Асқар АҚЖОЛОВ: Қоғамдық сана - қозғаушы күш
2020 ж. 22 ақпан
1668
0
Асқар АҚЖОЛОВ
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы «Жаңабазар» ауылдық округінің әкімі:
ҚОҒАМДЫҚ САНА – ҚОЗҒАУШЫ КҮШ
– Асқар Қуандықұлы, жасыратыны жоқ еліміз бойынша ауылдық жерлердің жағдайы айтпаса да белгілі. Көптеген ауылдарда білім мен мәдениет ошақтарын былай қойғанда жөні түзу жол, электр қуаты, тіршілікке аса қажет ауыз су тапшылығы туралы хабарларды телеарналарымыздан көріп жатамыз. Ондай мәселелер сіздің «Жаңабазар» аулына соқпай, жанай өтіп кеткенге ұқсайды... – Еліміздің басына түскен қиындықтар «Жаңабазарды» айналып өтіп кетті деуге бола қоймас. Бұрындар ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстардың үзілуі біздің елімізге ғана емес, бүкіл одақтас республикалардың барлығына ауыртпалықтар әкелгенін көзімізбен көрдік. Біз де шет қалған жоқпыз. Рас, жаңа әлеуметтік жүйе алдында ауылдарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі тұрақты болды. Осы мәселе туралы сөз қозғалғанда мына бір болған оқиға есіме түсетіні бар. Еліміз тәуелсіздікті алған алғашқы жылдардың бірінде аймақта іссапармен жүрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңабазар» елді мекеніне де келген-ді. Бұл 1997 жылдың ақпан айы болатын. Халықтың еңбегін бағалап, тұрмыс тіршілігін көзімен көріп, ауылымыздың ажарына риза болған мемлекет басшысы «Коммунизмді іздеп жүрсек нағыз коммунизм осында екен ғой!» деген еді. Бұл әзіл аралас айтылған сөздің астарында ақиқат бар болатын. Табиғаты тамылжыған, таулы, өзенді, жасыл желекке малынған Қазығұрт өңірінде орналасқан біздің ауыл шынында да жұмаққа ұқсайтын. Ол кезде совхоз тарамаған, ауылымыз «Коммунизм» деп аталатын. Қазір «Жаңабазар» ауылдық округі болып қайта құрылды. Бүкіл еліміздегідей түрлі қиындықтарды басымыздан өткеріп, жаңа заманға сай бәрін де басынан бастауға тура келді. Ауылымызда атамзаманнан бері келе жатқан базар бар, ол да кеңейтіліп жаңартылды.Әр жексенбі сайын тұрақты түрде өткізіліп тұратын үлкен жәрмеңкеден әркім өз керек-жарағын сатып алып, артық өнімдерді осында әкеліп өткізеді. Қазақтың ат қоюға қашан да шебер екені белгілі. Содан да болар, бұл базардың атымен елді мекен «Жаңабазар» деп аталып кетті. – Демек, бүгінгі қол жеткен табыстарыңыз оңайлықпен келмегені ғой?.. – Әрине, еш нәрсе өздігінен келмейді. Жекешелендіру науқанынан соң ежелден келе жатқан ұжымдық, қауымдастық деген ұғымды жоғалтып ала жаздағанымыз шындық. Жеке шаруашылық кеңестік кезеңде де болған, бірақ адамдар бірінші кезекте ұжымдасып, еліміздің ортақ табысы үшін еңбек еткені белгілі. Жаңа жүйені жекебастың қамы ғана деген түсінік пайда болғаны да жасырын емес. Ал ондай ұғыммен алыс кете алмаймыз. Бірінші кезекте, белгілі бір дәрежеде ортақ мақсат деген болуы міндет. Ауылдың көркейіп, дамуына оның әрбір адамының қосқан мол үлесі бар. Біздің адамдарымыз еңбекқор, бұл басты қасиет, оны алдымен бөле-жара айтуымыз керек. Ауылдан қоныс аударушылар жоқ, керісінше бізге көшіп келушілер баршылық. Адамдарымыз негізінен бұрыннан өздеріне етене жақын ауыл шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде төрт түлік пен егін, бау-бақша өсіріп, өзге де өндірістік бағыттағы жеке кәсіптерімен шұғылданады, сол арқылы ауылдың дамуына ықпал етеді. Соңғы жылдары Үкімет қаулысы бойынша жыл сайын ауыл әкімдіктеріне 4-ші деңгейлі бюджет қаражаты берілетін болды. Олар салықтың алты түрінен түсетін қаражаттан құралады. Халық саны көп және жылдын-жылға артып келеді. Бюджеттен бөлінген қаржының ауылдағы барлық қажеттілікті толықтай өтей алмайтыны белгілі. Сондықтан бюджет тапшылығынан шығу үшін, шағын және орта бизнес нысандарын көптеп ашып, яғни орта кәсіпкерлікті дамыта отырып, сәйкесінше салықтық түсімдерді арттыруымыз қажет. Салықтан мол қаржы түссе тұрғындарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге мүмкіндіктер туады. Ол дегеніміз – адамдардың лайықты өмір сүруі үшін аса қажет ауыз су, электр қуаты, сапалы жол, газбен қамту сияқты кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу. Қазығұрт «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынның Жаңабазар бөлімшесінде арнайы 8 маман жұмыс істейді.Біздің ауылдық округке қарайтын, Қазақстанның 20 жылдығы,Үлгілі, Жылыбұлақ, Жаңажол, Тілектес елді мекендеріндегі отбасылар ауызсумен толықтай қамтамасыз етілген. Қарабастау – Жеңіс - Қызылбұлақ елді мекендерін қосатын жалпы ұзындығы 22 шақырым жолға асфальт жол құрылысы жүргізіліп, сонымен қатар Жаңажол-Айнатас елді мекендерін қосатын жолға асфальт төселді. Қазір бір ғана Жеңіс ауылына газ жеткізілген жоқ, ол да көп кешікпей іске асырылады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда Жаңабазар ауылдық округі елді мекендерінің 89 пайызы газбен қамтамасыз етілді. Ауылдың ішіндегі лицей мектептеріне де қаржы бөлініп, газбен жылытылатын болды. – Мектеп демекші, ауылдарыңызда білім беру саласының жағдайы қалай болып жатыр? – Бүгінгі заман білектінікі емес, білімдінікі екені жалпыға аян. Білімді жастарымыз көп болса – еліміздің болашағы да жарқын болмақ. Ал, елдің болашағы жастар екені де белгілі. Сондықтан сапалы білім, саналы тәрбие беру ісі назардан тыс қалмауы тиіс. Қолдан келгенше бұл салаға барынша көңіл бөліп келеміз. Жаңабазар ауылдық округіне қарасты қазірдің өзінде 5 балабақша бар. Адам санының өсуіне байланысты олардың саны арта түседі деген ойдамыз. Сол сияқты жас ұрпаққа жалпы орта білім беретін мектептеріміз әрбір ауылымызда жұмыс істейді. Жаңабазар ауыл округі бойынша Үлгілі елді мекенінде және Жылыбұлақ ауылында әрқайсысы 300 орындық мектептеріміз бар. Тұрғындардың талабы бойынша Тілектес елді мекенінде де 150 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жастардың спортпен шұғылданып, денсаулығын шыңдауға да мүмкіндіктері мол. Соған орай спорт саласынан жетістіктері де жоқ емес, аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүр. Ауылдық округте №3 «Жігер» балалар мен жас өспірімдерге арналған спорт мектебі жұмыс істеп келеді. Тоғызқұмалақ, қазақ күресі, қол күресі, үстел теннисі, футбол, баскетбол, волейбол сияқты және спорттың басқа да түрлерімен айналысатын 34 топқа 400-ден астам балалар қатысады. Ауыл жастары бос уақытында спортпен, өнермен және мәдени іс-шаралармен айналысады. –Яғни тұрғындардың мәдени, рухани деңгейін көтеру де назарда ғой. –Экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен қатар халықтың рухани, мәдени жағынан дамуы да аса қажет. Елімізде жарияланған тарихымызды түгендеп, озық салт-дәстүрлерімізді дамытып, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді өрістетуге бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы соңғы жылдар кең қолдау тапқанын білеміз. Осы маңызды бағдарлама аясында біздің де іске асырылып жатқан жұмыстарымыз баршылық. «Туған жер» бағдарламасы –экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштермен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Жеке кәсіпкер Б.Төлендиев «Туған Жер» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында жалпы сомасы 80 млн. теңгеге демеушілік көрсетіп, «Жер Ана» монументі мен әскерилерге арналған ескерткіш орнатты. Ауыл тұрғындарының демалатын аллеясын жөндеуден өткізіп, оны абаттандырып халық игілігіне жаратты. Үлгілі елді мекеніндегі «Суан баба» кесенесі мен демалыс аймағын жаңғырту мақсатында демеушілер есебінен қайта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізді. Жергілікті халық үшін маңызы зор, киелі орындарды қалпына келтіруді қолға алған кәсіпкер Ш.Нұрпейісов өз қаржысы есебінен «Қара ағаш» тарихи орнына абаттандыру, көшет егу, қоршау жұмыстарын атқарды. Тағы бір азаматымыз Б.Қыдыралиев елді мекендерді көгалдандыру мақсатында өз қаржысынан жалпы аумағы 12 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы тиімсіз жерлерді ретке келтіру арқылы 10500 түп түрлі жеміс және декоративті ағашатарды егіп, өз үлесін қосты. Рухани жаңғырудың мазмұны мен ауқымы өте кең. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ ұлтының қанында қайырымдылық деген жақсы бір қасиет бар. Мейрімділік танытып, қамқорлық жасау тек қана қалтасы қалың емес, алдымен рухани жағынан бай, үлкен жүректі, таза ниетті адамдардың қолынан ғана келеді. Бұл ата-бабалармыздан жеткен асыл қасиет, соны бүгінгі ұрпағы сақтап дамыта білуі керек. «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек» жобасы арқылы 15 отбасына шартсыз ақшалай көмек көрсетілді. Бірнеше отбасына үлкен ірі қара мал, қой-ешкілер таратылды. 14 отбасы 264 бас құс алса, бір отбасына автокөлік дүкенін ашуға көмек көрсетілді. Мұндай әлеуметтік қолдаулар жыл сайын көрсетіліп келеді. Жалпы мемлекетімізде «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген ереже бар. Оның негізгі мақсаты – кәсіпорындар тұрғындарға жан-жақты қолдау жасау. Ауылдың кәсіпкерлері осыған сәйкес тұрмысы төмен отбасыларға ұдайы қаржылық немесе азық-түлік түрінде ұдайы жәрдем беріп тұрады. Олардың қатарында «Қайып ата» ЖШС директоры С.Ертаев. «Арай» май зауытының директоры Ә.Қозыбаев, жеке кәсіпкерлер Б.Төлендиев, А. Мырзақұлов, Ә. Балабеков секілді тағы да танымал басқа азаматтар бар. Аулымыздан шыққан осындай қамқоршы кәсіпкерлердің арқасында тұрмыстық жағдайлары төмен отбасылардың жағдайлары тұрақты бақылауға алынды. –Асқар Қуандықұлы, әкім болу, көпшіліктің тілін табу, ел басқару жеңіл жұмыс емес. Өз қызметіңізде нені басты мәселе деп ойлайсыз және күнделікті жұмысыңызда кімдердің көмегіне жүгініп, кімдерге арқа сүйейсіз? –«Отбасы – шағын мемлекет» деген қалыптасқан ұғым бар. Яғни, әрбір отбасы мемлекеттің бір бөлшегі. Сол сияқты аудан, облыс және әрбір ауыл да қоғамның ажырамас құрамы. Мемлекеттің қуатын арттырып, елдің дамуын қамтамасыз ететін де сол адамдар, сол қоғам мүшелері. Ал оны басқаратын әкім бе, министр ме, директор ма қарамағындағы үлкенді-кішілі қауымды ұйымдастырып, нақтырақ айтсақ қоғамдық сананы қалыптастырып белгілі бір мақсатқа жұмылдыра білуі қажет. Қоғамдық сана жоғары болса алынбайтын қамал болмайды, ол басты қозғаушы күш. Сонда ғана туған жерді түлетсем, қасымдағыларға қамқорлық көрсетсем, ұлтымның намысын қорғасам деген ізгі ниет пайда болады. Ал, жұмыс барысында кімнің көмегіне жүгінесіз деген сұраққа келетін болсақ, тағы да сол адамдарға иек артамын. Саналы, белсенді азаматар баршылық. Одан қалды ақсақалдар алқасы сияқты ұйымдар бар. Бұл менің өзімнің жеке пікірім. Мысалы мені осы қызметке ақсақалдар алқасы, тұрғындардың өзі сенім артып ұсынған болатын. Ал көпшілік сенімін ақтау парыз, сол үшін қызмет етіп жүрміз. Африза АЙТБАЕВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі qazaquni.kz