Текелім - қасиетті мекенім
2020 ж. 22 ақпан
3506
0
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы елімізде өткен «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында: «Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8% жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 млн ал, ішкі туристер саны 8 млн адам болады. Ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек», – деген-ді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаев халыққа Жолдауында: «Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет» екенідігін айрықша атап өткен-ді. Осы бағытта бүгінде ел көлемінде атқарылған жүйелі жұмыстардың өз жемісін беріп келе жатқаны көңіл қуантады.
Соңғы бірер жылда Қазақстанның туристік болашағын насихаттап, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген бір топ бар. Қазақ журналистерінен құралған топ. Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысының Кеген, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарын аралап қайтқан олардың ұшқыр клавиатураларынан көк түйнектей домалаған постар мен мақалалар оқырманды қарық қып тастаған. Әңгімемнің беташарын әріптестерімнің өткен жыл еншісінде қалған сапардан алған әсерлерімен бастауды жөн көріп отырмын.
Аида Қожмамбетова: «Көлсай.... тіпті алған әсерімізді қаламмен жеткізе алмаймыз. Шетелден, АҚШ-тан келген сексен жастағы қарияларды көргенде, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Ел туризмін бұжан әрі дамыта түссек, біздің табиғатты тамашалап, мұхит асып келіп жатқандар қарасы көп болары сөзсіз.
Ақбота Мұсабекқызы: «Шатқалдың төменгі жағында қытайлық туристерді де кезіктірдік. Қытайлық саяхатшылар Қазақстан туралы, Шарын шатқалы туралы біздің мақтанышымыз Димаш Құдайберген арқылы естіп-білгенін, енді өз көздерімен көріп, тануға келгендерін айтты... Осының бәрін сәтті пайдаланып, Димаш арқылы шетелдіктерді елге, әсіресе Шарын ұлттық паркіне тарту үшін шатқал орналасқан ауданның атауын Шарын ауданы деп атасақ, туризмге «терезе» ашылар еді. Біз көрген қытайлық туристер осындай ой салып кетті... Ал ҚазҰУ-дың PhD докторы Халық Балықбайтегі «Ұйғыр ауданы деген атауды тездетіп өзгертіп, тарихи атауы Шарынды өзіне қайтарсақ» атты мақаласында Ұйғыр ауданындағы тарихи деректердің бұрмаланып жатқандығын мәселе етіп көтерген-ді. «Бүгінде Шонжы ауданындағы тарихи жер-су, мектеп көше аттарын дыбыстық өзгеріске ұшырап, ұйғыр тіліне ауыстырылып, әуелгі этникалық мағынасын жоғалтуда. Мысалы: қазақ ауылы Ақтам, Тирмен, Кеңес, Дардамты, Арғы долайты, Тас қарасу, Кетпен, Диқан, Жұлдыз, Кеспебұлақ сынды елді мекендері бұл күнде Ақтама, Тігірмен, Кеңеш, Дардамтуі, Дұлайты, Ташқара су, Кетмен, Дыхан, Юлтыз, Бүдеті, Бахар, Шырын деп ақырындап өзгеріп бара жатыр. Жер-су атауларына қатысты ұйғырлар жалған тарихи аңыз жасап, халық арасына таратуда. Мысалы Назгүм үңгірі аңызы еш тарихи шындыққа жанаспайды, онда Қазақ жеріндегі Ақсу атауын Қытайдағы Ақсуға апарып телиді. Шонжы өңіріндегі мектеп көше аттары дерлік ұйғырлардың атына берілген. Мәселен; Изім Иіскендір, Іля бақтя, Әбдулла, Розы Бақиев, Ахметжан Қасыми, Құдыс Қожамяров, Розр Бакиев, ал бұлардың Қазақ еліне сіңірген еңбегі бар екені рас, ал мына Лотпола Мүтәліп, Зяад Самади, Ғайни Батыр, Садық палуан – бұлар Қытай жеріндегі ұйғырлар. Қазақ топырағында еш ізі жоқ. Ежеден қоныстанған қазақтан бұл жердегі жер-су мен мектеп көшелерге атын беретіндей ұлы перзенттері шықпағаны ма? Бұлай істеуінің артында қандай ой жатқанын түсіну қиынға соқпайды. Біз ұйғыр ауданы деген атауды тездетіп өзгертіп, жеріміздің тарихи атауы «Шарынды» өзіне қайтарсақ» деп жазған еді ғалым Халық Балықбайтегі.
Расында, есіміз барда елімізді танып, қазіргі Ұйғыр ауданын атауын Шарын ауданы деп өзгертетін кез келген сияқты».
Мәриям Абсаттар: «..Алтын адам» табылған обаны, Бекен ата салдырған мұражайды және табиғаты көз тойғысыз Есік өзінен біз осы жолы Қазақ журналистері өз көзімізбен барып көріп қайттық. Ондағы мақсат - отандық туризмді насихаттау...
Бір жақсысы, телефон дегенді ұмытасыз, бірақ ұялы байланыс компаниялары ойланатын, қолға алатын кез жеткен сияқты. Өйткені адамдар сол сәттегі эмоцияларымен әлеуметтік желіде бірден бөліскісі келері сөзсіз, сториз деген бір құдірет бар ғой бүгінде...
Арай Жұмашқызы: «...Отанымызда шоу-бизнес әлемі шарықтап дамып келеді. Эстрада жұлдыздары шетелге шығып, ақшаны шашып, бірімен-бірі жарысып, бейнебаян түсіргенше, дәл осы отандық туризмді насихаттасын. Шарын шатқалының әдемілігі қай шет елден кем?! Неге соны жарнамаламасқа? Көрікті мекенді күллі әлемге паш етуден сайысқа түспеске? Бұл – бір. Екіншіден, тарихи қысқаметражды не толықметражды, тым болмаса сапасы мықты деректі фильмдер түсіріліп, сайдың тасындай телехабарлар жасалса екен. Кәдімгі кәсіби тұрғыда, жоғары деңгейде. Егер іздесе, Шарын шатқалы туралы талай жазба құнды деректер аз емес. Тек соны іліп әкетіп, дамытып, бейнежазбаны ғаламторға толтырып тастаса, әлемнің әр тарапынан туристер ағылар еді».
Бауыржан Карипов: «Біз Көлсайға барсақ, мәдениет министрі Көлсайды дамытуға қатысты мемарандумға қол қояды. Алтын адамды зиярат етсек, экс-мәдениет министрі Түркияда Алтын адамды көрмеге қояды. Пресс-турлар сондай берекетті боп жатыр. Енді қайда барсақ болады?».
Осы жолдар авторы да өз тарапынан «Айқын» газетінде «Шұғылалы өңірдің шежірелі тарихы» (Түрген сапарынан, https://aikyn.kz/8059-shughylaly/), «Мәдениет» порталында «Есікке — асыл бесікке» (Есікке сапар, http://madeniportal.kz/article/4129), Qazaqstan dauiri газеті мен Qamshy.kz порталында «Қара даланың иесі мен киесі» (Шонжы сапарынан жазылған эссе, https://qamshy.kz/article/52570-qara-dalanynh-iesi-men-kiesi) мақалаларын және Көлсай, Қайыңды көлдері хақында постар жариялатқан-ды. Осындай журналистік материалдардың пәрменділігінің нәтижесінде оларда көтерілген бірқатар проблемалар тиісті орындардың назарына ілігіп, шешімін тапты.
Жоғарыдағы пресс-турларды ұйымдастырған Алматы облысы әкімдігі жаңа жылдың беташар айларында назарын Текеліге тіктепті. Бұл жолғы сапарды ұйымдастырған талдықорғандық әріптесіміз — Есболат Айдабосын (қайда жүрсе де аман босын).
Текелі қаласы Талдықорғаннан оңтүстік-шығысқа қарай қырық шақырым жерде, Жоңғар Алатауының терең қойнауында орналасқан. Теңіз деңгейінен мың-мыңжарым биіктікте жатыр. Жергілікті көнекөздерден білгеніміздей, қаланың аты сақалын тау самалына желпітіп, жалама жартастардың ұшар басында секиіп тұратын таутекелерге орайлас қойылған Текелі өзенінен шыққан. Автобустан түсіп, осы жердің топырағын алғаш басып тұрғанымызда әлгі бір жануар заманында түркі жұрты үшін бір тылсым кие болғаны, тіпті еліміздің батысындағы қазіргі Орал қаласы бұрын Теке атанғаны ойға оралды. Онымен қоса-қабат жебесі нардай бақырған жауынгер жырау, киесі (тотемі) текеден болған Қарғабойлы Қазтуған бабамыздың өзін әлеуметке таныстырғанда айтты дейтін
«Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Айдаса – қойдың көсемі,
Бұлұт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің,
Арасын өтіп бұзып дінді ашқан,
Сүйінішұлы Қазтуған!» - деп келетін жыр жолдары еске түсті. Ғажап емес пе, қазақ даласының екі арасы үш мың шақырымды алып жатқан қос босағасын — батыс және шығыс қиырын бір онғұн кие тұтастырып тұр.
Ал енді бар ма, сонау 1933 жылы жертесер екі инженер-геолог М. Юдичев пен М. Қаділбеков далалық зерттеу-барлау жұмыстары кезінде осы Текелі өзенінің оң жағалауынан қорғасын, мырыш, күміс, кадмий, германий кендерінің мол қорын тапқаннан кейін, бұрын, яғни 1911 жылдан елді мекен, 1927 жылдан кент болып тұрған Текелі осында әуелі 1937 жылы қорғасын-мырыш кеніші салынып, ол арада бес жыл өткенде комбинатқа айналғасын одан әрі өсе келіп, 1952 жылы қала мәртебесіне ие болған. Олжас Сүлейменовтың «Неміс фашистеріне атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалған» дейтін сөзі әшейін алаулатқан-жалаулатқан ақындық образ емес, өмірден алынған нәрсе. Оның дәлелі, кешегі күндей күркіреп өткен соғыста жауға атылған әрбір бесінші оқтың Текелі қорғасын-мырыш комбинатында құйылуы. Бұл — тарихи факт.
Тауды бөктерлеп, енсіздеу шат-шатқалаңды қойдың аш ішегіндей қуалап жатқан Текеліде ТМД-дағы ең ұзын көше бар. Ол ұзақтығы 35 шаршы шақырымға созылып жатқан Қонаев көшесі.
Әлеуметтік-экономикалық жағдайы қорғасын комбинатына тікелей байланысты дамыған, соған орай Алматы облысындағы жалғыз моноқала — Текелінің ахуалы кеңес дәуірінде жаман болған жоқ. Ол заман стратегиялық жабық қалалар Орталықтан арнайы жабдықталғаны белгілі. Бірақ Кеңес Одағының тігісінен тозған бөздей оқыс ыдырауы, одан кейінгі, 1990 жылдар басындағы қарасуық-қатқақ кезең транзиттік күретамыр жолдардан бір бүйір оқшау жатқан қаланы тұралатып кетті десек, артық айтқандық болмас. Сол жылдардан кейін мұндағы тұрғын халықтың саны қырық мыңға дейін түсіп қалған (қазір ресми түрде 33 мыңға жуық адам тұрады деп есептеледі). Әлбетте, бүгінде еліміздегі сияқты мұнда да «Жол картасы» бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бірқатар оң шаралар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе Жылансай шатқалында салынып жатқан Орталық Азия университетінен халықтың үміті зор: негізгі базасы Тәжікстанда орналасқан бұл заманауи жоғары оқу орнының Қазақстандағы филиалы жоспарға сәйкес 2022 жылы іске қосылған шақта онда «Болашақ» бағдрламасы бойынша бір мезгілде 1200 студент білім алатын болады. Ал мұның өзі қала бюджетіне түсетін қосымша қаржы, инвестиция, жергілікті халық үшін кәсіп көзі.
Сөйтсе-дағы Жоңғар Алатауының адамды өзіне еріксіз ғашық ететін тұмса табиғатын тамашалап тұрғанымызда белгілі түрік қайраткері Тұрғыт Озалдың туризмді «түтінсіз фабрикамен» салыстырған бейнелі сөзі ойға орала берді. Осында бізді тау басындағы «жабайы» сырғанаққа «жедел жәрдем» көлігі алып шықты. Шетелде болса, мұндай жерлерге әлдеқашан фурникулер түсер еді. «Туризм!» деп «мен мұндалап» тұрған сайларға, Бұрхан бұлағына, Ескен тауына, көргеннен көзақысын алатын шатқалдарға туристік соқпақтар апарар еді. Егерде шеттен инвистиция тартылып, үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлінсе.
Осындайда еске түседі: жарты жылдай уақыт бұрын ғой деймін, Алматының «инязында» бірге оқыған құрбым Мақпалдың аяқ астынан Алматыны тастап, отбасымен осы Текеліге көшіп кеткені. Шетелден білім жетілдіріп келген күйеуі мегаполистің белгілі жоғары оқу орнындағы декандық жұмысын Текелідегі жаңа оқу орнындағы қызметке ауыстырған. Мақпал осы орайдағы үмітін әлгі университетпен үкілей отырып, бұл өлкенің саф ауасын, көркем табиғатын, қаланың болашағын бір кеш әңгімелеп, мені Текеліге ғашық қылып тастағаны есімде. Мұның өзі бізде де субурбанизация үдерісі басталғанын, бірақ көрші Ресейдегідей халықтың қаладан ауылға келуімен емес, үлкен қалалардан шағын қалаларға келіп қоныстануымен айқындалып отырғанын көрсетеді.
Қазақстанның болашағы — Текелі сияқты шағын қалаларда. Оларда ауылдың исі, соған сай ел жақтан соғар самал желдей ізгілік, инабаттылық бар. Сонымен бірге мұндай шағын қалалар өркениеттің тынысымен де еркін тыныстайды. Осылайша олар ауыл мен қаланың арасынан ұнасымды үлгі пішіп, еліміздің алдағы дамуына жаңадан тыныс беретіндей артықшылыққа ие. Өз басым Текеліден осындай ойлармен аттандым.
Сөз соңында осы Текелі сапарынан жас блогер Санжар Абсаттар жасаған экстрим бейнекөрінісін тамашалаңыздар:
Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
qazaquni.kz
.
Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
qazaquni.kz