ТАҒЫ ДА 700 МҰНАЙШЫ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫ… ПРЕЗИДЕНТ тағы да… БІЛМЕЙ ҚАЛМАСЫН…

2
1113

 Бүгін Алматыда Қызылорда облысындағы Құмкөл кенорнындағы қытайлық «СНПС» компаниясының еншілесі «PetroKazakhstan» басшылығына шағым айтып бір топ қазақ жұмысшысы баспасөз мәжілісін өткізді. Қытайлық мұнай компаниясына тасымалдық қызмет көрсетуші Консурциум БИС мекемесінің қызметкерлері қытай компаниясының Қазақстан азаматарына деген бассыз әрекетіне көз жұма қарап отырған жергілікті билік органдарына наразы. Ашынған азаматтар Жаңаөзен қырғыны тағы қайталанбас үшін, бұл жағдай жөнінде президент Нұрсұлтан Назарбаевты ертеректен құлағдар етсек дейді. Қайғылы оқиғадан кейін Н.Назарбаевтың Жаңаөзен халқымен кездесіп, «маған ақпарат жетпеді, жағдайды білмей қалдым» деген сөзін еске алды.

                      

  

                            ҚАЗАҚТАР ҚЫТАЙЛАРҒА ТЕГІН ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК

Консурциум БИС бас директоры ДілдаханАхметовтың айтуынша, олардың мекемесі он жылдан бері «PetroKazakhstan» компаниясына үздіксіз әрі сапалы қызмет етіп келеді. Осыған дейін Консурциум БИС қызметінінің сапасына қатысты бір де бір инвестордан шағым түспеген. Мекеме канадалық инвесторлар қарамағында болған тұста жағдайлары жақсы болғанын айтады. «2001-2005 жылдар аралығында «PetroKazakhstan» канадалық инвесторлар қарамағында болды. Ол кезде жалақымыз жоғары, жұмыс жағдайымен толық қамтылған еді. Бар мәселе қытайлық инвесторлардың келуімен басталды. Олар жалақыны жылдан жылға пайыздап төмендете берді. Мәселен, жалақы 2008 жылы 5 пайызға, 2010 жылы 17 пайызға, 2011 жылы 11 пайызға, 2012 жылы тендердің талабы бойынша 13 пайызға қысқарды. Оған да көндік. Бірақ, «PetroKazakhstan» биыл тендерді жеңгіміз келсе жалақыны 30 пайызға қысқартуға көнуімізді талап етті. Әрине біз бұған келіспедік. Себебі, компания Канада инвесторларынан Қытай инвесторларына өткен уақыттан бері жалақы онсыз да 58 пайызға қысқарды. Ал нарықта баға шарықтап барады. Біз олар ұсынған қаражатты вахталық жүйемен жұмыс істейтін жұмысшылардың жатын орны мен тамағына да жеткізе алмаймыз. Сонда түсінгенім, қытайлықтардың басты мақсаты қазақтарға тегін жұмыс істеткізу», – дейді Ділдахан Ахметов.

 Ділдахан Ахметов

ПРЕЗИДЕНТ ТАҒЫ БІЛМЕЙ ҚАЛМАСЫН

Консурциум БИС жұмысшылар кәсіподағының жетекшісі Төреғали Сырғалиев жергілікті құзырлы мекеме атаулының бәрінің есігін тоздырғандарын, бірақ бірінен қайыр болмағанын айтады. « Біз мұнда тек осы отырған азаматтардың атынан емес, бүтін ұжымның, 700 жұмысшының атынан сөйлеп отырмыз. Ол 700 азаматтың артында асыраушысына қарап отырған 3500-4000 адам тағы бар. Барлығының да жанұясы осы азаматтарға қарап отыр. Бұл мәселені баяндап, көмек сұрап біз тоздырмаған есік қалмады. Енді міне Алматыға басшымызбен бірге арнайы келіп, баспасөз өкілдері арқылы жағдайды баяндауды жөн көрдік. Мүмкін президент Нұрсұлтан Назарбаев пен үкімет басшысы жағдайды естіп бір көмегін берер. Мүмкін президент естімей жатқан шығар. Ол кісі өткенде Жаңаөзен оқиғасынан кейін өзінің айтқан сөзі бар, «маған дұрыс хабарламады, сөйтіп уақытты жіберіп алдым» деген, біз енді міне артымызда тұрған мыңдаған адамның наразылығы, ашуы мен ызасы елбасыға жете ме деп сіздерге сеніп келіп отырмыз», – дейді Т.Сырғалиев.

   Төреғали Сырғалиев

БҰЛАР ТҮБІ ӨЗ ҚЫТАЙЛАРЫН АЛЫП КЕЛЕДІ

Ал Ділдахан Ахметов қытайлардың қазақтарға қатысты бұл бассыздығының астында үлкен саясат жатыр ма деп күдіктенеді. «Бұл қытайдың түпкі ойы қазақтарды қуып шығып, кен орындарына өз қытайларын алып келу ме деп қорқамын», – дейді ол. Он жыл қатарынан үздік жұмысымен ерекшеленген компанияға, оның жұмысшыларына қарсы жасалған мұндай бассыздыққа қоғам назарын аудару бүгінгі жиынның басты мақсаты екенін айтады. Айтуынша «PetroKazakhstan» компаниясы тендер бөлу кезінде Қазақстан заңдарын өрескел бұзған, және оны сотта дәлелдеуге дайын. Бұл жөнінде прокуратураға шағым түсіргендерін, жақын күндері құзырлы мекемеден жауап болса ол жөнінде қоғамды хабардар ететіндерін жеткізді. «Ендігі күресті тоқтатпаймыз, заңсыздықпен күресіп, әділеттілікке жетпей қоймаймыз» дейді Консурциум БИС жұмысшылары.

 

 «ЖАҢАӨЗЕН» ДЕ 700 ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЕРЕУІЛІНЕН БАСТАЛҒАН

Естеріңізге сала кетейік, сегіз айға созылып, қанды қырғынға ұласқан Маңғыстау облысы мұнайшыларының да ереуілі мұнай компанияларына қызмет көрсетуші «Ерсай Каспиан Котрактор» компаниясының 700 жұмысшысының ереуілінен басталған. «Ерсай» соңынан «ҚаражанбасМұнай», «Өзенмұнайгаз» компанияларының мыңдаған мұнайшысы наразылыққа шығып, ереуіл 9-мамырдан 16-желтоқсанға дейін жалғасқан еді.

Инга ИМАНБАЙ,

www.janaozen.net

2 ПІКІРЛЕР

  1. Монополистердің үстемдігі
    Капиталистік қоғамның ажырамас бөлігі монополия. Капиталистік қоғамда монополистер үстемдік жүргізеді. Мемлекеттің нағыз қожалары да солар.
    Мемлекеттің жоғарғы басқарушы орындарында отыру арқылы немесе өз адамдарын сол орынға тағайындау арқылы мемлекеттің экономикалық және саяси өміріне өз ықпалын жүргізеді. Бүгінгі олигарх ертең шенеунік, кешегі шенеунік бүгін олигарх. Осылайша мемлекет пен монополиялардың мүдделері ұштасып жатады.
    Олар өз мемлекеттерінде ғана емес басқа да шет мемлекеттерде үстемдігін жүргізе алады. Шетке капитал шығару, бізше әдемілеп айтқанда «инвестиция» арқылы үстемдікке қол жеткізеді. Шетке капитал шығару негізінен экономикалық жағынан артта қалған мемлекеттерді қамтиды. Оның ішінде шикізаттың бай қоры бар және арзан жұмыс күші бар елдерді таңдайды. Үстемдік жүргізудің не бір құйтырқы түрлерін ойлап тапқан. Мысалы финанс монополиясы басқа елдерге қомақты мөлшерде қарыз беріп оларды «қораға» кіргізіп қояды.
    Келімсек монополистер жергілікті мемлекеттердің заңдарына бағына бермейді. Мемлекеттің «Ата заңы» оларға жүрме бермейді, өйткені олар өздерінің ыңғайлы,өздерінің мүдделерін қорғайтын заң шығартып алады. Ол заң сол елдің Конституциясына қайшы болмай ма деп бас қатырып жатпайды, олардың ақ дегені ақ, қара дегені қара. Біздің еліміздегі көптеген заңдардың «Ата заңымызға» қайшы келіп жатуының сыры осыда. Біз кейде дұрыс заң қабылдамады деп депутаттарды жазғырамыз, дұрыс шешім шығармады деп соттарды жазғырып жатамыз. Оларды жазғыруымыз бекершілік. Өйткені олар солай етуге мәжбүр.
    Бір ғана Қытай монополисті Маңғыстауда мыңдаған адамдарды 7 ай бойы алаңға қаңтарып, Н.Соколованы 6 жылға соттақызды. Н.Соколованы соттаған сотта,прокурорда оның еш жазықсыз екенін жақсы біледі, бірақ олар дәрмесіз.
    Ақиқатында «Әлеуметтік араздықты қоздырған» Н.Соколова емес, сол қытайдың өзі болатын. « Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кіреді» деген осы. Алаңда 7 ай тұрған жұмысшыларға Үкіметте , депутаттарда ара түсуге дәрмесіздік танытты, арты қантөгіске апарып соқтырды. Ал біз кінәлілерді басқа жақтан іздеп жатырмыз.
    Кейінгі кездегі монополияның кең тараған түрі финанс олигархиясы. Әлемде болып жатқан барлық бүліктер осылардың ісі. «Араб көктемін» көктеткенде осылар. Демократияны желеу еткен бұлардың мақсаты байлық пен үстемдік.
    Финанс олигархиясы мемлекетті өздерінің қара ниеттеріне пайдаланады. Қарапайым халықтың тұрмыс дәрежесін арттыру және демократия жолындағы күресін әлсірету үшін мемлекетті соларға қарсы заң шығаруға итермелейді. «Тіркеудің жаңа ережелері» және Еңбек кодексіне еңгізілген түзетулер осының айғағы.
    Олар халықтың бірлігін әлсірету үшін, олардың назарын басқа жаққа аудару үшін де неше түрлі құйтырқы істерге барады. Мысалы , «Орамал дауын» алып қараңыз, бір жапырақ орамалға бола қоғамды екіге жарып , қысқыстырып отыр. Маңғыстаудың қазақтары мен Шымкенттің қазақтарын алакөз қылып қойғаны анау. Ағылып келіп жатқан мысық тілеу миссионерлерде соларың жымысқылығы.
    Қарапайым халықты қиыншылыққа душар ететін дағдарыс,инфляция, жұмыссыздық сияқты бақытсыздықтың бәрі капиталистік қоғамның айнымас серігі. Капиталистік қоғам тек жеке адамдарды ғана бақтытты етеді, жалпы қарапайым халыққа бақыт сыйламайды
    Қазақ елінің болашағы әлеуметтік теңдік жүйесінде. Бізге билікте емес жүйені өзгеру қажет.Ұлттық ерекшіліктерімізді ескере отырып жаңа жүйе орнатуымыз керек.

  2. Қазақтың ер-азаматы арқалай алмай жүрген жүкті көтерген Инга қарындасым әрқашан жолың болсын. Жақсы заман да туар, қазақтың Тәуелсіздік туы желбірер күн де алыс емес шығар. «алтын орда» газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі, сен сияқты ұлтжанды жастарға тілеулес ағаң

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз