Еріктілердің қолынан бәрі келеді

Жамбылдық бір топ ерікті жас республикалық «Біргеміз» акциясы аясында жалғызбасты ана — Тараз қаласының тұрғыны Гүлжан Есқараеваға көмек көрсетті. Шынын айту керек, еріктілердің бұл жолғы ісі сирек кездесетін іс-шара болды. Олар жалғызбасты ананың қызын қырқынана шығарып, салтын жасап берді. Гүлжан бүгінде Маржан, Інжу атты екі қыз тәрбиелеп отырған жас ана. Бұл игі шараға облыс әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар ресурстық орталығы мұрындық болды. Еріктілер Гүлжанға қажетті азық-түлік, киім-кешек апарып беріп, үйінің ауласын тазалауға қолғабыс жасады. Сонымен қатар, олар ақын Үміт Битенова мен Тараздағы «Ақжүніс» аналар қоғамының төрайымы Жанат Естаеваны шақырып, жас ананың кіші қызы Інжуді қырқынан шығару рәсімін ұлтымыздың салт-дәстүріне сай ұйымдастырды. Ел аналары бүлдіршінге ақ батасын беріп, үлкен өмірге сәттілік тіледі. qazaquni.kz