ТАҒЫ ДА 700 МҰНАЙШЫ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫ... ПРЕЗИДЕНТ тағы да... БІЛМЕЙ ҚАЛМАСЫН...

 Бүгін Алматыда Қызылорда облысындағы Құмкөл кенорнындағы қытайлық «СНПС» компаниясының еншілесі «PetroKazakhstan» басшылығына шағым айтып бір топ қазақ жұмысшысы баспасөз мәжілісін өткізді. Қытайлық мұнай компаниясына тасымалдық қызмет көрсетуші Консурциум БИС мекемесінің қызметкерлері қытай компаниясының Қазақстан азаматарына деген бассыз әрекетіне көз жұма қарап отырған жергілікті билік органдарына наразы. Ашынған азаматтар Жаңаөзен қырғыны тағы қайталанбас үшін, бұл жағдай жөнінде президент Нұрсұлтан Назарбаевты ертеректен құлағдар етсек дейді. Қайғылы оқиғадан кейін Н.Назарбаевтың Жаңаөзен халқымен кездесіп, «маған ақпарат жетпеді, жағдайды білмей қалдым» деген сөзін еске алды.
                                                      ҚАЗАҚТАР ҚЫТАЙЛАРҒА ТЕГІН ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК Консурциум БИС бас директоры ДілдаханАхметовтың айтуынша, олардың мекемесі он жылдан бері «PetroKazakhstan» компаниясына үздіксіз әрі сапалы қызмет етіп келеді. Осыған дейін Консурциум БИС қызметінінің сапасына қатысты бір де бір инвестордан шағым түспеген. Мекеме канадалық инвесторлар қарамағында болған тұста жағдайлары жақсы болғанын айтады. «2001-2005 жылдар аралығында «PetroKazakhstan» канадалық инвесторлар қарамағында болды. Ол кезде жалақымыз жоғары, жұмыс жағдайымен толық қамтылған еді. Бар мәселе қытайлық инвесторлардың келуімен басталды. Олар жалақыны жылдан жылға пайыздап төмендете берді. Мәселен, жалақы 2008 жылы 5 пайызға, 2010 жылы 17 пайызға, 2011 жылы 11 пайызға, 2012 жылы тендердің талабы бойынша 13 пайызға қысқарды. Оған да көндік. Бірақ, «PetroKazakhstan» биыл тендерді жеңгіміз келсе жалақыны 30 пайызға қысқартуға көнуімізді талап етті. Әрине біз бұған келіспедік. Себебі, компания Канада инвесторларынан Қытай инвесторларына өткен уақыттан бері жалақы онсыз да 58 пайызға қысқарды. Ал нарықта баға шарықтап барады. Біз олар ұсынған қаражатты вахталық жүйемен жұмыс істейтін жұмысшылардың жатын орны мен тамағына да жеткізе алмаймыз. Сонда түсінгенім, қытайлықтардың басты мақсаты қазақтарға тегін жұмыс істеткізу», - дейді Ділдахан Ахметов.  Ділдахан Ахметов ПРЕЗИДЕНТ ТАҒЫ БІЛМЕЙ ҚАЛМАСЫН Консурциум БИС жұмысшылар кәсіподағының жетекшісі Төреғали Сырғалиев жергілікті құзырлы мекеме атаулының бәрінің есігін тоздырғандарын, бірақ бірінен қайыр болмағанын айтады. « Біз мұнда тек осы отырған азаматтардың атынан емес, бүтін ұжымның, 700 жұмысшының атынан сөйлеп отырмыз. Ол 700 азаматтың артында асыраушысына қарап отырған 3500-4000 адам тағы бар. Барлығының да жанұясы осы азаматтарға қарап отыр. Бұл мәселені баяндап, көмек сұрап біз тоздырмаған есік қалмады. Енді міне Алматыға басшымызбен бірге арнайы келіп, баспасөз өкілдері арқылы жағдайды баяндауды жөн көрдік. Мүмкін президент Нұрсұлтан Назарбаев пен үкімет басшысы жағдайды естіп бір көмегін берер. Мүмкін президент естімей жатқан шығар. Ол кісі өткенде Жаңаөзен оқиғасынан кейін өзінің айтқан сөзі бар, «маған дұрыс хабарламады, сөйтіп уақытты жіберіп алдым» деген, біз енді міне артымызда тұрған мыңдаған адамның наразылығы, ашуы мен ызасы елбасыға жете ме деп сіздерге сеніп келіп отырмыз», - дейді Т.Сырғалиев.    Төреғали Сырғалиев БҰЛАР ТҮБІ ӨЗ ҚЫТАЙЛАРЫН АЛЫП КЕЛЕДІ Ал Ділдахан Ахметов қытайлардың қазақтарға қатысты бұл бассыздығының астында үлкен саясат жатыр ма деп күдіктенеді. «Бұл қытайдың түпкі ойы қазақтарды қуып шығып, кен орындарына өз қытайларын алып келу ме деп қорқамын», - дейді ол. Он жыл қатарынан үздік жұмысымен ерекшеленген компанияға, оның жұмысшыларына қарсы жасалған мұндай бассыздыққа қоғам назарын аудару бүгінгі жиынның басты мақсаты екенін айтады. Айтуынша «PetroKazakhstan» компаниясы тендер бөлу кезінде Қазақстан заңдарын өрескел бұзған, және оны сотта дәлелдеуге дайын. Бұл жөнінде прокуратураға шағым түсіргендерін, жақын күндері құзырлы мекемеден жауап болса ол жөнінде қоғамды хабардар ететіндерін жеткізді. «Ендігі күресті тоқтатпаймыз, заңсыздықпен күресіп, әділеттілікке жетпей қоймаймыз» дейді Консурциум БИС жұмысшылары.    «ЖАҢАӨЗЕН» ДЕ 700 ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЕРЕУІЛІНЕН БАСТАЛҒАН Естеріңізге сала кетейік, сегіз айға созылып, қанды қырғынға ұласқан Маңғыстау облысы мұнайшыларының да ереуілі мұнай компанияларына қызмет көрсетуші «Ерсай Каспиан Котрактор» компаниясының 700 жұмысшысының ереуілінен басталған. «Ерсай» соңынан «ҚаражанбасМұнай», «Өзенмұнайгаз» компанияларының мыңдаған мұнайшысы наразылыққа шығып, ереуіл 9-мамырдан 16-желтоқсанға дейін жалғасқан еді. Инга ИМАНБАЙ, www.janaozen.net