болып Түркия мемлекеті қолдады. 50 пайыз қаржыны біз көтереміз деген түрік ағайындармен жұмысты бастау үшін бізде өз тарапымыздан қосатын екінші 50 пайызға қаржымыз жоқ еді. Қарызға қаржыны да сол түрік елінен алып, тарихымызда алғашқы рет өз кең орнымызды өзіміз қолдана бастадық.     Бірақ біз бақытты едік – себебі тәуелсіз ел болдық.     Өз мамандарымыз өз технологияларымызды жасау үшін Елбасымыз «Болашақ» бағдарламасын қолға алуды тапсырды.  Мыңдаған қазақтың баласы бүгінгі күні әлемнің ең мықты оқу орындарын аяқтап, егемен елге еге болатындай азамат болып қалыптасты. Бұл да біздің бақытымыз.     Ақынның «өмір осы бақ пенен сор таласқан» дегені шындық екен.     Әл-Фараби айтпақшы «бақыт – сен арманыңа жеткен сәт», ол мәңгі немесе ұзақ болуы мүмкін емес екен. Бірақ, ауылымыз күйреп, даламыз малсыз бос қалса да, зауыттар тоқтап жұмыссыз қалсақ та, жылусыз, сусыз, жарықсыз отырсақ та біз қиыншылықтан қорықпадық. Бізді азаттық арқаландырып,  тәуелсіздік рух берді. Арман қала – Елордамыздың қазығын қағып, Ақ Ордамызды орнаттық. Керуеніміздің көшін  көкке түзеп, бақытты болашаққа бет алдық. Алыс армандарға, биік мақсаттарға ұмтылғанда, ұлы көштің жолында қаншама асылымызды, рухани азығымызда  жоғалтып алғанымызды байқамаппыз. Асығып жүріп, киеліге мән бермей, аяқасты қалдырыппыз. Бақыттан басымыз айналып барымыздан айрыла жаздаппыз. Неге? Неден айрылдық? Түсіп қалған асылымыз - ата-дәстүріміз, рухани азығымыз – ата-бабамыздан қалған мұсылман шариғатының негізі. Бұл екі ұғым біздің этикамыз да, мәдениетіміз де емес пе еді ? Киеліміз – ана тіліміз бен ата-анамыз, шежірелі қарттарымыз, отбасымыз, бала-шағамыз емес пе? Олардан түгелімен айрылсақ ұлтымыз жер бетінен жойылады, тарихтан  жоғалады. Бақытты болғанымыз соншалық -  байлықты бақ деп санайтын болдық, біліммен емес байлығымызбен жарыса бастадық. Бақталастық бауырлардың арасын ажыратып, ағайынның ала жібін аттатты, достыққа қылау түсіріп, жауымызды қуантты. Көре алмаушылық көңілді ызаға толтырып, жақсылықты байқамай, жамандықты іздеуді үйреншікті етті. Тек жаман ақпарат күтетін болдық. Ең жаман ақпарат жазған адам – қоғамның батырына айналды. Бабалардан қалған «жақсы сөз – жарым ырыс» деген түсінік жойылды. Ақ ниетпен барын тойға жинайтын халық енді жамандықты ғана іздейтін болды. Бейсенбі күні орамал тартып, шелпек пісіріп, кешке тойға барып, арақ ішіп жүргенді мұсылмандыққа тән әрекет деп санадық. Балаларымызға өз дініміз – рухани байлығымыз екенін түсіндіре алмадық, себебі  Алладан алыстап кеттік. Отбасыны отағасына тастап, ошақ қасы еттік. Қыздың  алдына мансапты мақсат етіп, ұлдың алдына байлықты базар еттік. Орамалдың орнына шашы желбіреп әйел шықты алаңға. Әлдиді білмейтін әжелер, шежіре білмейтін аталар көбейді. Олар немере тәрбиесінен гөрі шетелдік сапарды, жеке тұрғанды, тіпті арнайы орындарда тұрғанды дұрыс көретін болды. Бәрінің табиғи орыны ауысты, Алла салған ата жол артта қалды шаң басып. Ал, Ана тілімізді білуіміз үшін біреудің жарлығы керек пе? Қазақ сөйлемеген қазақ тілін неге басқалардан сұраймыз? Әр қазақтың үйінде қазақша сөйлеуге кім рұқсат бермей отыр? Рухани жаңғыруға үндеген дауыс тойлардың шуынан естілмей қалды. Оған селт еткендер аз болды. Осының бәрі басқа қонған бақтың  сынағынан өте алмағанымыз емес пе? Бағымызды бағалай алмай отырғанымыз емес пе? Басымызға түскен қиыншылық сынағына келсек – туылып жатқан жас нәрестелер арасындағы неше түрлі ауыр кесел, мүгедектік, жасөспірімдер мен жастардың арасындағы өзіне қол жұмсау, жас отбасылар арасында жиі кездесетін бедеулік, тағы-тағы басқалар, айта берсек өте көп. Өз дінінен хабары жоқ жастарымызды Сирияға апарып қырып алдық емес пе? «Зина» туралы түсінігі жоқ жастарымыздан туған балалар далада, қоқыста қалып өліп жатқан жоқ па? Осының барлығы біздің болашағымызға балта шауып жатқан жоқ па? Ал, біз осының барлығын қиыншылық сынағы деп түсініп, одан шығу жолын бірлесе іздедік пе? Негізі қиыншылық сынағы әрқашанда ыдыраған ортаны ұйыстыру үшін, басы қосылмаған ортаны біріктіру үшін беріледі екен. Түсінбедік. Бірікпедік. Тіпті тырыспадық та... Сондықтан, енді есті жинасын деп бізге соңғы сынақты жіберді, аты да жаман – ТӘЖТАЖАЛ. Адам қорыққанда, қиналғанда Аллаға бет бұрады. ТӘЖТАЖАЛ – Алланың біздің кірлеген қоғамымызды, күйе басқан жанымызды, сарғайған санамызды тазалау үшін жолдаған сынағы деп білемін. Әлі де ойлануға, ақылға келуге, ат басын артқа бұруға мүмкіндігіміз бар. Ойланайық, ағайын. Ойлану үшін уақыт бар – бәріміз үйде отырмыз. Алланың құдыреті ғой бұл – қазанының қайда қалғанын білмейтін ана да, баласының жасын ұмытып қалған әке де,  өз бетімен өсіп келе жатқан бала да енді бірге, бір шаңырақтың астында шүйіркелесіп, бірін-бірі тыңдауға, ойымен бөлісуге мүмкіндік алды. Керемет емес пе?! «Ананың асы» деген қазақта керемет ұғым бар. Анасынан жетім қалған баланың қарны тоймайды дейді, себебі өз анасының қолынан шыққан асты жей алмаған соң. Бүгінгі қоғамның үлкен бір мәселесі – балалардың арасындағы семіздік. Осы балалар да кафенің, мейрамхананың тамағын жеп, жасанды сүт тағамдарын  ішіп, шетелден келген көкөніс жеп, бірақ өз анасының қолынан тамақ ішпегеннен қарны тоймай жүрген жоқ па? Әке қадірін бала білу үшін ердің қадірін әйелі көтеру керек. Ал ананың қадірін жалпы ағайын-туған қолдау арқылы қалыптастыру керек. Ол үшін отбасын құрған екі адамның бір-біріне деген сыйластығы жоғары болу керек. Сол сыйластық бала жанына тыныштық беріп, оның дамуына, қалыптасуына негіз болады екен. Бүгін біз сол сыйластықты көрсетіп, бала-шағамызды бақыт сезіміне бөлеуге мүмкіндік алдық. Осы оқшаулану кезеңі -  әрқайсымыз өзімізге қоймаған сұрақтарды қойып, кемшіліктерімізді мойындап, алға ақ жолмен қадам басуымызға мүмкіндік беретін кезең шығар. Не де болса, қасымыздан жүгіріп өтіп бара жатқан «УАҚЫТТЫ» тәжтажал тоқтатты. Енді уақытымыз бар. Біз қаншама нәрселерді  «уақытым жоқ»  деп кейінге қалдыра береміз. Сол кейінге қалдыратын жұмыстардың арасында бізге өте қажеттілері кетіп қалып отырады. Мысалы, балаларымызбен сөйлесу, жақындарымызға жылылық сыйлау, Аллаға сыйыну (бата беруді, құран оқуды, намазды үйрену), т.б. Алла берген аса құнды уақытты дұрыс пайдаланайық, ағайын. Нәзипа Шанаи,  Қазақ үні