Министр: 15 баланы дүниеге әкелген анаға 159 мың теңге төленеді
2020 ж. 18 ақпан
1825
0
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2019 жылғы жұмыс қорытындысы және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов бірқатар мәлімдеме жасады. Министрдің айтуынша, елімізде енді сегіз балаға 85 000, он балаға – 106 000, он бес балаға – 159 мың теңгеден төленеді, - деп жазды abai.kz.
«Көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-ден (4 бала) 74 400 теңгеге дейін (7 және одан да көп бала) төленетін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы қазірдің өзінде шамамен 370 мың отбасына төленді. 2020 жылға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 млрд. теңге қарастырылған.
Қазіргі уақытта 8-ші және одан кейінгі балаға арналған жәрдемақыларды шамамен әр балаға 4 АЕК-тен саралау мәселесін қарастырудамыз. Мысалы, 8 балаға берілетін жәрдемақы мөлшері 85 мың, 10 балаға – 106 мың, 15 балаға – 159 мың теңгені құрайды», - деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің сөзінен ұққанымыз, 2020 жылы 1 қаңтардан бастап 8-ші және одан кейінгі балаға берілетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бекітілген. Бір қызығы 15 бес балалы отбасыға 159 мың теңге беріледі екен. Біздің шенділер ойға симайтын осындай «көреген» иедеяларды қайдан тауып алатынына таңғалмасқа амал жоқ. Соны тағы сүйінші сұрағандай елге жариялайды. Әйтпесе, 15 бала тапқан анаға мынадай аз жәрдемақы тағайындау мақтанып айтатын іс емес екені сөзсіз...
Сонымен қатар Біржан Нұрымбетов жаңа тәсілдерге сәйкес АӘК тоқсан сайын тағайындалатындығын атап өтті. Егер еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК көрсету бүкіл отбасына тоқтатылатын болады.
«Ағымдағы жылдың 1 ақпанына көмек 37,4 мыңнан астам отбасына немесе 187,3 мыңнан астам адамға, оның ішінде 122,9 мың балаға тағайындалды. Сонымен қатар, табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді және беріле бастады. Әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары кепілдендірілген әлеуметтік топтамалардың уақтылы берілуін қамтамасыз етуі керек. Табысы аз отбасындағы әрбір балаға мемлекеттік көмек көрсетілуі керек», – деді министр.