ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ІНДЕТ АУЫЛДЫ КҮЙРЕТІП ЖАТЫР
2020 ж. 26 наурыз
14931
1
Қазақстанның түкпір-түкпірінде жыл өткен сайын қаңырап иен қалып жатқан ауылдардың қатары молайып барады. Бұл үрдіс әсіресе, солтүстік өңірлерде жиі байқалуда. Осы жағдайды оңалту үшін үкімет тарапынан қолға алынып жатқан шаралар да жоқ емес. Алайда қолданысқа енгеніне бірнеше жылға аяқ басып бара жатқан ішкі көші-қонды оңалтуға бағытталған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» секілді стратегиялық жоспарлар әзірге көрнекті нәтиже беріп жатыр деуге келмейтін сияқты. Себебі, бір ауылдарға өзге облыстардан адамдар көшіп келгенімен, екінші бір ауылдың адамдары сиреп барады. Бұл Ақмола, СҚО, ШҚО қатарлы аймақтардан көбірек байқалып отыр.
Адамдар ауылдан неге кетіп жатыр? Ең алдымен күнкөрістің қиындығы мен жұмыссыздық мәселесі ауылдық жердегі ағайынның еңсесін басып тұрғанын білеміз. Бұл төңіректегі түйткілді шешу үшін Ауылшаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі секілді абыройлы мекемелер тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да аз емес. Қазіргі күнде ауылда отырып кәсіптенуге, мал өсіріп, егін егуге ниеті бар адамдарға қарата мемлекет тарапынан қолдау жақсы жүргізіліп жатыр. Негізі осындай демеушіліктердің арқасында ауыл гүлденіп, ішкі нарықтағы ауылшаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс бүкілдей отандық өнімдермен қамтамасыз етілуі тиіс еді. Алайда оның ауылы алыс секілді. Біз нарықтағы сан түрлі тауарлардың ішінен өзімізге ең жақын әрі сүйікті тағамымыз ет туралы айтсақ та жеткілікті деп ойлаймыз. Қазақстанның ішкі нарығында еттің бағасы жыл сайын қымбаттап келеді. Еліміздегі ет нарығына талдау жасап жүрген адамдар, негізгі себепті ет өнімдерінің экспортқа шығарылуымен ғана байланыстырып жүр. Ал ауылдағы мал басының азаюы, шаруалардың ата кәсіптен бет бұра бастауы, жем-шөп мәселесі мен ветеринария саласындағы кемшіліктердің ет нарығына болған әсері туралы көп айтыла бермейді.
Ветеринария мамандары бар, бірақ…
Осы шағын мақаламызда, ет нарығына кері әсерін тигізіп жатқан кейбір мәселелерге тоқтала кеткенді жөн көрдік. Мен соңғы екі жыл ішінде Ақмола, Павлодар, ШҚО, СҚО-ның ауылдарын аралау барысында көптеген ауылдарға ортақ бірнеше кемшіліктерді байқадым. Мұның ішіндегі басты қиыншылық ветеринария мамандарының жетіспеушілігі болып отыр. Алайда мал дәрігері жоқ ауыл кемде-кем. Кейбір аудандардың өзара қанаттас отырған 2-3 ауылына жалғыз мал дәрігері қызмет көрсетіп отыр. Яғни маман тапшы деуге де келмейді. Өкінерлігі білікті мамандар аз. Аграрлық оқу орындарынан ветеринария саласы бойынша білім алған жастар, оқуын аяқтаған соң ауылға баруға құлықсыз секілді. Басты себеп жалақының аздығы дейді білетіндер. Бұл өз алдына қарастырылатын тақырып. Негізі АШМ, БЖҒМ сондай-ақ агарарлық оқу орындарымен бірлесе отырып шешілуге тиісті ауқымды мәселе. Біздің негізгі айтпағымыз, ауылдағы ағайынның ата кәсіпке құлықсыздық таныта бастауы, мал басының жыл сайын кеміп бара жатуы және ет нарығына тигізіп жатқан кері әсері төңірегінде болмақ. Қазақстанның барлық саласында орын алып отырған жетіспеушіліктер секілді білікті дәрігерлерге жарымай отырған малшаруашылығы саласы, қажетті дәрі-дәрмектер үшін де шетелдерге алақан жаюға мәжбүр. Өзімізде түрлі вакциналар мен мал дәрілерін өндіретін кәсіпорындар жоқ. Яғни, тәуелсіздіктен бері қарайғы ширек ғасырдан астам уақытта бұл бостықтың орнын толтыра алмаппыз… Соның кесірі де шығар. Малшаруашылығы саласы қазіргі таңда бруцеллез дейтін аты құлаққа әбден сіңіп кеткен аурудан зардап шегіп жатқан жайы бар. Қазақтар сары буын, сарып деп татайтын бұл ауру, соңғы жылдары сиыр мен қой түлігін мықтап шырмап алды. Соның кесірінен қолдарына таяқ ұстап қалған қаншама шаруалар ауылдан безіп жатыр. Бруцеллез – жануарларда, адамдарда кездесетін жұқпалы ауру. Көп жағдайда жануарларға таралумен қоса адамға жұғады. Әдетте ет, сүт өнімдерін тұтынудан, жүн қырқу, мал сою, мал төлдету кезіндегі тазалыққа көіл бөлмеуден адамдарға оңай жұғып кететіндігі айтылады. Қазірге дейін бруцеллездің алдын алатын вакциналар жасалғанымен, оны үзілді-кесілді емдеп жазатын дәрі табыла қойған жоқ. Мамандардың айтуынша «бруцеллездің қоздырғышы сүттің құрамында қалыпты температурада 10-18 күн, жас еттің құрамында 48 күн, тоған-суаттарда 6-12 күн, топырақ пен қидың арасында 3-4 айға дейін өлмей жасайды» екен. Сондықтан да жұғымталдығының аса жоғары әрі қауіптілігін ескере отырып, бруцеллез ауруына карантин жарияланған. Қазіргі талаптарға сай бұл ауруды жұқтырған малдар түгелдей жойылуы керек. Сондай-ақ бруцеллезбен ауырған малдың етін тұтынуға, саудалауға, тасымалдауға тиым салынған. Қарап отырсаңыз заң жүзінде барлығы қарастырылғандығын байқауға болады. Сонымен қатар жыл сайын қажетті дәрі-дәрмектер де сатып алынып, малдарға жылына екі мәрте вакцина егу жұмысы жүргізіледі. Осы орайда ветеринарлық-санитарлық бақылауға қатысты заңдар мен жергілікті орындардағы бақылау-қадағалау фукцияларының қалыпты жұмыс істеп жатқандығын айта кеткіміз келеді. Алайда осы аты таныс ауру ауылдағы мал санын өсірмей тұрғандығын қалай жасырамыз? Ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаулардың жолына «жылан болып жатып алған» осы ауру, ауылдық жерде мал дәрігерлерін «жұлдызға» айналдырып жіберді. Әдетте ветеринария мамандары малды емдеумен қоса, үй жануарларын тіркеу және есептен шығару жұмыстарын да жүргізеді. Өкініштісі өз қызметін қара басына пайда табу үшін істеп жүрген кейбір мал дәрігерлерінің қитұрқылығынан шаруалар мал ұстаудан жүрексінетін деңгейге жеткендігін ауылдағылар анық білсе де жоғарыдағы шенеуніктердің хабары жоқ секілді. Міне сондай дәрігерлердің кесірінен мал саны күн санап кеміп бара жатыр. Қағаз жүзінде аса ретті етіп көрсетілетін ветеринариялық есептердің нәтижесі бойынша бақылау-қадағалу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқанымен ауылдағы шынайы өмір басқаша көрніс тауып жатыр. Біз бұл жерде барлық мал дәрігерлеріне кінә артып, күстаналаудан аулақпыз. Тек қана көзімізбен көрген, көңілімізге түйген нарселерді айтқымыз келеді.
Оларды рэкетке айналдырған кім?
Бұл күндері ауылдағы шаруалар мал дәрігерлерінің «тілін табуға» тырысатын болып кетіпті. Бұлай етпесіне амалы да жоқ. Мал дәрігерлерінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып дариды. Егер мал дәрігерлері тұйықсыздан келіп, қораңыздағы малдардан анализ алып кететін болса, онда күдіктене берсеңіз болады. Себебі сіздің малыңыздан бруцеллез вирусы «шыға келуі» мүмкін. Оның арты малдың көзін жоюмен аяқталатыны белігілі. Сондықтан мал дәрігерлеріне пара беру ісі кеңінен етек алып кетті. Ал беретін парасы жоқ, екі сиырының сүмесімен күн көріп отырған талай адамдардың малынан «ауру шыққандығы себепті» бір-ақ күнде тақыр кедейге айналып жатыр. Малдың жағдайына әбден қанық, «ішегінің иіріне дейін білетін білікті де қатал» мал дәрігерлері әл-ауқаты бар, өздерімен «дұрыстап сөйлесетін» шаруаларға келгенде буындары босап сала береді екен. Кейбір ауылдарда ветеринариялық-санитарлық мекемелерде туыс-туған, тамыр-таныстары бар «пысықтардың» мал басы қауырт өсіп, «қағаз қой, қағаз сиырлардың» арқасында мемлекеттен қыруар субьсидия алып отырғандығын да білдік. Тіпті ондай дөкейлердің малдарынан анализ алынбақ түгілі мал дәрігерлерінің арнайы тексеріп, тұрақтандыруы нәтижесінде салынатын сырғалары (малдың мемлекеттік нөмірі десек те болады) дорбаға салынған күйі ілулі тұратыны қайтерсің? Осындай келеңсіз жайттердің кесірінен қазіргі күнде сиыр, қой түліктерін өсіргеннен гөрі, жылқы өсіргісі келетін шаруалар молайып барады. Осы үрдісті де «дер кезінде бағамдап үлгерген» дәрігерлер бұдан былай жылқы түлігін де қадағалауға көшетіндерін айтып жатыпты. Мүмкін АШМ-нен түскен пәрмен болар. Ал, көпті көрген көнекөз мал дәрігерлері жылқы түлігінің бруцеллезбен өте сирек жұғымданатындығын айтады. Біз ауылдық жердегі мал дәрігерлерінің неліктен «рэкетке» айналып кеткендігі туралы шаруалармен талай рет пікірлесіп көрдік. Сондағы шыққан қорытынды бойынша бірнеше түйінге тоқатала кетейік. Бұл ең әуелі ет өңдейтін, колбаса жасайтын монополистердің жымысқы тірлігімен байланысты сияқты. Соңғы жылдары Қазақстаннан шетелдерге ет экспорттау, тірі мал экспорттау ісінің жандана түсуіне орай, сиыр мен қойдың бағасы көтерілген еді. (АШМ тірі мал экспортына шектеу салды). Бұл ішкі нарықтағы бағаның өсуін келтіріп шығарғандықтан ет өңдейтін, колбаса шығаратын монополистерге тиімсіз болды. Оларға бұрынғыдай арзан ет табылмайды. Сондықтан монополистер облыстық мекемелердің адамдарымен келісе отырып, «бруцеллезбен күрес науқанын» жүргізіп жатқандай… Себебі, осыдан 2-3 жыл бұрын малдан қан алып тексергеннен кейін ауру малдарды дәрігерлердің пәрмені бойынша шұжық өндіретін кәсіпорындарға өткізу міндеттелген екен. Тіпті бруцеллез малдарды қабылдайтын саудагерлер, мал дәрігерлерімен бірге ауылдарды аралап жүретін болған. Кейбір шалғай ауылдардағы дәрігерлер «ауру малдарды» өздері жинап алып кетіп бір орынға бақтырып, семіртіп барып сатып жіберетіндіктерін де әшкерелеген адамдар болды. Осындағы «бруцеллез» малдарды кім сатып алса да нарықтағы бағаның 1/4-нен асырмайды екен. Яғни, мал саудагерлері 200 мың теңгеге бағалайтын сиырдан бруцеллез шығатын болса, оны «колбасаға өткізгенде» ары кетсе 40 мың теңгеге бағалап алатын көрінеді. Екінші бір себеп, дәрігерлерінің ашкөздігі себепті бруцеллез малдардың қатары «молайып» отыр. Бұл түсінікті жайт. Кім пара берсе, соның малы аман да, пара бермегеннің малы ауру болып шығады. Үшінші себебі, ауылдағы «мал иелерінің» іштарлығынан болып отыр. Біздегі бір қызық жағдай, әр ауылдың бетке ұстар бірнеше байы болады. Жер де соларда, мал да соларда. Ауыл адамдарының кейбірі соларға жалданып күн көріп отыр. Сол байекеңдерге өздерімен иық тірестіретін жаңа байлардың өсіп шыққаны ұнамайтын секілді. Олар да айналып келіп мал дәрігерлерінің қолымен от көсеп жүргені белгілі. Керемет сылтаулары – мемлекет бойынша күресіп отырған бруцеллез індеті… Кейбір шаруалар жергілікті орындағы мал дәрігерлері ауру деп тұрақтандырған малдарынан қайталай анализ алып, тәуелсіз зертханаларға апарып тексертіп көргенде ауру емес екендігін анықтап шыққан. Осы жерде шаруалардың айтып отырған бірнеше пікірін де келтіре кеткенді жөн көрдік. Оның бірі малдарды тексеру қызметінің көктемгі уақытта жүргізілуі. Олардың айтуынша көктемдегі уақыт малдардың иммунитетінің төмендейтін мезгілі болғандықтан, қан таралуынан бруцеллездің әлсіз белгілері оңай байқалатын көрінеді. Осындай әлсіз вируспен жұғымдалған малдар тойынып семіргенде қанның құрамындағы вирустар өздігінен жоғалып кетеді екен. Ауылдың күйреуіне әкеліп соқтырып отырған өзге де себептер туралы шағын мақалада сөз қозғағымыз келмеді. Біздің айтқымыз келгені шаруаларды титықтатып отырған қолдан жасалып жатқан індет төңірегінде болмақ. Қорыта айтар болсақ, қазіргі таңда сиыр мен қойдың өсімі тікелей мал дәрігерлерінің көңіл күйіне байланысты болып тұр. Мемлекет қыруар қаражат бөліп қажетті дәрі-дәрмектер мен вакциналарды алдырып, емдеу қызметін тыңғылықты өрістетіп отырғаны белгілі. Ауылшаруашылығын қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар да жақсы жұмыс істеп жатыр. Осындай орайды пайдаланып, мал өсіре бастаған шаруаларды аяқтан шалуды тоқтатпасақ, алдағы уақытта сиыр мен қойды «қызыл кітапқа» енгізіп, шетелдерден ет импорттап отыратын күн тумасына кім кепіл? Бұған Ауылшаруашылығы министрлігі мен атқарушы билік органдары баса назар аударса екен деген үмітіміз бар.
Ерқазы Сейтқали,
"Қазақстан дәуірі" газеті