ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ҚҰРАМЫ НЕГЕ ӨЗГЕРДІ?
2020 ж. 09 наурыз
1098
0
Былтыр ғана 12 маусымда құрылып, оның алғашқы отырысы 2019 жылға 6 қыркүйекте өткен, бүкіл Қазақстан халқы үлкен үміт артқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы жарты жыл өтісімен брқатар өзгеріске ұшырады.
Кеңес құрамына жұртшылық тың және сарапшылар қоғамдастығының жаңа өкілдері қосылды. Олардың қатарында белгілі қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов, «Мазмұндама» ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков, «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі Ләззат Қожахметова, «Ізгілік елшісі» республикалық еріктілер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова бар. Ротациялаудан соң Ұлттық кеңестің құрамынан Э.Әзімова, А.Саин, Б.Палымбетов, А.Шораев, Б.Бұқарбай, А.Әміртаев шығарылғаны белгілі болды. Жарты жылда Кеңес құрамы неге кенеттен жаңартылды деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны заңды. Өйткені түрлі деңгейдегі депутаттар мен әкімдерге сөзін жеткізе алмаған қарапайым халық дәп осы Ұлттық кеңеске ғана үлкен сенім артып отыр. Өйткені оның отырыстарында ұлтқа, мемлекетке қатысты өте маңызды мәселелер қаралып шешімін табады. Таратылған ресми мәліметтерде Кеңестің
алты бірдей мүшесі неліктен шығарылғаны айтылмаған. Жалпы Кеңес мүшелерін кім ұсынады, оларды қабылдау мен босату құқығы кімге берілген? Әлде министрлер мен әкімдер сияқты әдеттегідей жоғарыдан тағайындала ма? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қариннің «Ұлттық кеңес – саяси ұйым емес. Партия иә болмаса қозғалыс емес, консультативті орган. Бұл жерде мүшелерге қатысты бір қатаң жарғы жоқ. Сондықтан да Ұлттық кеңестен біреу шықты екен деп сенсация жасаудың қажеті жоқ», – деп Facebook парақшасында жазғанын білесіздер. Бәлкім, біреулер үшін Кеңес мүшелерінің жиі ауысқаны «сенсация» емес шығар, бірақ халық үшін ол өте маңызды. Тіпті кез келген партияның немесе қоғамдық ұйымдардың тіркелуі үшін жарғысы заң бойынша талап етілетіні белгілі. Ал, Ұлттық кеңес халық үшін барлық партиядан жоғары тұрған ұйым, одан қалды Президент жарлығымен құрылған. Сондықтан алдымен осы бір ұйымдастыру мәселесін заңды түрде бекітіп алу аса қажет. Оның құрамын биліктегі жоғары лауазымдылар емес халықтың өзі ұсынып, керек болса өзі босатқаны жөн. Олай болмаса біз ертеңгі күн Ұлттық Кеңестің өзін де тұтастай жоғалтып алуымыз ғажап емес.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz