Ұлтшылдықты айыптау саяси конструктивті шешім емес - Бекболат Қаржан
2020 ж. 23 ақпан
2331
0
Данияр Әшімбаевқа жауап
Менің түсінігімдегі ұлтшылдық – бұл мемлекетшілдік. Ұлтшыл, мемлекетшіл адам ғана өзінің елінің тілін, тарихын, отанының барлық құндылықтарын құрметтей алады. Қазақ елінде тұрып, қазақтың тілінде сөйлеп, қазақ тілінде елге қызмет етпесең, сені ұлтшыл демей-ақ қояйын, мемлекетшіл емессің. Ұлтшыл дегеннен өзгелер көп жағдайда шошиды. Ал, сен мемлекеттік тілді білмесең, мемлекетшілмін деп айтуға қақың да жоқ. Ол абсурд, өтірік ұстаным. Қай заман болса да мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтары басқарған елдердің барлығы да өркениеттің көшінен қалған емес. Өз тілінде елін басқарған, мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтары тізгінін ұстаған елдердің барлығының өркендеп кетуі жаратылысынан заңдылық нәрсе. Себебі, мемлекетті құраушы ортаның барлық иммундық жүйесі, күші ортақ тілінде болады. Бұл жайында көптеген тарихи мысалдарды келтіре беруге болады. Мемлекетшіл әрбір азамат өз отанының, елінің, сол елдегі мемлекетті құраушы ұлттың тілі мен тарихын, жері мен дәстүрін, салты мен ғұрпын, діні мен мемлекеттік басқару құрылымдарын сыйлауға міндетті. Мемлекетшілдік – бұл өзі тұрған отанының тілін, тарихын білу, құрметтеу, мақтан тұту, насихаттау. Біздің демократиялық, тең құқықты ұлттық мемлекет құрамыз деген ниетіміз анық болса, Қазақ елінің болашағы үшін қызмет етемін деген азаматтар үшін ұлтына қарамай, дініне қарамай мемлекетте тұратын барлық азаматтарды мемлекет құраушы ұлттың тілі мен тарихын білуге міндеттеуіміз керек. Сол елде тұрғаннан соң, сол елдің нанын жеп, суын ішкен соң мемлекет құраушы ұлттың мемлекеттік тілін де білуге міндетті. Мемлекетшілдіктің бір тармағы осы. Бұл солай болуы тиіс. Себебі кез келген ұлттық мемлекет құрған өркениетті елдердің бәрінде мемлекет құраушы ұлт өзге дисапораларға өзін сыйлата біледі. Мемлекет құраушы ұлттың тілі мен тарихын білуге міндеттейді. Сіз Германияға барып қазақша сөйлей алмайсыз, Ресейге барып қазақша сөйлей алмайсыз. Аузыңа құм құйып тастайды. Әжетханасында да жұмыс жасатпайды.
Жақында осы фейсбукте Данияр Әшімбайдың ұлтшылдықты «фашистік» дегенге келтірген сұхбаты пайда болыпты. Мұндай фашистікті қоймаса, оның соңы жақсылыққа апармайды дегенге де келтіріпті. Сондағы таза қазақы ортаның өз тілін, жерін, намысын қорғауы фашистікке саналса, онда біздің қазақ болып жаратылғанымыздың қандай мәні бар? Мұндай ұлтшылдықты айыптаған сұхбаттар қазақы ортаның қазіргі ашулы жағдайында реакцияны арттыра береді. Мұны ескермеген саясаттанушы білімді саясаттанушыға жатады деп айтудың өзі ұят екен. Ұлтшылдықты айыптау – бұл мемлекетшілдікке қарсы тұрумен тең дүние. Ап анық мысал: кешегі Алаштың арыстарының барлығы да мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтар болды. Оған ешкім де дауласа алмайды. Өзіңіз фейсбукте күнде көріп, оқып отырсыз ғой. Қазақы ортаның барлығы қазақ тілінің тағдырына, жердің, елдің тағдырына қатты алаңдайды. Бір жағдай болса тілім деп, дінім деп, жерім деп айқайлап жатқанның барлығы да қазақты орта. Қазақы ортаның ұлт құндылықтарын қорғауға келгенде иммунитеті уақыт санап артып келеді. Бұл Қазақтың елі, жері, тілі, тарихы ең алдымен қазақтың өзіне керек дегенді көрсетіп отырған жоқ па... Мемлекетшілдік, оның ұлттық құндылықтарын қызғыштай қорғау деген осы. Қазақа орта өзінің мемлекетшілдік, ұлтшылдық көзқарасын ашық бідіреді. Ашық талап етеді. Тек өкіметтің тарапынан ұлттық идеологиялық серпін жоқ. Өкімет оған мүдделі емес. Себебі, ол жерде мемлекеттің идеологияның тұтқасын ұстап отырған қазақ тілінің жанашырлары аз. Тілі мен ділі мүлдем басқа адамдар. Әйтпесе, қазақы орта таза монолитті, монотонды орта болып орнап, билік тарапынан жақсы қолдау тапса, мемлекеттің тұтастығы үшін өте үлкен жұмыс жасай алады. Елдің қожайыны да осы орта. Жалпы, ұлтшылдыққа қарсы ақпараттық немесе саяси майдан жүргізу ешқандай да саяси конструктивті шешім болмайды. Бұл орта тілдің, жердің, отанның, мемлекеттің жанашырларының ортасы. Сондықтан да өкімет мемлекетшіл орта деп қарап, осы ортаның ішкі эмоциясын дұрыс түсінбесе, резонанс пен күшті реакцияға алып келеді. Қазақы осы ортамен дұрыс санаспау, мүддені дұрыс бөліспеу алдағы аз уақытта үлкен саяси қателікке алып келеді. Ауыртпалықтың барлығы мемлекет иесі бола тұра осы ортаға түсіп жатыр. Егер қазақы ортаға дұрыс әлеуметтік ахуал орнамаса, реакция қатты күшейеді. Соңғы жағдайдар тек осыған мысал бола алады. Сіздің тіліңізді білгеніңіз, өзгелерден қазақ тілінде сөйле, қазақ тілін білуге міндеттісің деп талап айтқаныңыз үшін «фашистсің», «нацистсің» деп айыптап жатқан адамның өзі мемлекеттің тілін керек қылмайтын, мемлекеттің тәуелсіздігін мойындамайтын, мемлекеттің тұтастығына, оның құрылымына, Конституциясына қарсы тұрған, оның құндылықтарын мойындамайтын фашисттің нақ өзі деп санасаңыз болады. Себебі оған өзі тұрып жатқан мемлекеттің тілінің керек болмағаны өзінің болашағын өзі тұрып жатқан елмен байланысты көрмегені. Ұрпағының болашағы да Қазақстанмен байланысты емес деген сөз. Сондықтан да ұлтшылдыққа қарсы әрекеттердің барлығына қарсы жауап қайтару, тілді білуге талап қою, міндеттеу қазақтың табиғи болмысындағы жаратылыс заңдылықтарымен астасқан дүние деп қабылдасаңыз болады. Себебі, қазақ солай жаратылған. Өзінің жаратылысынан құндылықтары мен болмысын қорғау оның Тәңірі жазған мәңгілік миссиясы болып қала береді. Оны ешкім өзгерте де алмайды. Солай болып қалады.
Бекболат Қаржан,
Фейсбук парақшасынан