Заңның қазақ тілінде жазылмауына маман жетіспеушілігі себеп - Абаев
2020 ж. 06 наурыз
1424
0
ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қарағандыда өткен бейбіт митинг заң жобасының талқылауында заңнаманың не себепті алдымен орыс тілінде жазылғандығын түсіндірді, - деп хабарлайды baq.kz.
Қоғамдық тыңдалымға қатысқан қоғам белсенділері мен журналистер министрден заң жобасының алдымен қазақша жазылмауына не себеп болғандығын сұрады.
Заң орыс тілінде жазылған. Содан кейін оны яндекс-аудармашымен аудара салған. Сондықтан да заңның орысша мәтіні бір бөлек, қазақшасы бір бөлек болып кеткен. Қарағандылық Ержан Әділ деген азамат заңның қазақша нұсқасындағы қателіктерді анық белгілеп, көрсетті. Біз Қазақстанбыз, біздің еліміздің мемлекеттік тілі-қазақ тілі, заңдарды алдымен қазақша жазсаңыздар. Одан кейін әлемнің 99 тіліне аударсаңыздар да еріктеріңіз, - деді қоғам белсендісі Жексен Әбдрахманов.
Министр Дәурен Абаев заңның қазақша нұсқасына қатысты түсініктеме берді.
Заңды басынан қазақ тілінде жазу мәселесіне келсек. Біріншіден, мамандардың жетіспеушілігі себеп болды. Екіншіден, халықаралық тәжірибеге сүйенгендіктен, ол жерде заңдардың мәтіндері орыс тілінде ғой, осы жағынан ыңғайлы болғандықтан деп ойлаймын,- деді Абаев.
Ақпарат министрі қазақ тілінің деңгейінің артып келе жатқандығын да тілге тиек етті.
Қазақ халқының, қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны күрт артып келеді. Мектепте қазақ тілінде оқып, жоғары оқу орнын қазақ тілінде аяқтайтын жастардың қатары да көп. Олар мемлекеттік органдарға қызметке орналасып жатыр. Сондықтан да қазақ тілінің мәселесі бірте-бірте болып жатады деп ойлаймын, - деді Дәурен Абаев.
Еске салайық, Қарағандыда бейбіт митинг өткізу бойыншазаң жобасы қоғамдық тыңдалымда талқыланды. Жиында министр Дәурен Абаев митингтен қорықпайтындығын айтты. Сонымен қатар, қоғам белсендісі Жексен Әбдірахманов пен көпбалалы ана Меруерт Башай да заң жобасына байланысты пікірлерін білдірген болатын.