Қазыбек ИСА. ЕЛ НАМЫСЫ - ЖАҢАӨЗЕН!

Жаназа боп мереке, Жаңаөзенді жел керді... Ашынған аш ел өте, Той қазанды төңкерді!..   Мұнай - елдің қорегі, Қызығын қытай көреді... Қырылып қазақ өледі... Қор болардай осынша, Кімнен ұлтым кем еді...   Қара мұнай орнына, Қан ағызды қып-қызыл... Ел Тәуелсіз болды ма, Басты батпан тіпті зіл...   Ағып жатқан қаны өзен, Жаңа дәуір – Жаңаөзен! Шалғайдағы ел көрсетті, Болмайтынын және жем... Ел намысы - Жаңаөзен!   Маңғыстаудай маң дала, Қарады әлем таңдана... Өзі қыру – өз халқын, Жан алатын «жарнама» Жаңаөзенге жанашыр, Болып отыр бар қала!   Қара халқын қырғызып, Қара алтынды жинаған... «Үздіктерге» үргізіп, Үркінді елді қинаған, Бола алар ма сыйлы адам?!.   «Дамып кету»- далбаса, Жалған өмір сүргенбіз... Кім көрінген алдаса, Патшамызды кім дерміз?..   «Атқызған кім? Атқан кім?» Аттандайтын сұрақ бұл. Құл бола ма бек халқым, Болса әкімдер шұнақ құл... Тумаған ба ел тұмақты ұл?!.   Кемдігі жоқ ұлтымның, Кеңдігі ғой құлқынның... Құлқыны үшін Құрдымның, Құл бола алмас жұртым мың...   Тексіздердің құлы боп, Тер төккенше аһ ұрып... Тең атаның ұлы боп, Теңдік сұра ақырып!..   Ақысы – тер төккеннің, Жетімдік пен жесірлік! Нанын талап еткеннің, Қанын төгу не сұмдық!..   Аң атқандай қуып әр, Боялды ғой құм қанға... Аң атсаң да құны бар,- Ал қазақта құн бар ма?!.   Қайғысын ел көтерер, Басын қалай көтермес? Ердің құны өтелер, Елдің құны өтелмес!   Елді қорғай алмаған,- Кенді қорғау амалы... Жерді қорғай алмаған,- Жемді қорғау болады... Тілді қорғай алмаған, Кімді қорғай алады?   Бар ма халқым, не дерің, Кеңес болды Кеденің... Елес болды Бостандық, Бес теңге боп беделің... Қалай енді табамыз, Жараланған ел емін?..   Құмар болса Қамытқа, Құны болар халық па? Қара бастың қамы үшін, Халыққа күш танытпа! Бас айналса байлықтан, Тақ айналар табытқа!..   Желтоқсанның елесі, Ел кезіп жүр... Айта біл! Азаттықты келесі Алу керек қайта бір!..                         16.03.2012.