Сырымның сыры

Өзгенің мұңы мен басқаның басына түскен ауыртпашылыққа бейжай қарай алмайтын жандар бұл өмірде өкінішке орай сирек кездеседі. Солардың бірі Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығы базасындағы волонтерлер орталығының жетекшісі Сырым Қайсарбеков. Сырым Бектасұлы қайырымдылық пен мейірімділік дегеннің бағалы қасиет екенін жастайынан көңіліне түйген жан. Мектепте, кейін студент болған кезден қайырымдылық акцияларына қатысып, ерікті түрде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келе жатыр. «2011 жылы Өскемен Политехникалық колледжінде оқып жүрген кезімде волонтерлік жұмыстарға қатыстым. Бірде қала әкімдігі мен Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі мұқтаж жандар мен зейнеткерлерге көмір алып берді. Еріктілер өзара келісіп, тас көмірді әр үйге түсіруге көмектестік. Сол кезде бүгіндер күш-қуаты қайтқан қарттардың жанарынан ризашылықтың белгісін байқағанымда ерекше әсерге бөленгенім осы күнге дейін есімде. Өзімді осы бағытқа, өзгелерге көмек беруге арнағым келетінін дәл сол мезетте анық түсінгенмін», – дейді ол алғаш алған әсері туралы. Сөйтіп, Сырым Қайсарбеков 2014 жылы қалалық Жастар ресурстық орталығына маман болып жұмысқа орналасқан. Одан бері де ерікті ретінде қаладағы көптеген іс-шараларға қатысып, көпке көмек көрсетуді өмірлік берік мақсатына айналдырған. Маңайына өзі сияқты жастарды топтастыра білді. «Істеймін деген адамға жұмыс көп, ең бастысы соған деген ниет болса болғаны. Игі жұмыстың үлкен-кішісі болмайды, өзгелерді риза етсек ең басты алғыс сол. Мысалы мүмкіндігі шектеулі жандардың, қарттардың аулаларындағы қарды күрейміз. 1 наурыз – Алғыс айту күнінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне азық-түлік апарамыз. Шаһарды көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына да қатысамыз. Менің ойымша, волонтер атанғысы келгендердің бірінші кезекте адамгершілігі мол болу керек. Содан кейін айналасындағыларға деген сүйіспеншілік пен қоғамға титтей де пайдамды тигізсем деген таза ниет қажет», – дейді Сырым өз сырын ақтарып. Қазірде Өскемен қаласында сегіз жүзге тарта волонтер бар. Жыл сайын олардың саны артып келеді. Мысалы, былтыр тек 2 жоғары оқу орнында волонтерлік ұйым болған. Ал биыл олардың қатарына тағы да 1 университет пен 5 колледждер қосылды. Биыл қаңтар айының аяғында Өскеменде волонтерлер орталығы ашылды. Мұндағы мақсат – еріктілердің санын арттыру, оларды қоғамдық жұмыстарға тарту. Орталықта екі координатор жұмыс істейді. Бұл еріктілердің басын қосып, алдағы жоспарлардың бүге-шүгесін талқылап отыруға жақсы мүмкіндік береді. Сырымның айтуынша биыл ерекше жыл. «Біріншіден, елімізде волонтерлер жылы болып аталды. Екіншіден, биыл ұлы жерлесіміз Абайдың 175 жылдық мерей тойы кең көлемде атап өтіледі. Абай ауданы Қарауыл ауылында ЮНЕСКО көлемінде болатын мерейтойлық шараларға біз ерекше дайындалуға, оны жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға міндеттіміз. Біз соған күш саламыз», – дейді Сырым алдағы жоспарларымен бөлісіп. Шұғылалы Шығыста волонтерлік қозғалыс өзге аймақтарға қарағанда шынында да қарқынды жүргізілуде. Волонтерлер саны былтырғыға қарағанда үш есе өскен, бұл үрдіс енді жалғасын таба бермекші. Оларды ынталандыру үшін тоқсан сайын үздік волонтерлерді марапаттау көзделіп отыр. Ал, жыл соңында «Жылдың үздік волонтері» және «Жылдың үздік волонтерлік ұйымы» атты екі номинацияның жеңімпаздары анықталып, сый-сияпат көрсетілді. Несі бар, жақсы істің жаттығы жоқ, Сырым Қайсарбеков бастаған еріктілердің еңбегіне табыс тілейміз. Бек СӘДІБЕКҰЛЫ Өскемен қаласы qazaquni.kz