Бейбіт шерулерде ақылға қонымсыз шектеу болмасын

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының тұжырымын таныстырды. «1995 жылғы баптардың форматының саны 12 болса, жаңа заңда 21 бап қарастырылып отыр. Біріншіден, бейбіт жиындардың заңнамалық базалық қағидаттарын енгізбекпіз. Екіншіден, заң жобасына анықтамалық аппарат енгізіледі. Сонымен қатар, заңда бейбіт жиынды ұйымдастырушылардың, қатысушылардың, журналистердің мәртебесі, міндеті мен құқығы айқындалады. Сондай-ақ заңға мемлекеттік органдардың құзыреті енгізіліп, бейбіт жиын өткізуге болатын орындар белгіленеді. Пикет, митинг, жиынға арнайы орындарда 250 адамнан аз халық қатысқан жағдайда – бейбіт жиынды өткізудің хабарландыру тәртібі енгізіледі», - деді ведомствоаралық комиссиядан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Данияр Есин. Вице-министрдің айтуынша шеруге қатысушылардың саны 250 адамнан асса – бейбіт жиын өткізу үшін рұқсат алу керек болады екен. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұл ережесі ерсі, тіпті күлкілі естіледі. Айталық, көшеде бейбіт митинг өтіп жатыр делік. Оны көрген, өтіп бара жатқан адам еріксіз тоқтап, құлақ түруі заңдылық. Оларға «Сен 251-ші  адамсың, әрі жүр!» - деп қуып, кетпесе полиция шақыртып олардың қолын бұрап арнайы көлікке тиеп жіберуіміз керек пе? Олай болса бұл есікті жауып алып әкімдікте өткізетін жабық жиналысқа айналып кетпей ме? Заң жобасын жасағанда кішкене болса да ойлану керек қой... З.Қабиоллаұлы qazaquni.kz