Қазыбек Иса: ҚҰЛДЫҚТАН ҚҰТЫЛМАҒАН АТАУЛАР
2020 ж. 17 наурыз
2340
0
БӘРІ ДЕ ЕЛ мен ЕРДІҢ АТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ!
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы басшылығы назарына!
Ел Тәуелсіз болуы үшін алдымен Ер Тәуелсіз, Елдің де, Ердің де есімдері де, саналары да Жат елдің жалғауы мен заңына Тәуелсіз болуы керек!
Ал бізде Елдің аты да БІРІКЕЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНДА әлі KAZAKHSTAN деп, "КАЗАХСТАН" деген РЕСЕЙ ТІЛІНДЕГІ ЖАЗЫЛЫМЫ ТҰР?!. БҰНЫ ҚАШАН "ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ" деп ауыстырамыз?
Кеңес империясының өзінде 71 жыл "ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ" деп аталған Елге биыл 100 жыл толады! Ендеше Ел атын өзімізде де, БҰҰ-да да ауыстыратын кез келді! Бұл туралы "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев көптен бері мәселе көтеріп келеді. Ұлт зиялылары да толық қолдау білдіруде.
Иә, Кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезеңінің өзінде 71 жыл "ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ" деп аталған Ел атына 1991 жылы Тәуелсіздік алғанда "СТАН" деген орынсыз жалғау қосуды ұсынып, Тәуелсіздік туының орнына жағымпаздық жалауын желбіретіп, отарлық санадан айрылмай жүргендер енді қателіктерін мойындап, елден кешірім сұрап, ақталуы үшін алдымен өздері ел атынан "СТАН" жалғауын алып тастауды үгіттеуі керек!
Содан соң қай тілде, қай әліпбиде жазылса да, ҚАЗАҚСТАН немесе ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ деген атау өзге тіл мен өзге әліпбидің ыңғайына жығыла салмау керек! Мысалы, біздегі Конституциямыздан бастап, орыс тілінде де, орыс тілді басылымдарда да тек "ҚАЗАҚСТАН" (QAZAQSTAN) деп жазылуы керек.
Бізде мемлекеттік органдардың басым бөлігінің аттары да, сайттарында Ресей тілімен жазылған. Бұл туралы кезінде тіпті "Егемен Қазақстанның" өзі де мәселе көтеріп, дабыл қақты!Сол секілді адам аттары да екі тілде екі түрлі болатын отарлық заманның сарқыншағынан арылатын кез жетті!
Мысалы, мен ешуақытта қай тілде болса да, орыс тіліндегі басылымдарда да, әкемнің азан шақырып қойған "Жарылқасын" деген атын "ЖарылКасынОВИЧ" деп Ресей тіліне бұрмаламақ түгілі, атымды "КАЗЫБЕК" деп айтқызып, жазғызбаймын, өйткені ол төлқұжатта - "ҚАЗЫБЕК". Екі-үш жыл бұрын Алматы ауыр машина жасау зауытының 70 жылдығына арналған салтанатты тойда мен алдын ала берген визиткамда бәрі дұрыс жазулы тұрса да "Казбек ЖарылКасынОВИЧ" деп сөз сөйлеуге шақырғаны үшін асабалар, белгілі телеарнадағы "ҚызықТаймс" деген белгілі хабардың белгілі жүршізушілері - екі жігіт менен жақсылап сөз естігені бар сол жерде. (Жалпы бізде тойдағы асабалардың басым бөлігі сауатсыз жадағай жаттамашылар ғой).
Менің Тәуелсіз мемлекетімнің аты барлық жерде "Қазақстан" деп аталуын талап ететінім секілді біздің Тәуелсіз мемлекетіміздің Президентінің аты-жөні де барлық жерде, барлық елде "Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқай" болуын қалайтындар көп қазір. Бұны әлеуметтік желілерден анық байқауға болады. Менің ойымша, Қадірлі Президентіміздің аты мен әкесінің аты төлқұжатта "Қасым-Жомарт Кемелұлы" болуы керек. Ендеше неге біз президенттің аты-жөнін бұрмалап, "Касым-Жомарт Кемелович" деп Өзге Ел тілінің ыңғайына жығылып, бұзып айтуымыз керек?!.
Егер Ел басшысы тегін Ұлттық негізде жазса, мемлекеттік қызметкерлердің бәрі үлгі алатыны анық!
Тоқсаныншы жылдары Рахманқұл Бердібай, Шерхан Мұртаза т.б. қаламгер-қайраткерлер, ұлт зиялылары аты-жөндерін қазақшалау үрдісін бастап, Елбасыға да емеурін танытқанда, Нұрсұлтан Назарбаев "Мен Біріккен Ұлттар Ұйымына қол қойып қойдым. Сіздер түгел өзгерте беріңіздер, арнайы Жарлық шығарып бердік қой" дегендей мазмұнда жауап берген еді. Бірақ біз кейін "Қазақ үні" газетіндегі "Тәжік президенті мен Тәжиннің тәлімі" атты мақаламызда БҰҰ-ға қол қойған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның тегінен "ОВ"-ты алып тастағанын жазған болатынбыз...
Бізде мынадай масқара бұрмалаулармен де аты-жөні Құлдық құлықпен отыз жылдан бері әлі өзгермей жүргендер де аз емес:
"НУрдАВлет, ДжарылКап, ГУлЬжан, АнарА, ЛЕйлЯ, АйгУлЬ, АлИ, КУрбан, МАлИкаДЖДар, КАкшетАВ, КАрГОС, ИртЫШ" т.б. Сонымен бірге АТАЛАРЫНЫҢ АЗАН ШАҚЫРЫП ҚОЙҒАН АТТАРЫНАН ОТЫЗ ЖЫЛДАН БЕРІ ӘЛІ "ОВ-ОВА-ОВИЧ-ОВНА, ИН-ИНА" ОТАРЛЫҚ ЖАЛҒАУЛАРЫНАН ҚҰТЫЛМАҒАНДАР!
Бұлар Нұрдәулет, Жарылғап, Гүлжан, Анар, Ләйлә, Айгүл, Әли, Әлі, Құрбан, Мәлікәждар, Көкшетау, Қорғас, Ертіс деген қазақтың керемет әуезді де, әдемі аттары ғой!
Тіпті масқарасы, осындай бұрмалаулар мен отарлық жалғаулар кейде Тәуелсіз Қазақстанда туғандардың аты мен тектерінде де кездесіп қалады. Шамасы, ата-анасы әбден құлдық өтіп кеткен, бұрынғы қожайындарына әлі "адал құлдар" болуы керек!
Өзінің құлдық құлқы мен жалқаулығын, яғни Ұлттық намыс алдымен Ел мен Ердің атынан басталатынына бас қатырғысы келмейтіндер өздері жиі пайдаланатын, әрдайым дайын тұратын мынадай өтірік сылтаулар бұл жерге жүрмейді:
1.Атын, тегін, әкесінің атын ауыстыру үшін Төлқұжатты ауыстыруға көп уақыт керек, әуресі көп; 2. Төлқұжатты ауыстыру үшін бұрынғы алып қойған Тууы туралы куәлік, диплом, неке куәлігі, жүргізуші куәлігі, үй құжаттары т.б. ауыстыру керек болады.
Бұл сылтаулардың бәрі өтірік!
Өйткені, өткен жылы тіл күрескері Мұқағали Балқыбай "МУКаГали БУркИтОВИЧ БалКыбаЕВ" деген орыс отаршылдығын білдіретін төлқұжатын жарты сағатта ауыстырды! Өтірік айтпайық, әрине, оған да алдымен ЦОН-дарда толып отырған, өздері жалақы алып отырған жұмыстарын түк білмейтін сауатсыздар болса да, өзгелерге кесепаттықпен кедергі жасайтын қызметкерлер жоғарыда біз келтіргендей: "1.Атын, тегін, әкесінің атын ауыстыру үшін Төлқұжатты ауыстыруға көп уақыт керек, әуресі көп; 2. Төлқұжатты ауыстыру үшін бұрынғы алып қойған Туы туралы куәлік, диплом, неке куәлігі, жүргізуші куәлігі, үй құжаттары т.б. ауыстыру керек болады"-деп шығарып салған. Сонда ол кесепатшылар ҚР Президентінің осыдан ширек ғасырдай бұрын 1996 жылы шыққан Азаматтардың аты мен тектерін Ұлттық негізде жазу туралы Жарлығын бұзып, кімдердің (басшыларының ба?..) тапсырысын орындап отыр?!. Кейін біз араласқасын, "ауыстыруға болмайды" деген төлқұжат құжаттары жарты сағатта дайын болды!
Иә, осыдан бір ай бұрын мен де жұбайыма ипотекалық несие алуға келісім беру үшін елордадағы нотариусқа бардым. ЦОН-дарда отыратын, төлқұжатын қазақшалағысы келетін кесепатшылар (әрине бәрі сауатсыз емес) секілді емес, менің 1992 жылғы Неке куәлігімдегі "Казбек Жарылкасынович Исаев" деген аты-жөніме және қазіргі төлқұжатымдағы орыс отаршылдығынан 1997 жылы құтылған "Қазыбек Иса Жарылқасынұлы" деген аттарыма бір қарап алды да, нотариалдық келісім жасап берді. Заңды білетін адам!
ЦОН-дағы отырған, заңды білмесе де, кесепат көрсететіндер мен заңды төлқұжатын қазақшалағысы келгендер үшін ҚР Президентінің 1996 жылы шыққан Азаматтардың аты мен тектерін Ұлттық негізде жазу туралы Жарлығын барлық ЦОН мекемелеріне іліп қою керек деп мен осыдан оншақты жыл бұрын жазып едім...
Мұқағалидың біздің "Қазақ үні" сайт/газетінде жарияланған "МЕНІҢ "МУКАГАЛИ" БОЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ" деген мақаласын оқыған бір ініміз сол газетті алып алды да, Елордадағы ЦОН-ға барып, жарты сағатта төлқұжатын ауыстырып алды. Ол інішек жұмыссыз жүрген қарапайым жігіт. Солар айтқанын істете алғанда, біздің "ақ дегені алғыс" Ақордада, Президент әкімшілігінде, Үкіметте, Парламентте, министрлік пен әкімдіктерде, мемлекеттік органдар мен мекемелерде істейтін қызметкерлер неге қолдарынан түк келмейтін дәрменсіз болып отыр?!.
Иә, бәрі өзімізге, Тәуелсіз санамызға байланысты! Ер есімінің қазақшалануы өздерінің ерлігі мен қайрат-жігеріне қарап тұр!
Ұлттық мүддені қорғау осындай қарапайым жәйттердегі қатаң ұстанымнан -Ұлттық намыстан басталады!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні