Біліктілігімізді шыңдаған педагогикалық практика
2020 ж. 22 ақпан
3357
0
2017 жылы студент атанып, үлкен өмір жолына қадам бастым. Жоғары білімді қазақ білімінің қара шаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде алу бақыты бұйырғаны үшін қуаныштымын. Педагог мамандарын даярлау ісіне елеулі үлес қосып келе жатқан білім ордасында педагог-психолог мамандығы бойынша есімі елге етене таныс білікті мамандардан дәріс алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екені сөзсіз. Өзімнің жүрек қалауымен таңдаған мамандығым бойынша қазақ елінің ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдеріндегі тек қана қыздарға арналған жалғыз оқу орнында, ару Алматының төрінде білімнің биігіне қол созған біз секілді егемен елдің еркін ұландарында арман жоқ дер едім.
Қазақ елінің ұрпақтарын тәрбиелеуге тікелей әсер ететін ол – мұғалім. Ал қазақ қыздарының қарашаңырағынан шыққан әрбір қазақ қызы келешек ұрпақтың тәрбиесіне бей-жай қарамайды деп ойлаймын. Себебі, біздің оқу орнымызда қыздардың біліміне ғана емес, тәрбесіне айрықша көңіл аударылады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне келген сапарында: «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп, оқу орнының қоғам алдындағы алар орнына айрықша тоқталып өткені бар. Осынау жауапкершілікті жан жүрегімен сезінетін, оқу орнындағы барша қыздың анасындай болған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенованың іскерлігінің арқасында бүгінде біздің университетіміз білім сапасы бойынша жоғары межеден көрініп келеді.
Кәсіби білікті педагог мамандарын даярлау бағытында әрбір курс студенттерінің оқу-өндірістік тәжірибесіне аса зор көңіл аударылады. Осы жылы біз 5 апталық педагогикалық практиканы Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте өттік. Мектеп табалдырығын жүрексіне аттағанымыз да жасырын емес. Бізді осынау білім ордасында мектепің директоры Қорлан Тұрсынова мен жетекшіміз психолог Айгүл Сейтқазиева сынды ұлағатты ұстаздар жарқын жүзбен қарсы алды.
Сондай-ақ, өздерінің Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бір кездегі түлегі екендіктерін мақтанышпен айтқанда, біздің кеудемізді әп сәтте қуаныш сезімі кернегенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз мектепте университетте оқыған теориялық білімімізді тәжірибе жүзінде қолдана отырып, көкейімізге көп дүние түйдік.
Мұғалім деген сөздің мән-мағынасына кез-келген адам жете бермейтіндігіне тағы да көзім жетті. Мектепте бір айдан аса уақыт жүріп педагог маманының негізгі міндеттерін үйрендім. Әрі зор жауапкершілік жүктелетінін ұқтым. Бұрындары оңай әрі қызық секілді көрінген мұғалімдік қызметтің үлкен қажыр-қайрат пен қайсарлықты талап ететінін түсіндім.
Айтылған сөздерден, оқыған кітаптарымыздан оның мәнін түсінбейді екенбіз. Бұлай деуімнің себебі – мұғалімді қалам деп алсақ, оқушы ол таза ақ парақ. Ақ параққа жазылатын сөздерді мұғалім таза жазуы керек. Әйтпесе ол ақ парақ бүлінеді. Сол секілді мұғалім алдына келген балаға тарыдай айтқан қате сөзі баланың болашағына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұғалім мамандығын игере отырып, өскелең ұрпақтың бойына білімнің дәнін сеуіп, бабаларымыздың үмітін ақтағым келеді. Сол үмітті ақтау жолында қыздар университеті берген ерекше тәрбие өмірлік азық боларына нық сенемін. Бұл тұрғыда болашақ педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатында осындай практика ұйымдастырған ректорымыз Гаухар Төремұратқызына айтар алғысым шексіз.
Сәния ҚОСАН
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 3 курс студенті
qazaquni.kz