Сабаққа кедергі келтірілмейді
2020 ж. 02 наурыз
1248
0
2019 жылдың желтоқсан айында Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында пайда болған COVID-19 вирусы бүгінгі күнге дейін әлемнің 130-дан астам еліне тарағаны белгілі. Осыған орай Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы әлемге тарап жатқан бұл «індетті пандемия» деп жариялап, оған қарсы шараларды қолға ала бастады. Әлем елдерін алаңдатқан COVID-19 вирусы, өкінішке орай, біздің елімізді де айналып өтпеді. Осы індеттің алдын алу және еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының 16 мен сәуір айының 15-і аралығын Қазақстанның барлық аумағында коронавирустың салдарынан төтенше жағдай жариялағаны мәлім.
Президент тапсырмасына байланысты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 16 наурыздан сәуірдің 5-не дейін балалар көктемгі демалысқа жіберілгенін атап өтіп, ал колледждер мен барлық жоғары орындары студенттері 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқу жүйесіне көшкенін атап өтті. Аталған мәселеге байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев қоғамның қауіпсіздігі мен азаматтармыздың амандығы үшін биылғы 16.03. – 05.04. аралығында білім алушыларды қашықтықтан оқыту технологиясына көшіру жөніндегі жұмыстарды бастап кетті. Бұл үдеріс біздің университетіміз үшін аса ауыр қиындықтар туындатпады. Өйткені, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бірнеше жылдан бері қашықтан оқыту технологиясын кеңінен пайдаланып келеді. Осының нәтижесіне университет ректоры бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес жасалынатын жұмыстарды біздің мамандар жедел қолға алуда. Атап айтар болсақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазіргі таңда «Univer», «Google Classroom», «ZOOM» платформаларымен қашықтан оқыту мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған платформалар университет мұғалімдері мен білім алушыларына қиындық туындатып жатқан жоқ. Бұлай дейтін себебіміз, 2020 жылдың 8 қаңтарындағы университет ректоры Т.Балықбаевтың бұйрығымен (03-05/12) әлемдік білім беру жүйесіндегі онлайн платформаларды үйретуге бағытталған «Пайдалы платформа» жобасы 13.01.2020- 25.02.2020 жж. аралығында жүзеге асырылды. Курсқа барлық білім алушылар қатынасып, онлайн платформалармен жұмыс істеп, LSM MOODLE жүйесімен қашықтықтан оқыту технологиясы жүріп жатыр. Бұл жүйе қашықтықтан білім беру жүйесі ретінде Еуропа елдеріне кеңінен таралып, танылған. LSM MOODLE тұғырнамасы Open University (UK), Microsoft(UK), Google(UK), және Istiuto Superiore di Sanita ISS (Италия) ұйымдарда белсенді қолданыста. Сондықтан біз университеттегі білім алушылардың білім үдерісіне сай қажетті біліммен қамтамасыз ету үшін осы бағдарламаны кеңінен қолданудамыз. Оқу орнымызда жасалып жатқан игі бастамалардың арқасында кез-келген жағдайда, кез-келген уақытта студенттеріміз білім алуға дайын екенін жеткізгім келеді.
Қазіргі таңда болып жатқан ахуал қоғам үшін аса қауіпті әрі жауапты екенін бәріміз білеміз. Бұл жайында да университет әкімшілігі білім алушыларға кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізді. Студенттер мен оқытушылар ортақ мәмлеге келіп әр топ өздері таңдаған платформа бойынша қашықтықтан оқыту жұмыстарын бастап кетті. Қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша 9000-ға жуық білім алушы оқуын кедергісіз жалғастыруда. Университет тарапынан оқытушыларға да, білім алушыларға да тиісті жағдай жасалған. Осы ретте білімнің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті кедергісіз біліммен – кемел келешекке ұмтылыс жасауда.
Х.Жанбеков,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, жер ғылымдарының докторы, профессор.
qazaquni.kz