ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР ЖЕТКІЛІКСІЗ

0
1494

Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Өкінішке қарай, ауру да кейде апат секілді ­­– айтып келмейді. Соның ішінде қатерлі ісік аурулары жөніндегі әңгіме өз алдына бөлек, ауыр тақырып. Бүгінде Атырау облыстық онкологиялық диспансерде жүзден астам науқас емделу үстінде. Бұл стационар жағдайдағы емделіп жатқандар. Ал амбулаториялық деңгейде ем алушылар қаншама?! Олардың бәріне бірдей ауруын тиімді емдейтін дәрілік заттар облыста жеткілікті ме? Ауруханалардың тиісті дәрі-дәрмекпен қамтылу мәселесінде қандай түйткілдер бар? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік…

               Жуырда редакциямызға Төлеген Исабеков есімді тұрғын «Венкристин» атты онкологиялық дәрілік заттың онкологиялық диспансерде табылмағанын айтып, шағымданған болатын. Оның айтуынша, аталмыш дәріні үшінші емдік курсы ретінде қабылдауы тиіс екен. Онколог дәрігерлер оған бұл дәрінің Астраханьда сатылатынын және оның бір 0,2 мг.-ның бағасы 90 мың теңге тұратынын айтып, дәріні сол жақтан сатып алып келуге кеңес берген.
Төлегеннің алаңдауы орынды. Онко­логиялық дәрілердің тапшылығы салдарынан науқас ауруын асқындырып жүре бермек пе? Біз мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық диспансерге барып, дәрігерлермен, науқастармен сөйлестік.
Атырау облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігер орынбасары Мағжан Сейітжанов стандарт бойынша барлық диагностикалық емді тегін жүргізіп отырғандарын сөз етті. Облыстардағы медициналық мекемелерге қажетті дәрі-дәрмектерді тендер арқылы жеткізуші бірден бір компания – «СҚ-Фармация» ЖШС. Мағжан Жолдасұлы осы компанияға 2012 жылға дәрілік заттардың тізіміне тапсырыс беріп қойғандарын айтып отыр.
­– Дәрі жетпейтін болса, сол шағым­данған адам ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметін бақылау комитеті мен медициналық қызметтерге төлем жасау комитетіне барып арызданбай ма? Осы екі комитет комиссия құрып, бізді тексереді ғой. Бізге бақылаусыз, қадағалаусыз ештеңе өтпейді, ­– дейді онколог дәрігер.
Кейін «Венкристин» дәрісінің табылғаны белгілі болды. Дәрінің кешігіп келуіне «СҚ-Фармация» ЖШС-нің кідіртуі себеп болуы мүмкін дейді дәрігерлер. Ал, негізінен, дәрілерге тапсырысты екі жыл бұрын беріп қоятынын айтады. Сондай-ақ, онкологиялық диспансердің тапсырысы бірінші кезекте жеткізілетіндіктен, химиопрепараттардың кешеуілдетуі секілді жағдайлардың аса көп байқалмайтынын түсіндірді бас дәрігердің орынбасары.
– Жағдайы жақсы адамдардың Израиль, Ресей секілді елдерге барып қаралып, ондағы дәрігерлердің жазып берген дәрісін бізден сұратқанда, табылмай қалып жатуынан да арыздар жиілеп кетеді. Ал ол дәрілер елімізде тіркелмеген болып шығады, – деп бөлісті Мағжан Сейітжанов.
Осыдан соң біз онкологиялық диспансерді аралап, науқастардың хал-ахуалымен таныстық. Олар диспансердегі ақхалаттылардың расында да абзал жандар екенін айтысты. Дәрілер де тегін, дәрігерлер де жақсы қарайды деп баға берді.

БІР ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘРІНІҢ БАҒАСЫ МИЛЛИОННАН АСАДЫ

Атырау облыстық мемлекеттік сатып алу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, инвестициялық жобалар және мобилизациялық жұмыстар бөлімінің бастығы Алмагүл Дәулетованың айтуынша, облыста онкологиялық дәрі-дәрмектің жетіспей отырғандығы рас.
– Бұған дәрігерлерді кінәлауға болмайды, бұл бәріміздің қайғымыз. Бар кілтипан – қаржыландырудың аздығында. Біздің онкологиялық дәрілік заттарға жасаған тапсырысымызды өтеуге қаржы жетпейді. Бұл бір ғана Атырау облысының проблемасы емес. Бұл бүкіл еліміздің үлкен проблемасы. Оның үстіне, соңғы уақытта онкологиялық аурулардың саны артып отыр. Химиопрепараттардың бағасы да өте қымбат. Бағаның өсімімен де оларды сатып алуға үлгермей жатамыз. Бюджеттен бөлінген ақшаны барынша жеткізуді ойластырып отырамыз. Әрбір мәслихаттың отырысында біз қаржыландыру мәселесін көтеріп келеміз. Жыл сайын қақсап келеміз, – дейді Алмагүл Шәденқызы. Содан соң тапсырыс берілген дәрілердің тізімін көрсетіп, осы тапсырысты орындауға жылына бюджеттен қаржының 30 пайызы ғана бөлінетінін мәлім етті. Ал дәл қазір сұраныстағы дәрілерді сатып алуға қосымша 307 миллион теңгеден астам қаржы жетпей отыр екен. Оған қоса, кейбір препараттардың құны бір миллион теңгеден асып жығылса, бір лейкоз ауруына қарсы препараттың бағасы 1 млн. 500 мың теңгеге шығып кетеді. Тіпті, кей препараттың 1 грамының өзі 127 мың теңгеге дейін барады. Аталмыш бөлім бастығы Алмагүл Дәулетова қаржының жеткіліксіздігімен бірге, медикаменттерді шетелден жеткізудің өзінде көп кедергілердің кездесетінін жеткізді. Мәселен, дәрілерді тізімге тіркеу, кеденнен өткізу секілді шаралардың ақшаны ғана емес, айлап уақытты да ұрлайтынын мұңая әңгімеледі. Әрине, оның өзі шұғыл емге зәру науқастың жағдайын ауырлатып жіберуі әбден мүмкін. Ал адам өмірі ойыншық емес.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз