Амангелді Айталы: Ұлттың бір адамын қорлау барлық ұлтты қорлаумен бірдей
2020 ж. 11 наурыз
5331
0
Адамдар арасындағы дау, қақтығыс, жанжал – қоғамдық құрылым қатынастарының заңды көрінісі. Ол ең кемінде екі жеке адамның немесе әлеуметтік топтардың позициялары, көзқарастары, мүдделері қарсылығынан туады. Сол дау-жанжалдардың бір қыры – ұлтаралық (этносаралық) қақтығыс, оны халықаралық ғылыми тілде конфликт, ал оны зерттейтін ғылымды конфликтология, оның бір саласын этникалық конфликтология ғылымы деп атайды. Ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстардың қай елде де өзіндік ортақ белгілері мен ерекшеліктері бар. Қазақ елінің де ұлтаралық ахуалының өз тарихи, психологиялық өзгешіліктері жоқ емес.
Ұлтаралық қатынастардың шиеленісуіне, күрделеніп, тіпті асқынып қақтығыстарға ұласуына жалпы мемлекеттегі ұлтаралық қатынастар ахуалы әсер етеді. Сондықтан ұлтаралық қатынастарды макродеңгей және микродеңгей деп қарастырады. Макродеңгей дегеніміз – мемлекеттегі жалпы ұлтаралық ахуал, ал микродеңгей – нақты бір аймақтағы, елді мекендегі ахуал және олардың арасында өзара ықпалдастық бар. Біздің еліміздің ұлттық құрамы: 1. Мемлекет құраушы, әртүрлі деңгейде ассимиляцияға ұшыраған қазақ ұлты. 2. Социализмге дейін және кеңес заманында қазақ жеріне қоныс аударған орыс, басқа да славян текті диаспоралар. 3. Күшпен жер аударылып келген диаспоралар: (неміс, шешен, тағы басқалар), негізінен орыстілділер. 4. Түріктектес діні ислам, қазақ тілінен гөрі орыс тіліне бейімділер. 5. Тарихи отандарында мемлекеттілігі жоқ, басым орыстілді ұсақ этнодиаспоралар. Мысалы, Қазақстанда 51 944 дүнген тұрады, олардың 49 пайызы қазақша еркін сөйлейді, оның 21,6 пайызы қазақша оқи біледі, ал оның 16,6 жаза біледі. 98,7 пайызы орыс тілін еркін меңгерген, оның 92,8 пайызы орыс тілінде оқи алады, 10 пайыздан астамы жаза алады. Бұл ресми деректер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде этнодемографиялық жағдай күрделі болды, қазақтар – 41 пайыз, басқа этностар – 59 пайыз құрады. Сөздің терең мағынасында біз қазақтар және көп этно диаспоралар мекендейтін орыс тілді бұрынғы совет елінің территориясы ғана едік, паспорттарымыз да әлі советтік, психологиямыз да кеңестік сана-сезім, ол бүгіннен ертеңге өзгере салмайды. Алғашқы Конституциядағы Қазақстан Республикасы қазақ ұлтының мемлекеттік құрылымы деген тұжырымды өзге ұлттар қабылдай бермеді, себебі мемлекетті құраушы басқа этностар «біз де осы мемлекет құраушылармыз» деген уәж айтты, кейбіреулері Қазақстан Республикасын менсінбеді, тарихи Отандарына көше бастады, аймақтарда сепаратистік топтар бас көтерді. 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туралы Декларациясына 16 адам қарсы дауыс бергендігін де ескерген жөн. Сондықтан екінші Конституция елдің этнодемографиялық құрылымын есептей келе, Қазақстан тек қазақтардың емес, алғашқы конституцияда жазылғандай, барлық қазақстандықтардың мемлекеті деген жаңа концепцияға негізделді. Кеңес Одағында еліміз Қазақ Республикасы болса, Тәуелсіз еліміз Қазақстан Республикасы болып аталды. Бұл жеңіліс емес, Тәуелсіздікті сақтау үшін шегініс еді. Сонымен, «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деген сөздерден басталатын Констиуцияның преамбуласы өмірге келді. Осы Конституция бүгін де еліміздің тұтастығының, сенімнің негізі. Бірақ «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген» деген Конституциямыздағы сөз тіркестері ұлы мұрат, мақсат еді.
Одақ тарағаннан кейін мәжбүрлікпен, зорлықпен, саяси науқандармен, сондай-ақ жеке басының қамын ойлап келгендер де кейін тарихи Отандарына оралды, әлі де ол жалғасып жатыр. Сондай-ақ біз естен шығармайық, қайғылы да күрделі тарихтың мұрагеріміз. Біз демократиялық тәрбие көрмеген, тоталитарлық, авторитарлық идеология ықпалында өскен елміз. Біз бүгінгі күнге дейін, әсіресе, қазақтар өзара көбірек орыс тілінде сөйлесеміз, тіпті елімізде орыс тілі аралас жаңа, бөтен қазақ тілі қалыптасып келеді. Сөйте тұра басқаларға өкпелейміз. Орыстілді қоғамда орыстар да, басқалар да өздерін еркін сезінеді, біздің басымызды орыс тілі қосады деп ең жоғары деңгейде де бірнеше рет мойындады. Бізде маңызды стратегиялық мәселелер халыққа үнемі орыс тілінде жеткізіледі, соның өзі қоғамды қазақ тілінің әлсіз, басты проблемаларды түсіндіруге қауқарсыз дегенді санаға сіңіре берді. Бұл отарланған елдердің тағдыры. Бүгін ағылшын тілі бұрынғы Ұлыбритания отарлаған 114 ел мен территорияларда мемлекеттік немесе этносаралық тіл, сондай-ақ 27 елде испан тілі, 12 елде француз тілі мемлекеттік тіл. Дегенмен, бұл елдерде ұлттық тілдер күш алып келеді. Қазақ тілінің мәртебесі қос тілді қазақтардың намысына тиеді, «олар біздей сыйламайды», «біз қонақжай халықпыз, біздің қонақжайлығымызды олар басқаша қабылдайды, өздерін төмен санағандықтан құрмет көрсетеді деп ойлайды» деген әңгіме кейде айтылады. Мүмкін, солай ойлайтындар бар шығар, бірақ барлық диаспора өкілдері солай ойлайды деп тұтастай оларды кінәлауға болмайды. Ал диаспора өкілдері арасында «қазақтар бізге сене бермейді, шынайы ниет білдірмейді», «ел менікі деп шіренеді» деушілер де табылып қалады. Бірақ бұл мінезді де барлық қазаққа таңуға болмайды. Осындай тұстарда әркімнің мәдениеттілігі көрінеді. Әлеуметтану ілімінде «Этникалық статус» (мәртебе) деген ұғым бар. Ол жеке адамның немесе этникалық топтың этносаралық қатынастардағы орны. Немістер айтқандай, немістердің мәртебесі: Франция, Ұлыбритания, Испания да әртүрлі, психологиясы да ортасына қарай әрқилы, мінездері де өзгеше, дәстүрі, ұлттық мінез де бөтен ұлтқа бейімделген, бірақ тілін сақтайды. Кейде жеке адамға оның ұлты туралы жағымды да, жағымсыз да стереотиптер таңылады. Жағымсыз стереотиптер ұлтаралық ахуалға жағымсыз әсер етеді. Еврейлерді жеккөрінішті етіп көрсетіп, алыпсатар, ұры деп стереотип таратқандарға совет ақыны Борис Слуцкий жазған еді: «Ни торговавший ни разу, Не воровавший ни разу, Ношу в себе как заразу Проклятую эту расу». Жағымсыз стереотиппен ойлау, басқаларға жағымсыз баға беру біздің ортамызда да тараған. Бұл елімізде ұлттық негативизмді өршітеді. Мемлекет құраушы қазақ ұлты өмірдің әр саласында өз ұлтының мәртебесіне алаңдайды. Тарихи Отаны бар диаспора өкілдері екі дүниенің ортасында жүреді: тарихи Отанының патриоты және қазақ елінің азаматы оның материалдық және рухани игілігіне өз үлестерін қосады. Қай елде де диаспоралардың мәртебесі ерекше, олар кейде сәл нәрсеге күдіктенгіш, өз «менін» сақтауға топтасады, бір территорияда шоғырланып тұруға мүдделі, еңбек етеді, көбіне өз қандастарымен араласады, соларға көмектеседі, тұйықтау жерде тұйық мінез қалыптасады, өздері қоныстанған территорияны меншіктейді, үлкен Отан деген ұғымнан кейде оқшауланып, өкініштісі, «ел сенікі, жер менікі» дегенге дейін барады. Сөз жоқ, ол қарсылық та туғызады. Нарықтық экономикада ұлтаралық ахуалға өзінің жағымды, жағымсыз жақтарын ала келді. Шетелдік инвесторлар мен шетелдерден менеджерлер, маман жұмысшылар келді, еңбек нарығында, еңбекақы саласында бәсекелестік күшейді. Табиғи байлықты игеру діні, тілі бөлек шетелдіктердің қолына көшуі, тұрмыстық алалаушылық қазақтар жағынан шетелдіктермен қақтығысқа әкелді. Сондай-ақ іскер, пысық адамдар нарыққа тез бейімделіп байлыққа, жер-суға ие болды, екіншілері оған жалданып жұмыс істеді. Оған әртүрлі көзқарас қалыптасты. «Менің еліме келіп байыды, енді ол қожа, біз құл болдық, олар ойларына келгенін істейді» дегендей наразылықтар туады. Бірақ «олар еңбекқор адамдар, таза еңбекпен табыс тапты, байыды, мен неге солай тер төгіп дәулетті болмаймын» деп, қызғанбай намысын қамшылайтындар да бар. Үшіншілері, байлығымен мақтанып, басқалардың қытығына тиіп, қарсыластарын көбейтеді. Елді меншік иелігіне қарай әртүрлі топқа бөлу нарықтың заңдылығы: жер, қаржы, кәсіпорындар, жалпы байлықтың ұлттар арасында әділ бөлінбеуі араздық туғызады. Ұлттардың білімінің деңгейі, өмір жасының ұзақтығы, материалдық игіліктерге қол жеткізуі, демографиялық жағдайы, тіпті қылмыстылығы да халық арасында әртүрлі ахуалға негіз болады. Сондай-ақ жұмыссыздық та, жұмыссыз қалу каупі де бәсекелестік туғызып, басқаларға деген сенімсіздік ұялатады. Олардың ұлтаралық қатынастарға ойысуы қиын емес. Қалалық жерде, көлікте, сауда және оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде ұлтаралық кикілжіңдер, реніштер байқалып жатады, кейде тіпті ұлтаралық араздықты әдейі қоздырушылар да бар. Қызбалық отыз жасқа дейінгі жастардың арасында басымырақ. Өкінішке қарай, біздің статистикалық органдар ұлттардың жағдайын қадағалап отыратын ақпаратқа мән бермейді, ол қосымша қаржы талап етеді, көптеген шығынға әкеледі деген уәж айтылады. Ал ұлтаралық қайшылықтар қақтығысқа ұласса, одан да көп шығынға ұшыраймыз. Ұлтаралық келісім қаржыдан да қымбат құндылық. Біз еліміздегі ұлтаралық макрожүйенің көлеңкелі жақтарын әңгіме еттік. Ұлттар араласқан ортада әртүрлі қате түсініктер, еткен тарихқа байланысты ой-пікірлер, жағымсыз стереотиптер, өкпе, қыжыл, кикілжіңдер кейде бірігуге емес, бөлінуге итермелейді. Сырт көзге кейде біліне бермейтін қайшылықтардың бірте-бірте қордаланып ушығуынан туады. Оған үш фактор әсер етеді: қақтығысқа қатысушылар, олардың өзара қарым-қатынасы және даулы мәселе. Қақтығысты күшпен басып тастағаннан сондай да жағдай қауіпті күйінде қала береді. Әлеуметтік орта – мемлекет, БАҚ, әлеуметтік желілер, қоғамдық пікір әсер етеді. Осындай қайшылықтардың тоғысқан жері Қордай ауданының Масанчи елді мекені болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе бойынша өз пікірін білдірді.
ҚАҚТЫҒЫСТАРДЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН САБАҚТАРЫ
Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде оннан астам этносаралық қақтығыстар болды, оның екеуі қазақтар мен шетел мигрант-жұмысшыларымен қақтығыстар, нәтижесінде олар елдеріне қайтарылды. Елдегі диаспоралар мен қазақтар арасындағы қақтығыс адам өлімі, үйлерді, көліктерді, дүние-мүліктерді өртеумен, кейде диаспора мүшелерінің елден қашуымен аяқталды. Қақтығыс болған жерде әртүрлі, негізінен ақиқаттан аулақ пікірлер тарайтыны белгілі. Сөйлеушілер көп, сабырлы сарапшылар аз. Халық кімнің кім екенін біле бермейді, ере береді, ашу-ызаға, «ұлтым» деп ұранда тушылдарды тыңдайды, тіпті абыройын асырғысы, кеп, «міне, жігіт» деп айтсын дейтіндер бар. Ең қауіптісі, осы қақтығыстардың жиі қайталана беруі, тіпті етіміз үйреніп, әдетке айналып бара жатқандығы. Бұл елімізге, ұлттық намысымызға сын. Осы уақиғаларда кейін құзырлы мемлекеттік органдар арбитр болып, екі жақтың да уәждерін саралап, түсінікпен қарап, айыптарын да заң, әділдік тұрғысынан бағаламадық. Ал шындыққа тура қарап, ақты ақ, қараны қара деу, екі жақтың да қателігін мойындатуды келістіруді этноконфликтологияда этникалық психотерапия деп аталады.
НЕ БОЛДЫ?
Этносоциология ілімінде этноконфликтологиялық экспертиза деген ұғым бар, яғни нақты қақтығыстың себептерін, көріністерін, қарқынын талдау. Соңғы жылдары, әсіресе, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қақтығыстарды зерттеудің тәжірибесі жиналды. Ең бастысы, болған уақиғадан сабақ алу үшін мүмкіндігінше толық мәлімет алу жөн. Ол кейін этносаралық қатынастарды реттеу үшін де және болуы мүмкін деген даудың алдын алуға қажет. Қақтығысты жан-жақты талдау көптеген сауалдарға жауап іздейді. Бірінші мәселе – кімдер? Екі жақтың барлығы бірдей қатысушы емес, сондықтан қатысушылардың әлеуметтік портретін жасаған (кәсібі, жасы, діндарлығы, т.б.) жөн; соның ішінде кімдер белсенді әсер етті; олардың арасында лидерлер болды ма, қатысушылардың әрқайсысының ол жағдайға көзқарасы және рөлі; қатысушылардың жеке көңіл күйі, қара басының проблемалары; екі жақтың да қақтығыс туралы пікірлерінің үйлесетін-үйлеспейтін жерлері, екі жақтың арасында қандай байланыстар болды? Екінші күрделі мәселе – қақтығыстың өрбуі; қақтығыс барысында оны өршітетін қандай проблемалар пайда болды; қарсыластардың деңгейі, «температурасы»; қақтығысқа бұрынғы тарихи уақиғалардың дүмпуі әсер етті ме; соңғы кезде қақтығысты өршітетін уақиғалар болды ма? Қақтығыс барысында байсалды тоқтау айтқан топтар мен жеке адамдар болды ма; қақтығыс барысында екі жақты бір-бірімен байланысқа ұмтылушылар болды ма; болса, олар қандай нәтиже берді; екі жақты байланыстыруда қандай кедергі болды, ел арасында тараған жағымсыз стереотиптер, қауесет, тағы басқалар ықпал етті ме? Үшінші мәселе – проблемалар: екі жақтың мүдделері, сұраныстары, құндылықтары, қалауы, талабы қандай; әр жақтың мүдделері, сұраныстары мен құндылықтары кейінгі жағдайды реттеуге үйлесе ме, үйлеспей ме, үйлеспеудің себептері неде: шаруашылық саласында, инфрақұрылым, дау туғыза ма, құқық мәселесі, жер дауы, тағы басқа да проблемалары бар ма? Екі жақты да қанағаттандыратын қандай материалдық және моральдық мүмкіндіктер бар; екі жақ қақтығысты ұмытпаса да, енді тоқтатайық деген ойға келді ме? Әр қауымдастықта келісім туралы пікірге қарсылар бар ма? Адам өліміне, үйлерді, көліктерді өртеуге үзілді-кесілді қарсылар бар ма, ол пікір қаншалықты басым; қақтығысты сырттан қолдаушылар, қоздырушылар болды ма, болса олар кімдер? Келесі мәселе жергілікті билікке байланысты: кім күшті, кімнің қолдауы көп? Биліктің бе, әлде қақтығысқа қатысушы екі жақтың ба? Жергілікті мемлекеттің органдарының беделі уақиғаға дейін және уақиғадан кейін қалай өзгерді? Полиция беделі қандай? Биліктің екі жақты өз еріктерімен татуластыруға мүмкіндігі бар ма, әділ төреші бола ала ма? Бұл сұрақтар, сөз жоқ, ізденістерге итермелейді, қақтығыстарға тек тұрмыстық шатақ, бұзақылардың амал-әрекеті деу тым үстіртін тұжырым. Өкініштісі, біздің елімізде қоғамды зерттейтін социология, психология институттары жоқ, зерттеушілердің шағын орталықтары бар. Ғалымдар қақтығыстардың пайдасы да бар дейді, себебі этникалық қатынастардың көзге көріне бермейтін сырлары егжей-тегжейлі зерттегенде ашылады.
Қордай уақиғасынан кейін байқағанымыз, біз, мысалы, дүнген халқының тарихын біле бермейді екенбіз. Дүнгендердің тарихи Отаны Қытайда, онда 10 млн-ға жуық дүнгендер бар, бірақ дербес мемлекеттілігі жоқ. Олар ХІХ ғасырдың 70-80-жылдары қуғын-сүргіннен қашып, Жетісу өлкесіне қоныс аударған. Осы тұрғыдан келгенде дүнгендер қытайлық қазақтар, басқа да елдердегі қуғын-сүргіннен пана іздеп барған қазақ диаспораларымен тағдырлас. Басынан талай тағдыр тәлкегін кешкен қазақтар мен дүнгендерді жақындатып, бір-біріне түсінікпен қарайтын жағдайлары бар. Бұл екі халықтың мәдениеттерінің құндылығы бірдей деп тең бағалауымыз да керек. Ұлттың мәдениеті халықтың санымен өлшенбейді, мәдениеттерді жақсы, жаман деп бағалайтын әмбебап стандарт жоқ.НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Бұл сауалды ғылымда этноконфликтологиялық менеджмент немесе қақтығыстан кейінгі әлеуметтік-психологиялық ахуалды сауықтандыру шешеді. Ең басты мәселе – екі жақты келістіру, бітістіру, әсіресе, екі жақтың бір-біріне деген сенімсіздіктен, ашу-ызадан арылу, жанға салған жараны емдеу. Оның жолы – әділдік. Ол екі жақтың да болған уақиғаға жауаптылығын, өзгеге тартқызған залалын мойындау, өзінің де шығындарын айту. Бірақ саралау барысында «Кім көбірек айыпты?» деп салыстыру, бөлу де, «Кім бірінші бастады?» деп өткенге орала беруден гөрі, қақтығысқа қатысқандарды диалогқа қарай бейімдеу де басты мақсат. Жазалар құқық қорғау органдарының мәселесі. Келістіруді ымырашылдыққа қарай бұрып, «Әрқайсымыз да белгілі бір жағдайда белгілі бір деңгейде жауаптымыз» деген тоқтамға келтіру жөн. Келістіру өш алу емес, қарсыластардың бір-бірін кешіруі, кең пейіл, ашық жағдайда халық өкілдері қатысуымен өткені абзал. Сондай-ақ материалдық шығындардың орнын толтыратынына да кепілдік берілетініне сенім туғызу керек. Зорлық-зомбылық, адам өлімі болған жерде бұрынғы тәжірибе, достық, басқа да құндылықтар құнсызданады, сондықтан болашаққа сенім, үміт туғызу, ертеңгі өмір енді бұрынғыдан да оңды болады деген ойға сендіру уақыт еншісінде. Бірақ екі жақ бейбіт келісімге келгеннің өзінде де алғашқы кезде қақтығыстар қайталанбайды деуге болмайды. Егер сотталған қылмыстылар ертерек бостандыққа шығып жатса да жағдай шиеленісуі мүмкін. Әдетте қылмыскердің ұлты жоқ деп жатамыз, ал ұлтаралық қақтығыстарда әр қылмыскердің ұлты да, аты да халықтың жадында. Этноконфликтолог мамандар ұлтаралық қақтығыстан кейінгі дағдарыстан шығуда дінге көп мән береді. Себебі қасиетті, қастерлі сенім адамдардың басын біріктіреді, тұтастырады, қауымдастырады, дін жолында адамдар жеке мүдделерін құрбан етеді, кешірімге, бауырластыққа бейімдейді. Өзгені өзіңдей сыйла. «Жер бетінде алшаңдама, таяғыңмен жерді оя алмайсың, биік таулармен теңесе алмайсың» (Құран, 17-сүре). Кез келген адам «өзгемен» қарым-қатынас жасайды. Адамзат баласы арғы тегі, ата-бабалары ортақ рулас адамдардың да өздерін «өзім» деп, басқаны «бөтен» деп қабылдауының да шегі бар. Дегенмен, адамдар арасында неге бірлік бола бермейді, астамшылық, менмендік, тәкәппарлық та адамдар бойында бар және ғасырлар бойы адамдар сол мінездің тұтқынында. Бүгін де солай. Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері «басқаның тылсым саласына баса көктеп кіруден саналы түрде бас тартуды» адамзаттың басты мақсаты етіп қойды. Ұлтаралық, дінаралық қатынастар менмендікке, басқа жерлерді жаулап алуға, басқа халықтарды күштеп бағындыруға, отарланған елге отарлаушы ұлттың халқын жер аударуға әкеледі. Қомағайлықтың, тойымсыздықтың да сұрауы болады. Ұлт-азаттық қозғалыстар көптеген ұлттарды тәуелсіз мемлекет етті. Енді қараңыз: 25 млн орыс, отарланған елдерде тұратын орыстар тарихи Отанынан жырақ жағдайда қалды. Бұл Ресейдің де, орыстар тұратын жас мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның да бас ауруы. Отарлаумен қатар, халықтар бір-бірін өлтіріп қана қойған жоқ, қанды уақиғалар халықтың тарихи жадында сақталып келеді. Енді ол жараны немен жазамыз деп біз ойланамыз, жазуға тырысамыз. Біз бүгінгі өркениеттің игіліктерінен бас тартқымыз келмейді.Таза үйде тұрып, таза төсекте жатып, таза киім кигіміз келеді. «Неге рухани тазалыққа ұмтылмаймыз?» деп сауал қояды дін қайраткерлері. Сүю қабілеті адамға болмыстан дарыған дейді діни уағыздар, ол аналық махаббат пен әйелдің махаббатынан көрінеді. Ол тіпті жануарларда да бар дейді ғалымдар. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті…» дейді Абай. Демек, мәселе махаббатқа тірелген. Абай үшін Алланы сүю – адамның жеке басын қастерлеу, адамгершілік қағидаларды басшылыққа алу, өзіңді-өзің тазалау, өз ортаңды сүю, үйлесім табу, Алланың қасиетін тану. Болған уақиғаны құдіреттің жазуы деп, басқа түскен ауыртпалықты сабырлықпен қабылдап, жақсылығын күту, өзгені кешіру, өзіңді ақтамау, сынау, жарасымға, ымырашылдыққа бастайды. Қақтығыс болған елді мекендерде этникалық топтар оқшауланып, өзара байланысқа, пікірлесуге бейімді бола бермейді, әр нәрседен күдіктенеді, болған уақиға туралы әңгіме етуден жалтарады, психологиялық «баррикада» құрып алады. Оны бұзу үшін идеологиялық жұмысты жалпы- адамзаттық құндылықтарға қарай ойыстыру, әр этностың тарихына қарай бағыттау жөн. Қордай уақиғасынан кейін байқағанымыз, біз, мысалы, дүнген халқының тарихын біле бермейді екенбіз. Дүнгендердің тарихи Отаны Қытайда, онда 10 млн-ға жуық дүнгендер бар, бірақ дербес мемлекеттілігі жоқ. Олар ХІХ ғасырдың 70-80-жылдары қуғын-сүргіннен қашып, Жетісу өлкесіне қоныс аударған. Осы тұрғыдан келгенде дүнгендер қытайлық қазақтар, басқа да елдердегі қуғын-сүргіннен пана іздеп барған қазақ диаспораларымен тағдырлас. Басынан талай тағдыр тәлкегін кешкен қазақтар мен дүнгендерді жақындатып, бір-біріне түсінікпен қарайтын жағдайлары бар. Бұл екі халықтың мәдениеттерінің құндылығы бірдей деп тең бағалауымыз да керек. Ұлттың мәдениеті халықтың санымен өлшенбейді, мәдениеттерді жақсы, жаман деп бағалайтын әмбебап стандарт жоқ. Тарих ғылымында, әсіресе, ауызша тарихта әр ұлт өз халқын жағымды етіп көрсетеді, аңыздарға сүйенеді, өзгені жағымсыз бейнелеуге икемдейді. Ұлтына қарамастан, адамдардың тағдыры бір-біріне өте жақын, ата-анаға, балаға, туысқандарға деген көңіл күй бірдей. Психологиялық тәрбие жұмысы тек екі этностық топ өкілдерінің бір-бірін кешіруі ғана емес, өзара түсіністікке бастау, адамдар бір-бірін тек этностың өкілі емес, адам ретінде қабылдау, әсіресе қақтығыстың салдарынан құрбан болғандардың отбасыларына екі жақтың да көңіл білдіруі тиімді қадам. Этносаралық ахуалды сауықтыруда елдегі беделді адамдардың, шығармашылық интеллигенцияның, бұқаралық ақпарат құралдарының, діни қайраткерлердің пікірі маңызды. Әр ұлттың өкілі өз этностық тобын сынға алып саралауы екінші жақтың көңіл күйіне жағымды әсер етеді де, өз халқын ойландырады. Қордай уақиғасы ұлттық намыс төңірегінде ойландырды. Сөз жоқ, ұлттың бір адамын қорлау барлық ұлтты қорлаумен бірдей. «Ұлттық намыс – оқталған мылтық» деген сөз бар. Оның шүріппесін баспау үшін ақылға жеңдіру керек. Қаз дауысты Қазыбек бидің (1660-1757) психологиялық толғанысқа толы сөзінде «ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» дей келіп, намысты ақылға жеңдіріп, жағдайды шиеленістірмейін деп «достығымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз» дейді де, тағы да намыс отын қыздырып «асқақтаған хан болса, ордасын таптай білген елміз» дейді. Солай ұлттық намысты қолдан бермейтінін айтып Қонтайшыны састырады. Ал ұлттық намыс сабыр мен ақылға сүйенбей, ашу мен кек алуға бет алса, онда ойранға ұласады. Қордай уақиғасының ащы сабағы осында. Махатма Ганди «Кек – адамды топас етеді» деген. Еліміздің болашағы ұлт мәселесімен байланысты бола береді. Әлеуметтік, экономикалық, рухани мәселелер әркезде де ұлттық сипат алып, барлық іс-әрекеттердің шешілуіне не қолдау, не тосқауыл болатыны да белгілі. Дегенмен, ұлтаралық ахуал әлі де тоталитарлық жүйенің ұлтсыздану саясатының ызғарынан толық арыла алмай келеді. Әлі де ұлт десе үркіп, тосырқап қарайтындар, ашық болмаса да іштей қарсылық білдірушілер жетерлік. Ұлттық мәселелердің барлығы мойындалса да, оларды өзінен-өзі шешілетін сияқты, өткінші мақсатқа бейімделінеді. Ұлт саясатын белгілі бір шараларға, жиындарға байлап қойған. Бұл салада жауапкершіліктен гөрі салғырттық басым. Кейде жалған әдептілік, сыпайылық та өз зиянды ықпалын тигізуде. Ұйықтап жатқан жыланның құйрығын басудың қажеті жоқ дегендей, орыс саясаткерлері оны «не буди лиха, пока она тихо» дейді, ұлт мүддесі деп, ұлттық мәселені ушықтырып алармыз, ұлттық сезімді сыйлау, ешкімнің қытығына тимеу, «бізге тыныштық керек» деп, қалай болғанда да ұлт мәселесіне көз жұму әлі басымырақ. Ұлтаралық саясат бүгін тек ел ішінде тыныштық болсын дегеннен үлкен стратегиялық мәселеге айналуы керек. Біздің айнымас мұратымыз – әділдік пен келісім.
Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымының докторы, профессор Дереккөз: "Ана тілі" газеті