Қазақстанда коронавирус тараған сәттен бастап қандай құқық бұзушылықтар жасалды?
2020 ж. 23 наурыз
1093
0
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 26 қылмыс түрі көпе-көрінеу жалған ақпарат таратумен байланысты. Осы істер негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мұндай хабарламалар қоғамда негізсіз үрей мен қорқыныш тудырады. Жалған хабарламалар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жасау барысында анықталады, ал мұндай хабарлардың авторлары мен таратушыларын полицейлер бірден анықтап, әрі қарай жауапкершілікке тартады.
Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарының әрқайсында осындай төрт факті тіркелді. Үшеуден-Қостанай және Түркістан облыстарында орын алды. Ақтөбе, Ақмола, Атырау және Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында біреуден анықталды.
Жалған ақпарат таратқандарға, салдарының ауырлығына байланысты, 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салудан 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Полиция қызметкерлері тағы 4 факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы – санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу салдарынан абайсызда адамдардың жаппай ауруы немесе жұқтыруына әкеп соқтыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Түркістан облысында ауруханаға жеткізілген соң карантинге жабылған жергілікті тұрғын аруханадан қашып кеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Нұр-сұлтан қаласында COVID-19 қорытындысы расталған әйел жақын байланыс жасаған адамдар туралы ақпарат беруден бас тартты.
Тағы бір факті 21 наурызда Көкшетау қаласында тіркелді, онда Минскіден келген азамат карантиндік процедурадан өтуден бас тартқан.
Мұндай қылмыстарды жасағандарға 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл салудан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы) 218 адам ұсталды. Оның 113-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 10-ы қамауға алынды, 91-іне айыппұл салынды, 12-сі ескерту алды, 105 тәртіп бұзушыға қатысты материалдар сотқа жіберілді.
Төтенше жағдай режимін бұзудың ең көп саны Түркістан облысында - 26, Павлодар облысында - 21, Нұр-Сұлтан қаласында -18, Шымкент қаласында және Ақтөбе облысында-17-ден тіркелді.
Көкшетау қаласында 100-ден астам адамның қатысуымен банкет өткізгені үшін мейрамхана басшысы жауапкершілікке тартылды.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері карантин режимін бұзудың жолын кесті, рейд барысында сағат 22:00-ден кейін жұмысын жалғастырған демалыс орындары анықталды.
Сонымен қатар, рейдтік және жедел іс-шаралар барысында маскаларды заңсыз тігуді ұйымдастыру және антисептикалық құралдарды дайындау фактілерінің жолы кесілді. Аталған бұйымдарға деген сұранысты пайдалана отырып, тәртіп бұзушылар тұрғындарға жоғары бағамен сатып алуды ұсынды. Жалпы 3700 медициналық маска және 4892 литр дезинфекциялық құралдар тәркіленді. Тіркеусіз және рұқсат құжатынсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін 6 адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Алматы облысының жергілікті тұрғыны 500 000 медициналық масканы сатпақ болған. Полиция қызметкерлері заңсыз қызметтің жолын кесті, осылайша жасанды тапшылық жасау және алыпсатарлық жолмен бағаны өсірудің алдын алды.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңдарды сақтауға, ресми ақпарат көздеріне сенуге және кез келген құқық бұзушылық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын есте ұстауға шақырады.
ҚР ӘҚБтК 57-бабы 9-тармақшасының талаптарына сәйкес табиғи апат немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасау әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты ауырлататын мән-жай болып танылады.