Дулат Ақәділ қазасына байланысты "Ақ жол" партиясы прокуратураға сұрау салды
2020 ж. 27 ақпан
5934
1
Қоғам белсендісі Дулат Ақәділдің қайғылы қазасына байланысты "Ақ жол" партиясы Нұр-Сұлтан қаласы прокурорына сұрау салды деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Кеше 26 ақпанда "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласы прокуроры Бауыржан Мырзакеровке "Ақ жол" партиясы атынан сұрау жолдады.
Онда "Белгілі болғандай 25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изолияторында қоғам белсендісі Дулат Ақәділ қайтыс болды.
БАҚ мәліметтеріне сәйкес, қазаның алдын ала себептері ретінде "Жіті қан тамырлық-жүрек функциясының жетіспеушілігі" аталған. Аталған трагедия кең қоғамдық резонанс туғызды.Қоғамда әртүрлі нұсқалар, соның ішінде өлімге себептің күш қолдану сипаты және қаза тапқан адамға қатысты азаптауларды қолдану туралы ақпараттар талқылануда.
Осыған байланысты Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы келесіні сұрайды:
1) қоғам белсендісі Дулат Ақәділдің қайтыс болуын объективті және әділ тергеуді қамтамасыз етуді;
2) орын алған қайғылы оқиғаға кінәлі лауазымды тұлғаларды анықтау және жауапкершілікке тартуды;
3) аталған мәселелер бойынша қоғамға және БАҚ-қа толық ақпарат беруді сұрайды" деп жазды.
Айта кету керек, бұған дейін кеше "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, ақын Қазыбек Исаның Дулат Ақәділдің қазасына байланысты "ПОЛИЦИЯ БІЗДІ ҚОРҒАЙ МА, ҚОРЛАЙ МА, МИНИСТР ТҰРҒЫМБАЕВ МЫРЗА?!." атты мақаласы жарияланған болатын. "Ақ жол" партиясы Дулат Ақәділдің отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Әлеуметтік әділдік үшін күрескен қоғам қайраткері Дулат Ақәділдің жаназасы мен қоштасу жиыны бүгін Нұр-Сұлтан қаласы іргесіндегі "Талапкер" ауылында сағат 11:00-де өтеді. Qazaquni.kz