Бақтияр Өнербаев: БІЗДІҢ МАҚСАТ - ҚАЛАНЫ ІШІМДІКТЕН ТАЗАРТУ
2020 ж. 24 ақпан
1441
0
Тотыдайын таранып, күн өткен сайын құлпырып келе жатқан Текелі қаласы бәрімізге ыстық әрі жайлы. 2020 жылдың 6 ақпанында қала тұрғындарының алдында есепті кездесу өтіп, 2019 жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндаған едім. Биыл іске асатын жұмыстар мен алға қойған мақсаттарды халық үніне құлақ аса отырып орындаймыз. Негізгі жұмыс он тармақ бойынша жүзеге асырылады. Алға қойған жұмысты Жетісудың көзі, құлағы һәм тіліне айналған, ғасыр жасаған ата басылым «Жетісу» газетінің оқырмандарымен бөліссем деймін.
ТАНЫМАЛ ҚАЛА
Әлемдегі ең ұзын Дінмұхамед Қонаевтың атындағы көше бар. Орталық Азиядағы ең биік Бұрқанбұлақ сарқырамасы, 2,5 мың жыл тарихы бар Будда тасы, Қызқұлаған шатқалы, Ақтөбе жайлауы, Қора, Шажа және Текелі өзендерімен танымал қаланы білмейтіндер кемде-кем. Жетісудың бір өзені Қараталдың бастауын біздің қаладан алуының да өзі үлкен бақыт. Ұлы Отан соғысы кезінде майданға жіберілген 10 оқтың 9-ы берекесі мен бірлігі жарасқан қаладан шығарылғандығын бірі білсе, бірі білмес. Текелі – жер жаннаты Жетісудың жауһары. Сондықтан да біз қаламыздың көркеюі, гүлденуі жолында аянбай еңбек етуге міндеттіміз. Биыл жеті нысан, атап айтар болсақ, «Даңқ» монументі, қалалық саябақ, бассейн, ашық аспан астындағы неке сарайы, Текелі – Көктөбе, Қора өзенінің жағалауы, Махаббат көпірі қайта жаңғыртылып, халық игілігіне ұсынылмақ.
ТӘРБИЕ БАСТАУЫ
Қаланың тыныштығы да біздің қолымызда. Сол үшін ауыр қылмыс, ұрлық-зорлықты, ұрыс-жанжал, жастардың қылмысын, жасөспірімдерге деген зомбылықты болдырмау үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қоғамдық, қариялар, әжелер кеңестері тарапынан тәрбиелік мәні бар кездесулер мен семинарларды жиі өткіземіз. Қаладағы халық көп жиналатын қоғамдық жердің барлығын да және меншігіне қарамастан барлық мекемелер өз аумақтарында бейнекамералар орнататын болады. Қаладағы №5 орта мектебіндегі 19 камера және «Даңқ» монументіндегі 1 камера осы жұмыстардың бастамасы. 2018 жылы ішкі істер органы арқылы орнатылған камералар сапасы өте төмен болғандықтан, 2019 жылы орнатылуы қажет болған 50 камераның сапалы болуы жіті қадағаланды. Алдағы уақытта орнатылатын 2040 камераның дайын жобасы мемлекеттік және жекеменшік әріптестік жоба шеңберінде іске асырылатын болады.
БАЙЛЫҚТЫҢ ОТАНЫ
Текелі – қазба байлықтары мол қала. Қорғасын-мырыш комбинаты қалдықтарының құрамы қара металл мен сирек кездесетін химиялық элементтер, өнеркәсіптік аймақ, резервтегі бос жерлер, резервтегі шахта, тау шатқалындағы 200 гектар алма бағының жемісін халық көруі тиіс. Инвестиция тартуға қолайлы жерлер мен өнеркәсіптік алаңдар да жоқ емес. Кен-тау өндірісіндегі табиғи байлық қаланың басты құндылығы. Осыны алға тарта отырып, болашақта кәсіпорындар мен зауыттар ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
Сұлу да көркем Текелі қаласын көпшілік адал қалалардың қатарына қосады. Оған сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтіндігі себеп. Мұнда адалдық алаңдары белсенді жұмыс атқаратынын атап өткеніміз жөн. Осындай жақсы жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен насихаттап, тұрғындардың өтініш-арыздарын тыңдап, бірлесе жұмыс істеу арқылы ғана табысқа жететініміз анық. Табиғат-ана берген байлықтың қазынасы – халық екенін ұмытпайық.
ТУРИСТЕР МЕКЕНІ
Тұмса табиғатпен ерекшеленіп, туристерге тартымды қала болғандықтан саяхаттап келушілер қатары көп. Шаңғы базасы бар Текесу тау шатқалының табиғатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Тау қыраттарының мүмкіншілігі бар жерлердің барлығында шаңғы базаларын, экоауылдарды салуға жол берілген. Жылдан-жылға артып келе жатқан туристік инфрақұрылымдарды ерекше атап өткеніміз жөн. Өзен жағасындағы қалалық бассейнді халықаралық стандартқа сай қайта жаңғыртуды қолға алып, экотуризмді дамытуда қазақтың киелі жануары саналатын жылқыға мініп, тау қыраттарын аралау үшін арнайы демалыс аймақтарды жасаудың жолдарын қарастырудамыз. Сонымен қатар, таудағы кездесетін қызыл кітапқа енген жыртқыш және сирек кездесетін аңдарды қорғау – баршамыздың міндетіміз. Әсіресе, ешбір жерде кездеспейтін «Текелі балы» да туристердің көңілінен шығатынына кәміл сенеміз. Сондықтан да, сұлу табиғатты тамашалаймын деген әрбір жанға біздің есігіміз ашық.
ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖАНҒА САЯ
«Тазалық – табалдырықтан» дейді дана халқымыз. Таза ауаны жұтып, мөлдір бұлақтың суын ішіп жүріп, неге өзіміз тұрып жатқан қаламызды таза ұстамаймыз деген сауал туындайтыны рас. Алақандай ғана қаламызды жайнатып таза ұстауға болатынын көпшілік білсе де селқостық танытып жататынымыз тағы бар. Мұндай тазалықты орнату өз қолымызда екенін ұмытпасақ деймін. Әсем қаланың әр тұрғынын қаланы жақсы көруге, көркейтуге мәдениетті болуға шақырамын. Әсіресе, жүргізушілерді ерекше атап өткім келеді. Қалаға келген әр қонаққа ерекше ілтипатпен сыпайылық танытсақ, қоғамдық тәртіпті берік ұстансақ әр тұрғынға сабақ болар еді. Әлбетте, коммуналдық қызметтегі мекемелер өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруы да керек. Мұны өзім тікелей қадағалауыма алатынымды айтқым келеді.
Қаламызда комбинат қалдығын рекультивациялау, қоқыс полигонын жою кезек күттірмейтін жұмыстардың бірі. Сондай-ақ, таза қалалардың қатарында болу үшін табиғи тұрғындарды газ жүйесіне қосу әкімдіктің басты міндеті. Күнделікті инвесторлармен газ тарту жұмысымен айналысып, тұрғындарға жақсы жағдай жасауды көздейміз.
Жер жаннаты Жетісудың жауһары – Текелі қаласы. Табиғатты көркейту мақсатында бюджеттен көгалдандыруға бөлінетін 70 миллион теңгені тиімді пайдалануымыз керек. Жаппай халықты ағаш отырғызуға тартсақ деген ниет бар. Мәселен, «Бір тұрғын – бір ағаш» акциясы аясында 33 мың 400 текелілік белсене атсалысатын болса, қаламызға ағаш отырғызу арқылы қала көркін одан сайын әсемдейтініміз анық.
ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР
Қоғамның әлжуаз топтарына қол ұшын беруді ешқашанда ұмытпағанымыз абзал. Мұқтаж адамдарға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедектерге, жетім-жесірлерге көмектесу бәріміздің азаматтық борышымыз. Осы бағытта барлық мекеме басшыларын, кәсіпкерлерді қайырымдылық шараларын жиі өткізуге шақырамын. Осындай үрдіспен өткен жылы бес көпбалалы отбасыға баспана сыйладық. Қайырымды қалада ізгі шаралар жалғасын табады деп сенемін. Қиындыққа душар болған кез келген қала тұрғынын жұмылдырып, көмек беру үшін әлеуметтік желіден «Қайырымды қала» атты жалпыға ортақ чат құрып, жақсылық жасаумен бәріміз бірге айналыссақ деген тілегіміз де бар. Сол чат арқылы мұқтаж адамдардың қиын жағдайын біліп, тұрмыс-тіршілігін қадағалап, қолдан келгенше қамқорлық көрсетсек дейміз.
ДЕНСАУЛЫҚ – ЗОР БАЙЛЫҚ
Біздің мақтанышымыз – белсенді спортшылар. Олимпиадалық жарыстарға қатысатын ауыр атлеттер біздегі олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде жаттығады. Қалалық саябақта сауықтыру спорттық кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Қаладағы 8 мектепте спорттық алаңдарды қайта жаңғыртамыз, аулалардағы 6 спорттық алаңды, орталық стадионды жөндеуден өткіземіз. Текелі қаласында ғана арнайы балалар спорт мектебі жоқ. Сол үшін жекеменшіктен сатып алынған Қора көшесіндегі №28 ғимаратты тезірек жөндеп, қосымша ғимарат сатып алып, балаларға спорт мектебін ашуда жүйелі жұмыс жүргізілуде. Футбол, волейбол, баскетбол, ауыр және жеңіл атлетика, велоспорт сынды спорт түрлерін дамытуды қолға аламыз.
ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЖАСТАР
Жастар – болашағымыз. Қалада 7 мыңнан астам жас бар. Егер Орталық Азия университеті іске қосылса, жастар саны 10 мыңнан асады. Бұл қала тұрғындарының 30 пайызын құрайтын еді. Тұрғын үй салып, бизнес ашып әр салаға жастарды тартып, жастар және Оқушылар сарайын салсақ деген жоспар да бар.
Қалалық Мәдениет үйі қайта жаңғырып, жөндеуден өткізіледі. Жеке инвесторларды тартып, қалаға кинотеатр, интернет-кафелер мен ойын-сауық кешендерін салып, қалалықтар демалатын арнайы орын болса дейміз. Спорттық инфрақұрылымдарды көбейту, аулаларда варкаут, балалар алаңдарын салу – негізгі жоспардың бірі.
АБАЙДЫ ТАНУ – ҚАЗАҚТЫ ТАНУ
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, Текелі балабақшаларындағы бүлдіршіндерден бастап, оқушы, студент және жұмысшы жастарға дейін Абай өлеңдерін жаттауды тапсырамын. Абай оқуларын барлық мекемелерде өткізіп, ән кештерін жиі өткізіп, ақын мұрасын кеңінен насихаттауға тиіспіз. Челенждер мен ән кештерін жиі өткізіп, ұлы ақынның мұрасын жас ұрпақ бойына сіңіруде өлшеусіз еңбек ету – бәріміздің міндетіміз.
ІШІМДІККЕ ҚАРСЫ НАУҚАН
Тұрғындарды арақ-шарап, ішімдіктен бас тартып, салауатты өмір салтымен өмір сүруін де жіті қадағалап отырмыз. Осы мақсатта атқарылатын жұмысқа еріктілер жылын пайдаланып барлық жасты жұмылдырып, ішімдікке қарсы науқан бастасақ деймін.
Біздің мақсат – қаланы ішімдіктен тазарту. Бір дүкен мүлде арақ сатпауға көшсе, ал екіншісі арақ-шарап сататын 12:00 – 21:00 уақытты бірте-бірте ай сайын бір сағаттан қысқартып отырса, жыл соңына дейін ішімдік сатпайтын жағдайға жететін едік. Қазіргі статистика бойынша 23 мейрамхана, кафелер мен 108 дүкеннің 8 мейрамхана-кафесі, 75 дүкені ғана ішімдік сатуға лицензиялары бар. Осы аталған мекемелер санын қысқартсақ, өскелең ұрпақты түзу жолға салар едік.
Қазіргі таңда бұл іспен қала ақсақалдары мен мешіт имамдары жақсы жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде ащы судың зардабынан орын алатын теріс әрекеттер саны азаяр еді. Қысқасы, арақ атамыздан қалған ас емес екенін көпшілік түсінсе деймін.
Осы аталған он бағыт бойынша жұмыс жүйелі түрде атқарылады. Сүйікті қаламыздың дәрежесін биіктетсек қана ең сұлу, ең таза, ең қайырымды, ең қауіпсіз, дамыған қалалардың қатарына енетініміз анық. Бұл – сіз бен біздің қолымызда екенін ұмытпайық, ағайын!
Бақтияр ӨНЕРБАЕВ,
Текелі қаласының әкімі
Алматы облысы