Дандай Ысқақұлы: «Болон» болашағымызға балта шаппай ма?
2020 ж. 23 наурыз
2052
0
Өткен жүзжылдықтың соңынан бастау алған жаһандану үдерісі жаңа дәуірде күшейген үстіне күшейіп келеді. Бір орталықтандырылған жаңа саяси қоғамды орнатуды көздеген жаһандану барысында әлем түбірлі өзгерістерге ұшырауда. Әлемде өмір сүріп жатқан 8 мыңның о жақ бұ жағындағы ұлттардың көпшілігі «рухани шапқыншылыққа» ұшырап, тілінен, мәдениетінен айрылып қалмау қамымен ұлт ретінде өзін сақтап қалу үшін жанталасуда. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, қазір әр екі аптада бір тіл «өліп», демек, бір ұлт тарих сахнасынан сызылып жатыр. Сондықтан да қазіргі заман бір жағынан, жаһандану үдерісінің күшейе түсуімен сыпатталса, екінші жағынан, ұлттардың өзін-өзі сақтап қалу, ол үшін тілінен, рухани құндылықтарынан айрылып қалмау жолындағы күресінің өріс алуына мәжбүр етуде.
Қалыпты өмір сүру үшін адам да, ұлт та, сол ұлтты сақтайтын мемлекет те мықты болу - тіршіліктің бұлжымас заңы. Жаһандану дәуірінде ұлттың, мемлекеттің өмір сүруі үшін экономикасының, адам капиталының, қорғаныс қабілетінің жоғары болуы талап етіледі. Бұл дегеніміз - дамыған экономикаға сүйеніп, ұлттық сана-сезімі жан-жақты жетіліп, сыртқы жаулардан қорғана білмеген ұлттың болашағы жоқ деген сөз. Ұлттың өміршеңдігін айқындайтын осы үш тұғырдың ішінде біз адам капиталы мәселесі - Қазақстан жағдайында да аса маңызды.
Елінің ертеңін ойлаған ел алдымен, болашағына қызмет етеді. Кезінде ұлт көсемі А. Байтұрсыновтың «Ел - бүгіншіл, менікі - ертеңгі үшін» деуінде үлкен ойлар жатыр. Тәуелсіздік алғанға дейін бізде ұлттық білім, ұлттық тәрбие беру жүйесі орыстық сыпатта қалыптасты деуге болады. 1991-жылдан бастап, бұл салада бірсыпыра ізденістер жасалынды. Десек те, еліміздің болашағын, алдағы 20-30 жылдан кейін өмірге белсене араласытын жас ұрпақты, ұлт көшбасшыларын, қоғам құрылысшыларын дайындайтын оқу орындарындағы жағдайдың көптің көңілін көншітпей келе жатқандығы белгілі. Біздің ойымызша, мұның басты себебі Батыстық білім беру жүйесі -«Болон» үдерісін ешбір ойланбастан, дайындықсыз бірден жаппай қолданысқа енгізгеніміз болды.
Әр елдің ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұлттық, тарихи, әлеуметтік өмір сүру ерекшеліктері болады. Тек солай болуға тиісті тарихи дәстүрлерді бірден өзгертуге келе бермейді; өзгерткеннің өзінде де сай келетіндерін ғана біртіндеп енгізу жемісті жол саналады. Ал мұндай жағдай ескерілмей жатқан жағдайларда ұлттық дамудың, тұрмыс-тіршіліктің әлеуметтік ырғағына сәйкес келмей, зардабын тигізуі әбден мүмкін. Қазір қатты сынға ұшырап жатқан білім беру жүйесіндегі берекесіздіктердің негізгі себептері осында жатыр.
Алдымен, «Болон» жүйесі дегеніміз не нәрсе - соған тоқтала кетейік. «Болонның» негізін 1980-жылдары Инвар Джонсон атты білім беру саласының маманы бірыңғай тестілеу емтиханының алғашқы жобасын жасап, қалаған екен. Алғашында оқу орындарының түрлі жиындарында баяндамалар жасап, насихаттайды. Әдістемелік жаңалық ретінде жұртшылық назарын аударған бұл әдіс мектептерге кеңінен тарайды. Жұлдызының оңынан туа бастағанын байқаған И. Джонсон «Білім сапасын бағалау қауымдастығы», «Капитал-Сити педагогикалық академиясы» ұйымдарын құрып, өзінің тәжірибелерін бүкіл Американың мектептеріне таратады. Осы ұйымдардың басшысы ретінде ол білімді бағалау ісінің танымал сарапшысына айналады; лекциялар оқып, курстан өтті деген сертификаттар, дипломдар, грамоталар таратады; мектептерді тексеріп, рейтингтерін анықтайды; әдістемелік жаңалықтарын жетілдіре түсу, насихаттай түсу мақсатындағы бірнеше кітаптар, көптеген мақалалар жазылып, оларды мақтаған рецензиялар жарық көреді. т. б. Әрине, мұның барлығы да ақылы түрде жүргізілгендіктен де И. Джонсон Американың ауқатты адамдарының біріне айналады...
Американың Білім министрлігі И. Джонсонның оқушылардың білімін бағалау тәсілін бүкіл жүйеге енгізеді. Осыдан кейін бұл жүйе әлемнің басқа да елдеріне тарай бастайды. 1999-жылы 19-маусымда Италияның Болонья қаласында Еуропаның 29 мемлекетінің өкілдері «Болон» декларациясын қабылдап, ондағы басты мақсат Еуропа елдерінің ортақ білім беру жүйесін құру деп жариялады. Нақтылай айтқанда, еуропалық білімнің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру, ұлттық білім жүйелерін жақындастыру, үш сатылы жоғары білімді енгізу, академиялық кредиттер жүйесін қабылдау, білім сапасын бақылау, студенттер мен оқытушылардың мобильділігін кеңейту, т. б. көзделді. Осы жерде бір ескерте кететін нәрсе Болон жүйесі – халықаралық өлшемдегі, онда да түп-тамыры Америкада бастау алған
Батыстық жүйе бола тұрғанымен де оған мүше елдер өз еліндегі ұлттық білім өлшемінен бас тартсын деп міндеттелмеді. Тек қана студенттердің білім деңгейі ECTS кредиттік жүйесі арқылы анықталады.
Орта Азия елдерінен бірінші болып, Қазақстан Болон үдерісіне 2010 жылдың 11 наурызында оған мүше елдердің Білім министрлерінің Будапеште өткен форумында мүшелікке өтті. Бізден кейін Қырғызстан да Болон жүйесін қабылдады. Қырғыздар еуропалық жүйені біз құсап, түгелдей сол күйінде қабылдай салған жоқ. Барынша сақтықпен қарап, дұрыс келеді-ау деген жақтарын ғана алды. Тілдік жағына келгенде, мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан келіп, қоғамдық пәндер халықтың өмір сүруін рухани жағынан қамтамасыз ететін ұлттық компоненттер болғандықтан, олардың барлығы да қырғыз тілінде өтілетін болды.
Өзбекстан болса, мынау дамыған Батыстың жүйесі екен деп, елп ете қойған жоқ. Мәселеге сақтықпен қарап, әліптің артын бақты. Ең соңында осы жағы дұрыстау болар деген бірлі-жарымды косметикалық өзгерістер жасаумен шектелді. Мысалы, жоғары оқу орындары бес жылдық күйінде қалып, оның алғашқы үш жылы бакалавриат, одан кейінгі екі жылы магистратура, екі-үш жыл аспирантура, үш жыл докторантура сатыларынан тұратын болды. 2019-жылдың басынан бастап, кандидаттық, докторлық диссертация қорғайтын кеңестер жұмыс істей бастады.
Ресей Федерациясында бұл мәселе төңірегінде келелі пікіралысулар өтті. Білім-ғылым саласының маңында жүрген ұлт зиялылыарының көпшілігі жаңа жүйенің пайдасынан гөрі зиянды жақтарына назарды көбірек аударды. Нәтижесінде орыстар білім беру саласының бұрыннан қалыптасқан, әбден тәжірибеден өткен, уақытпен бірге жетілдірілген кеңестік жүйені сақтап қалды...
Қазақстанның жаңа жүйеге енудегі басты мақсаты отандық білім жүйесін еуропалық озық тәжірибелер мен ғылыми жаңалықтарды батыл енгізу арқылы халықаралық үлгіде дамыту болды. Жаңа жүйеге Қазақстанның оқу орындары мен ғылыми мекемелері 2020 жылға дейін толық көшу міндеттелді.
Бірақ... Иә, осылайша жақсы басталған істің арты ойлағандай болмады. АҚШ-тың мектептеріндегі оқушылардың білім деңгейі төмендеп кеткендігі жөнінде 2000-жылдардың басында үлкен айқай-шу көтерілді. Білім беру саласындағы жағдайды тексерген тәуелсіз сарапшылар көптеген былықтардың бетін ашты: ең бастысы бұл жүйенің оқушыларға білім беруді емес, балл жинауды мақсат тұтатындығы, ал балл жинау үшін тестілеуден өтудің аржағында ақша тұрғандығы, бүкіл білім беру жүйесінің ақша табу,
бизнесс көзіне айналғандығы белгілі болды. Ең сорақысы осыншама жұмыстарды атқарып жүрген адамның 8-ші сыныпты ғана бітіргенін, одан кейінгі не бір құжаттарды, дипломдарды, өзі ашқан ұйымнан өзі алғандығы белгілі болды. Ақырында Американың атақты ауқатты адамдарының біріне айналған И. Джонсонның үстінен қылмысты іс қозғалып, 25 жылға сотталды.
2012-жылы АҚШ-тың мектептерінде И. Джонсонның білім бағалау жүйесі қолданыстан шығарылып, оның орнына кеңестік білім беруге ұқсас, жаңа жүйе қолданысқа енгізілді. Бұл оқу жүйесінен Англия да бас тартып, өткен оқу жылынан бастап, еуропалық, онда да советтік бес жылдық оқу бағдарламасына толық көшкенін жариялады. Ұлыбританияның ақпарат құралдарында кеңестік оқу жүйесінің артықшылықтарына назар аударған мақалалар жарық көрді.
Үстіміздегі жылы Қазақстанның Болон үдерісіне қосылғанына он жыл толады. Осы уақыттар ішінде еліміздің білім беру саласына жаңа жүйе нендей өзгерістер әкелді, жетістіктеріміз қандай, ойлағанымыздай болды ма деген сауалдар төңірегінде ой қозғар болсақ, біраз мәселенің байыбына барғандай боламыз. Өкініштісі сол, білім берудің ең озық үлгісі деп, барынша насихатталған білім жүйесі үкілеген үмітімізді ақтамады; еліміздің білім беру саласына оң өзгерістер жасай алмады; керісінше, осы саланың проблемаларын одан ары ушықтыра түскендей болды.
Жаңа жүйе қолданыла бастағаннан-ақ ұстаздар қауымы, ата-аналар тарапынан білім беруді қайтсек жақсартамыз деген бағыттағы әртүрлі пікірлер айтылды; сонымен бірге жаңа жүйені қолдаған да, оған сенімсіздік білдірген де пікірлер қатар айтылып жатты. Білім берудің жаңа жүйесін жақтағандар озық елдердің білім стандарттарын қолдану арқылы дамыған Еуропаға жақындай түсеміз; әлемдік білім-ғылым кеңістігіне еркін шығып, ғылыми-техникалық прогреске қол жеткіземіз; біздің университеттеріміздің деңгейі еуропалық деңгейге көтеріледі; Қазақстанның жоғары оқу орындарын бітірушілердің дипломдары басқа елдерде де заңды түрде қабылданады; шетелдік оқулықтарды, озық оқу-әдістемелерді қолдану барысында білім берудің сапасы мен біліктілігі арта түседі деген сияқты пікірлер көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Сонымен бірге, жалпы бұл жүйенің Қазақстан жағдайында жұмысының жемісті болатындығына күмән келтірушілер де жеткілікті болды.
Соңғы жылдары еліміздегі білім беру, ғылым саласындағы жұмыстардың ушыққаны, сын көтермейтіндігі соншалық, бұл мәселе парламенттің, үкіметтің мәжілістерінде көтеріліп, ашық талқылануда. Бас газетіміз «Егемен
Қазақстан» беттерінде жас ұрпаққа білім беру, ғылымның жай-күйіне алаңдаушылық білдірген материалдар көріне бастады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жердегі басты мәселе тіпті шыққан жері АҚШ-тың өзі жарамсыз деп, лақтырып тастаған жүйені сол күйінде әкеліп, «несін айтасың, дамыған Батыстың жақсы дүниесі» деп, бұрыннан жерсініп, қалыптасып, жемісін беріп келе жатқан білім беру саласына бірден қондыра салғанымызда жатқан сияқты. Қабылдар кезде бұл жүйе неге өз отаны АҚШ-та, Англияда қолданылмайды, жүйенің осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан оқу бағдарламаларынан қандай артықшылықтары бар, неге қол жеткіземіз деген сияқты сандаған сауалдарға жауап іздемей,бірден қабылдай салуымыз біздің басты кемшілігіміз болды. Оның үстіне Болон жүйесінің негізгі мақсаты білім беруді жетілдіру емес, керісінше, осы саланы бизнесс көзіне айналдырып, пайда табу болғандығы кейіннен анықталды.
Бұл жөнінде орыстың атақты ғалымы, М. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің ректоры В. Садовничий былай деп жазады:
«Я не скрываю, что я не сторонник Болонской системы. Так пришлось в жизни, что я участвовал в самом начале ее обсуждения в Лиссабоне на Конференции ректоров Европы. Все ректоры говорили, что ни в коем случае ее нельзя принимать, что каждый университет самобытен, унификация невозможна. Позже в Болонии собрались министры финансов и иностранных дел и сказали, что в их страны стекаются потоки мигрантов, которые приносят какие-то дипломы, которые ни о чем не говорят. Болонская система была нужна для трудовой интеграции, и она была введена в большей степени из политических соображений».
Шындығында да Болон жүйесінің білім беруді жетілдіруден гөрі, экономикалық, саяси сыпаты басымдау. Болон жүйесіндегі Қазақстанның оқу орындары қазір қанбазарды көзге елестетеді. Әрбір студенттің, оқытушының, оқу орнының деңгейі баллмен, рейтингімен өлшенеді. Оқуға түсу, емтихан тапсыру, т. б. үшін студент балл жинайды; ал шынтуайтына келгенде, мұның барлығын сатып алуға болады. Оқу орындарындағы негізгі мәселе сапалы білім алу емес, жоғары балл жинау, мамандық игеру емес, диплом алу болып кеткендей. Барлығын ақша шешетін нарықтық қоғамның ұстанымдары оқу орындарында да белсенділік танытып жатыр. Ал ұлттың жанын құрайтын тіл, тәрбие, сана-сезім мәселелерін саудаға салуға болмайтындығы ескеріле бермеді.
Бұл жөнінде Білім және ғылым министрінің өзі А. Аймағамбетовтің өзі «Біз университеттерге талдау жүргіздік: 100 адам түседі, 800 адам
бітіреді. Бұл студенттердің ауадан пайда болмайтыны белгілі. Сапалы білім беретін университеттер студенттерді ойланбастан шығарып жібереді. Ал, "шаңсорғыштар" (сондай шығып қалғандарды жинап алатын ЖОО – ред.) бұл балаларды нарықтың әр түкпірінен жинап алады, содан кейін оларға дипломдар береді, - деп, мәлімдеуге мәжбүр болды.
Біздіңше, Болон жүйесінің саяси сыпаты - басым. Қазір бүкіл әлемдік ауқымда ұлт тілдерін жоюға бағытталған «тіл шапқыншылығы» жүріп жатыр. Міне, осы мақсатқа қол жеткізуде «ағылшын тілінде» сөйлейтін «Болон» да айтарлықтай «үлес қосып келеді». Атап айтар болсақ, еліміздің білім беру саласында қолданылатын барлық терминдер ағылшынданды дерлік; сабақ кестелері ағылшын тілінде жасалынып, бұрын қазақша өткізіліп келген оқу пәндері ағылшын тілінде өтілетін болды; оқу бағдарламалары қазақ бөлімдерінде бұрын тек қазақ тілінде ғана жасалынса, енді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде болуы талап етіліп жатыр; бітіру жұмыстарының тақырыптары, түсініктемелері де «ағылшынша сөйлеп» тұратын болды; оқу орны ағылшын тілін меңгере түскен сайын, оның рейтингі де өсе түсетін болды; т. б.
Болон жүйесінің тағы бір елеулі «жаңалығы» - оқылатын пәндердің, әр сабаққа бөлінетін дәріс сағаттарының күрт азайып кетуі. Мысалы, 1-ші сыныптан Әліппенің түсіп қалуы қоғамды біраз дүрліктірді. Жаңа жүйенің тауқыметін көп көрген әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері болды. Бұлардың сағаты қысқарғанмен тұрмай, Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті қосылып, бір пән ретінде өтіле бастады. Бұрындары жоғары оқу орындарында бір пән 120-140 сағат көлемінде оқытылса, қазір 32-48 сағат (2-3 кредит, мұның жарымы - практикалық) болып қалды. Мұның барлығы да - мемлекеттік тілі бар тәуелсіз Қазақстан атты елде болып жатқан жағдайлар. Осылайша, «Еуропаға жол ашқан» Болон жүйесі ұлтымыздың болашағына балта сілтеп жатыр.
Әлемдік банктің қаржылай қолдауымен жүзеге асқан білім берудің жаңа жүйесі бойынша, Қазақстанда мектептер 12 жылдық білім беруге көшті; ал жоғары оқу орындары бакалавриат, магистратура, PhD докторантура сатыларынан тұрады. Осы салалардың барлығында дерлік күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелер баршылық. Әсіресе қаптап кеткен қағазбастылықтан оқытушылар бас көтере алмай қалды. Білім беруді ұйымдастыру, мазмұнын, сапасын арттыру, бағалау сияқты жұмыстарда да ойлананрлық жәйттер баршылық. Солардың ішінде ұлттық білім, тәрбие берудің негізгі құралы саналатын оқулықтардың жағдайы тіптен де сын көтермейді. Осы сияқты көптеген мәселелердің ұлттық
топырақта нақтылы шешімін таппауы жалпы білім деңгейінің төмендеуіне апарып соқтырды.
«Елімізде мынау қазақ мектебі, анау орыс мектебі деген бөлуді қоятын кез келді. Жалпы орта мектептердің барлық пәндерін мемлекеттік тілде оқытуды қолға алуымыз керек. Тек орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі сол аталған тілдерде берілуі тиіс. Келешекте орыс тілінің сағаттарын қысқарту арқылы әлемдік тіл ағылшын тілінін сағаттарын көбейтуге болады. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына әдеп, қоғамдық орындарда өзін қалай ұстауды, табиғатты, қоршаған ортаны, адамды сүюді, еңбекке баулу және оны қастерлеуді, отбасылық құндылықты қадірлеуді үйретуге барынша көп уақыт бөлген дұрыс деп санаймын. Ұзақ жылдар оқушылар тарапынан қалыптасып қалған мектеп мұғалімдеріне «апай, ағай» деген атаулардан айырып, Ұстазым еп атаған дұрыс болар деп ойлаймын. Бұл ұстаз мәртебесін биіктете түседі (Мұрат Бақтиярұлы. Орта мектептердің барлық пәндерін мемлекеттік тілде оқыту керек! «facebook» парақшасынан. 02.12.2019).
«Ұлт мектебі - ұлт тілі негізінде қойылуға тиісті». «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай серттесуге болады. Сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт». Бұл сөздерді осыдан бір ғасыр уақыт бұрын қазақтың ХХ ғасырдағы ұлы ақыны, қазақтың тұңғыш «Педагогикасын» жазған Мағжан Жұмабаевтың аузынан шыққан екен. Тәуелсіздігімізді, елдігімізді қамтамасыз етіп отыруға тиіс осы бір қарапайым қағиданың егемен елімізде күні бүгінге дейін толық жүзеге аспай келе жатқанына еріксіз қынжыласыз...
Болон жүйесі қазақ білімі мен бірге ғылымын да тоқырауға ұшыратты. PhD докторанттарына «Thomson Reuters», «Scopus» рейтингтеріндегі ағылшын тіліндегі журналдарға мақала жариялау міндеттелген. Жоғары оқу орындарының ұстаздарынан педагогикалық қызмет атқару, түрлі ғылыми жобаларға қатысу үшін де осы сынды мақаласының болуы талап етіледі. Тіпті, жоғары оқу орны ұстаздарының, ғалымдардың ғылыми-педагогикалық қызметі ол жазған том-том ғылыми зерттеу еңбектерімен емес, ағылшыншаға ақша төлеп аудартып, ақша төлеп жариялатқан мақалаларымен бағаланады. Қазақ тілінде көлемді монография жазған профессордың еңбегіне қарағанда, бір мақаласы ағылшын тілінде жарық көрген PhD докторының рейтінгі жоғары. Осы жүйе бойынша, жоғары оқу орындарының рейтингі анықталды.
Ағылшын тіліндегі мақаланы жариялаудың ақысы да - қомақты. Осындай жағдайды кейбір ағылшын тілді пысықайлар ұтымды пайдаланып, мәтінді аудару, жариялау ақысын аспандатып, пайда табу жолына айналдырды.
Ағылшын тілі қазір Қазақстанда бизнес көзіне айналған. Мектеп оқушыларынан бастап, бакалавр, магистр, докторанттармен бірге оқытушылар да жаппай ағылшын тілін оқуға мәжбүр. Міне, қазақ даласына «Болон» жүйесімен бірге келген ағылшын тілінің тәуелсіз мемлекет Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілін білім беру саласынан осылайша ығыстыра бастады. Осылайша, білімі, ғылымы өз тілінде сөйлемеген, ұлттық тәрбиесін алмаған ұлттың өзі де жоғалатынын естен шығара бердік.
Қазақ болу үшін оның ғылымы да қазақша болу керек. Ағылшын тіліндегі ғылым қазақтікі емес. Сондықтан да Қазақстанда қазақ тіліндегі ұлттық ғылымның дамуына барынша қолдау жасап отыру биліктің ұлт алдындағы абыройлы парызы болмақ. Қазақстан моноұлтты мемлекет болғандықтан да қазіргі таңдағы қазақ ғылымындағы келеңсіз жағдайдан шығудың бірден-бір жолы ретінде қазақ тілінде жазылған еңбектерге басымдық берілуі тиіс.
Бұл жерде біз мына бір мәселелерге онша мән бермей жатқан сияқтымыз. Қазақстанның жоғары оқу орындары Батысқа емес, Қазақстанға қажетті мамандар даярлайды. Оның үстіне Қазақстанның білім дипломымен Еуропада күтіп отыруы, қызметке ала қоюы - екіталай. Десек те бірлі-жарым дарынды жастарымыздың дүние қуып, шет асып жатқаны да жасырын емес. Бұл дегеніміз - қаншама қаржы жұмсап, маман дайындаған еңбегіміз далаға кетті, мемлекетіміз экономикалық шығынға ұшырады деген сөз. Сол сияқты шетелде оқып жатқан қазақ жастарының елге оралып, Қазақстанның экономикасын дамытуға атсалысады деудің өзі де күмәнді. Демек, «Болон» жүйесінде дайындалған маман әлемнің кез келген елінде жұмысқа тұра алады» деген әдемі сөздің артында байқап қараған адамға не бір құйтырқы әрекеттердің елесі жатыр.
Мемлекеттің мықты болуы ғылым мен техниканың жетістіктерін өндірісте, қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдана білу арқылы мүмкін. Қазір әлемнің дамыған елдері ғылымға бөлетін қаржыны жыл сайын өсіріп келеді. Мысалы, Израиль 2017-жылы 4,6 пайыздан 2018-жылы 4,86 пайызға, Финляндия 3,48 пайыздан 2018-жылы 4,01 пайызға, Жапония 3,4 пайыздан 3,42 пайызға, Швеция 2017-жылы 3,75 пайыз, 2018-жылы 4,00 пайызға өсірген. КСРО-ның кезінде жыл сайын бюджеттің орта есеппен 3 пайыздайын кеңестік ғылымды дамытуға жұмсап отырған. Ал біздегі жағдай - бұған мүлдем керісінше. Ғылым саласына жұмсалатын қаражат жыл сайын қысқара-қысқара, қазір 0,16 пайызды ғана құрап отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғанда, еліміздің ғылым саласында 42 мың ғалым еңбек етсе, қазір бұл көрсеткіш 22,4 мыңға дейін төмен түсіп кетті.
Қазақ ғылымы да «Болон» жүйесінен, «үш тұғырлы тілден» көрепасты көріп келеді. Әсіресе, тіл білімі, әдебиеттану, қазақ тарихы, ұлттық педагогика, ұлттық психология, ұлттық пәлсапа, т. б. секілді ұлттың ұлт болып өмір сүруін қамтамасыз ететін қоғамдық ғылымдар шетқақпайлық
көруде. Адамның денсаулығын медицина қадағаласа, ұлттың, қоғамның «денсаулығын» қоғамдық ғылымдар қамтамасыз етеді. Белгілі бір халықтың ұлттық дамуы оның қоғамдық ғылымдарының жай-күйінен анық көрінеді.
Қоғамдық ғылымдардың мұндай күйге ұшырауына нарықтық экономиканың ғылым пайда түсіруі керек дейтін прагматикалық ұстанымы айтарлықтай әсер етіп отыр. Дұрыс. Бірақ та қоғамдық ғылымдар, оның ішінде тілтану, әдебиеттану, тарихтану секілді ғылымдар ұлтқа «сервиздік» қызмет көрсетіп, ұлттың «денсаулығын», толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ететін, адам капиталын, ұлттың өміршеңдігін арттырып отыратындығы барлық уақытта да естен шықпауы керек. Қоғамдық ғылымдарды дамыту дегеніміз - ұлтты дамыту қамы. Ұлтты сақтап отыратын да, не болмаса, іштей ірітіп құртатын да осы - қоғамдық ғылымдар. Сондықтан да ертеңін ойлаған елдер қоғамдық ғылымдарға келгенде, қаражатты аямайды.
Қоғамдық ғылымдардың идеологиялық сыпаты бар. Заманның өзгеруімен бірге қоғамдық ғылымдар да өзгеріп, ұлттық сана-сезімнің жетіле түсуіне қызмет етеді. Идеология өз кезегінде өзіне керекті материалдардың барлығын осы қоғамдық ғылымдырдан алады. Ұлттық даму жолдарын ғылыми тұрғыдан дұрыс анықтап, негіздей алған ұлттық идеология ғана қоғамды дұрыс бағытқа сала алады. Мықты идеологияға сүйенген ұлттың дамуы да дұрыс бағытта болады. Сондықтан да әлемдік тәжірибеде ертеңін ойлаған ұлт, мемлекет ең алдымен, қоғамдық ғылымдарға назар аударып, өзінің кім екенін, қайда, не істеп жүргенін анықтап алғаннан кейін барып, болашаққа қарай бет алады. Сол болашақтың іргетасын қалай қалап, осыдан 20-30-40 жылдан кейінгі Қазақстанның иелерін қалай тәрбиелеп жатырмыз деген сияқты мәселелер бүгінгі күні күн тәртібіне өткір қойылып отыр.
Тіл - ұлттың жаны. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» (Ахмет Байтұрсынұлы). Сондықтан да дамыған елдер ең алдымен, тілін дамытуға, сол тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тіл ретінде қолданылуын, дамуын қамтамасыз етіп отыратын жағдайлар жасап, мұның барлығын ғылыми тұрғыдан негіздеп отырады. Тіл де жанды организм сияқты. Сондықтан да оның дамуы барысында туындап отыратын түрлі проблемаларды ғылыми тұрғыдан шешіп, бағыт-бағдарды анықтап отырудың маңызы зор.
Осы жерде тағы бір мәселе бар. Жаратылыстану ғылымдары негізінен, интернациональдық сыпатта болса, гуманитарлық ғылымдардың басты мақсаты ұлттың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ету болғандықтан да ұлттық тілде көрініп, ұлттық сыпат танытады. Сондықтан да қазақ тіл білімі,
қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, қазақ философиясы, қазақ педагогикасы, қазақ психологиясы, қазақ өнері секілді ұлттық мазмұндағы қоғамдық ғылым салалары бойынша зерттеулерді басқа елдер, бірлі-жарым мамандар болмаса, онша қажет ете бермейді. Сондықтан да қазақ тілінде жазылатын қоғамдық ғылымдар бойынша жазылған зерттеулерге қойылатын талаптарды жаратылыстанумен бірдей етуге мүлдем болмайды. Керісінше, гуманитарлық ғылымдардың ғана емес, жаратылыстану зерттеулерінің де ұлттық тілде жазылуына ерекше мән берілуі керек. Қазақ ғылымы алдымен, қазаққа қызмет етуі тиіс екендігі әрдәйім есте болуы тиіс.
Ғылымның қазақ тілінде дамуы ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін арттырып, қауіпсіздігін сақтайды. Қазақ тілінің қазіргі қазақ қоғамында мемлекеттік тіл ретіндегі өзіне тиесілі орнын ала алмай отыруы, соның салдарынан да көптеген ұлтаралық мәселелердің өз шешімін таба алмай жатуы әлеуметтік жағдайлардың ушыға түсуіне алып баратындығын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Алаш ардагерлері ұлттық тәрбие алмаған ұлтына қызмет ете алмайды деп ескерткен. Мемлекеттің тәуелсіздігі, болашағы ең алдымен, оның тілінен, атап айтқанда, мемлекеттік тіл ретінде қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуынан көрінеді. Күнделікті қарым-қатынастан бастап, қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылмаған тілдің, сонымен бірге ұлттың да болашағы - бұлыңғыр.
Оңтүстік Африка университетінің кіреберісінде «Кез келген ұлтты жою үшін атом бомбасының, не болмаса, алыс қашықтыққа ұшатын ракетаның қажеті жоқ. Тек білім беру сапасын төмендетіп, емтиханды өтірік тапсыруға рұқсат қана қажет»-деген жазу тұрған көрінеді. Сонда білім беру саласының құлдырауы дегеніміз ұлттың жойылуына апарар бірден-бір тура жол болып тұр ғой.
Әрбір халықтың мемлекеттік шекаралармен бөлінген өз елдері бар. Сол сияқты әрбір адамның тілдік шекаралармен шектелген, сол тілде жасалынған рухани әлемі тағы бар. Адам да, халық та материалдық жағынан қаншама шылқыған бай болғанымен де рухани жағынан жетілмей жатса, ол қоғамдық өмірде мықтылық таныта алмайды. Ұлттық рухқа, жалпыадамзаттық құндылықтарға арқа сүйегенде ғана адам өз заманына лайықты өмір сүре алады.
болсын, мейлі, көп болсын, ешқашан да жоғалмайды. Сол ұлттың тілін, сол тілде жасалынған рухани құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіріп, ұлттық, азаматтық сана-сезімін қалыптастыратын - ұлттық білім беру, ұлттық тәрбие жүйесі. Олай болса, өзге жұрттардың бұл саладағы озық тәжірибелерінен үйрене отырып, жас ұрпақты тәрбиелеудің заманға лайықты ұлттық үлгісін жасау - бүгінгі күннің алдында тұрған аса маңызды мәселе.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор