Еріктілер қарқынды жұмыс істеуде

Ел Президентінің биылғы 2020 жылды Еріктілер жылы деп белгілеуі жастардың осы бағытта жұмыла жұмыс істеуіне мұрындық болды. Әлемді дүрліктірген аты жаман індетке байланысты Мемлекет басшысы елімізде төтенше жағдай жариялаған соң қоғамның көмекті қажет ететін тобына жастар жағы ерекше назар аударды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма жанынан құрылған «Ақ жайық жастары» волонтерлік қозғалысы бүгінде осы бағытта белсене жұмыс жүргізуде. «Біз соғыс ардагерлері, көпбалалы аналар және жалғызбасты адамдарға көмек көрсетеміз. Көмекті қажет ететін отбасыларға азық-түлік жеткізіп беру және азық-түлік бағаларына мониторинг жасау сияқты екі бағытта жұмыс істейміз», – дейді Батыс Қазақстан облысы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Нұрхат Ораш. «Ақ жайық жастары» волонтерлік қозғалысы жұмыстың атқару барысын жүйелі түрде жолға қойған. Әр волонтер мониторинг жасау бойынша белгіленген өз учаскесімен жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, күні бүгінге дейін 70-тен астам мекенжайға азық-түлік жеткізілген. Осы бағыт аясында жастар екі түрлі әдіс арқылы жұмыс істейді. Бірінші, қайырымды жандар әперген азық-түлікті жеткізіп берсе, енді бір тобы үйден шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға азық-түлік сатып алып, жеткізіп беріп отырады. Ал олар тек чекте көрсетілген қаржыны төлейді. Қазіргідей Төтенше жағдай кезінде Орал қаласында 300-ден астам волонтер көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүр. Атаулы жылдың аясында «Ақ жайық жастары» волонтерлік қозғалысының құрамында жұмыс істеуге ниет білдіргендің қарасы қалың. Аталмыш, қозғалыстың сайтына 7 мыңнан астам волонтер тіркеліпті. Көмекке мұқтаж адамдар көбінесе сайт және WhatsApp арқылы байланысқа шығып отырады. «Мейірім – әлемді құтқарады» десек, өзгеге көмек көрсетуге даяр мейірімді жастарымыздың қатары көп болса екен дейміз. Сонда әлем де нұрлана түспек. qazaquni.kz