Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек!

Мемлекеттік тіліміздің әлі күнге дейін өз мәртебесіне сай толыққанды қызмет атқара алмауының басты себептері төмендегідей: 1. Заң бойынша, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білуінің міндет еместігі. 2. Конституциямыздағы 7-баптың 2-тармағы бойынша, орыс тілінің мемлекеттік тілмен теңестірілуі. 3. Қазақ халқының бірден-бір Отаны Қазақстан екенінің, яғни, қазақтардың мемлекетті құрушы титулды ұлт екенінің, Қазақстандағы диаспоралардың әрқайсысының тарихи өз отандары бар екенінің Ата Заңда мүлде ескерілмеуі. 4. Қазақстанда біртұтас унитарлық елге тән мемлекеттік идеалогияның жоқтығы. Оның себебі – қазақ елінің мыңдаған жылдар бойы кемелдене қалыптасқан халықтық тілі мен дүниетанымын Сөзтаным ғылымы мен Бестаным (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Құдайтану) ілімі тұрғысында түбегейлі зерттеп-зерделеп тану, оқыту ісінің мемлекеттік дәрежеде қолға мүлде алынбауы. 5. «Үштұғырлы тіл» саясаты практикасының білім жүйесіне заңсыз, зорлықпен енгізілуі. 6. Мектептегі жоғарғы сыныптарда гуманитарлық пәндерден өзгелерінің орысша және ағылшынша ғана оқытылмағының жоспарланып қойылуы. 7. Биліктегі қандас азаматтарымыздың басым бөлігінің орыстілділігі. 8. Еліміздегі орыстілді мектепті бітірушілерге және жоғарғы орқу орындарына түсушілерге қазақ тілі пәні бойынша емтихан тапсырудың міндеттелмеуі. 9. Азаматтарды мемлекеттік қызметке алу кезінде мемлекеттік тілді білудің талап етілмеуі, «Қазтест»-тің көзбояушылыққа айналуы. 10. Қазақстанның азаматтары ретіндегі орыс ағайындардың әлі күнге дейін өршіп тұрған империялық амбициясы. 11. Еліміздегі орыс пен орыстілді ағайындарымыздың қазақ тілін «ғылымға, білімге, мемлекеттік, халықаралық тірлікке жарамсыз тіл, өркениет түзбей артта қалған көшпелілердің тілі» деген жарымжан түсінігі. 12. «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген жалған саясат. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген қажетсіз ұйымның пайда болуы; мемлекеттік тілде іс жүргізбейтін оның жер-жердегі бөлімдері мен бөлімшелеріне қыруар қаржының тұрақты түрде, ұдайы бөлініп отырылуы; соның нәтижесінде, әр диаспора өзін «жеке ұлт» сезінуі, ал, өз жерінде отырған қазақ халқының ұлттық психологиясының қатардағы диаспоралық психология деңгейіне дейін құлдырауы. 13. Коммуникация, БАҚ құралдары, баспа өнімдері секілді толып жатқан салалар бойынша, ресейлік және өзге де шетелдік экспансияға төтеп берерлік қауқардың мемлекетімізде жоқтығы. 14. Елімізде Қазақтың тілін, барша ұлттық құндылықтарын мойындамайтын, керісінше, арабтық халифат құруға құмар астыртын діни ағымдардың бар екенінің билік пен арнайы органдар тарапынан ескерілмеуі. Жә, сонымен, мемлекет құрушы қазақ халқына, оның мемлекеттік тіліне деген жоғарыдағы дискриминациялық факторлардың кесірінен, Қазақстандағы орыс пен орыстілді ағайындардың мемлекеттік тілді білуге, меңгеруге деген ниетінің, ынтасының, азаматтық жауапкершілігінің түбегейлі жоғалуына байланысты, біз, жалпы алғанда, ішкі-сыртқы тірлігі тек орыс тіліне ғана тәуелді, арсыз, әділетсіз қоғам құрып тынғандай жағдайға жеттік. Қателеспесек, осыдан 15 жылдай бұрын Елбасымыздың өзі: «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» - деп күйінгені бар. Одан бері тағы 15 жылдай уақыт өтті. Мемлекеттік тілді дамытудың түрлі бағдарламалары жасалумен болды, қыруар қаржы шашылумен болды. Әлі де шашылуда. Яғни, 30 жылдай уақыт (ойлап қаралықшы, табандатқан 30 жылдай уақыт!) өтті, нәтиже мардымсыз. Енді тағы бір 15 жыл солайша жүрсек, жіберілген қателіктерді түзеп алу мүлде мүмкін болмайтын сорақылық стадиясына өтуіміз ғажап емес. Не істемек керек? Әрине, жуық арада мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылданбағы – әділет. Сонсоң, оны үйрену-меңгеру, талап ету үшін, үш жыл мұрсаттық мерзім берілуі жөнінде арнайы жарлық шықпағы және керек шаруа. Сонда ешкімнің реніші болмайды. Өйткені, ынталы адамға, 3 жыл тұрмақ, 6-ақ айда кез келген тілді белгілі бір мөлшерде меңгеріп алудың еш қиындығы жоғын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қазақ үні