25 адам көшеге шықса, 250 полиция жүреді – депутат
2020 ж. 13 наурыз
1909
0
Митинг кезіндегі ішкі істер қызметкерлерінің этикасына қатысты норма керек. Мұндай ұсынысты митингті талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ. Бейбіт шеруге, бейбіт митингке қатысатындардың статусын жіліктеп жазыпсыңдар. Оның арасында журналистердің де қызметі де көрсетілген. Енді осы ретте шындыққа қарайықшы, бұған дейін митингтерді қарасақ, 25 адам митингке шықса, 250 ішкі істер органының адамы бірге жүреді. Жаңа алаң қоршалған, соғыс болған сиякты. Ол жерден өту қорқынышты. Адамдар митингке қатысушылардан емес, қоршап әскерден тұрғандардан қорқады. Баламыз мектебіне айналып басқа жолмен барады, - деді Берік Дүйсембинов. Оның айтуынша, митингте жүретін ішкі істер қызметкерлерінің арнайы этикасын заңға енгізу керек. Енді митингке қатысатын негізі ішкі істер органы. Еліміздің тыныштығы керек, оған сөзсіз келісемін. Олардың да жазығы жоқ. Бірақ меніңше, арнайы жасақ дейміз бе митингте жүретін ішкі істер қызметкерлерінің арнайы этикасын заңға енгізу керек. Әйтпесе, өзіміз балаларды жауыз қылып бітірдік. Қазіргі күні ешқандай министрдің баласы милиция болып көшеде адам сүйреп жүрген жок. Олардың бәрі қарапайым отбасының балалары. Қазір бейнекамералар бар, сол арқылы қарап отыру керек пе, сондай бір әрекет жасау қажет. Топырлатып жасақ жіберіп адамдарды сүйретуді тоқтату керек, - деді депутат.