СЕРГЕЙ САЛИХ АТАНЫП МҰСЫЛМАН БОЛДЫ
2020 ж. 15 ақпан
4406
0
Бүгін Алматыдағы Әбу Бәкір мешітіндегі қасиетті Жұма намазда ерекше оқиға болды. Орыс ұлтының өкілі Сергей Ислам дінін қабылдап, Салих атанды.
Мешітке кіріпкеле жатқанда қазақ өлеңі оқылып жатты. Әбу Бәкір мешітіне жаңадан имам болған Әсет Қадырақынұлы Аташов уағызында қазақ ақындары Сұлтанмахмұт Торайғыр мен Әбділда Тәжібайдың имандылық туралы жырларын оқып, діни мәселені ұлттық дәстүрмен байланыстырып, мәнді де, нәрлі уағыз айтты.
Жұма намаздан соң орыс ұлты өкілі Сергейді мұсылмандыққа қабылдап, оған Салих деген атты азан шақырып қойды.
Бұл бір асыл дініміздің ұлт таңдамайтын қасиеттілігін айқын көрсеткен айрықша шара болды. Дініміз берік, діліміз мықты, тіліміз төрде болып, Тәуелсіз Қазақ Елінің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
Жақсы адамды артыган ел іздеп жүреді. Имам Әсет Қадырақынұлы бұған дейін имам болған Орбита мешітінен бір топ ел ағалары іздеп келіпті. Олар Әсет имамға шапан жауып құрмет көрсетті
Әсет имам бізді өзінің кабинетіне шақырып, діни кітап сыйлап, құрмет көрсетті. Мен де Әсет Қадырақынұлына жаңа қызметіне сәттілік тілеп, ақ тілегімді айттым:
-Өзіңіз Иманды жүзіңіз бен түр-тұлғаңыз, кескін-келбетіңіз нағыз қазақтың азаматы екеніңізді көрсетіп тұр. Ана бір жылдары Ержан Малғажыұлы Маемеров бас мүфти болғанда мен "Қазақ үні" газетіне/сайтына жазып едім: "Қазақтың дінбасы, мүфтиінің тегінде неге "ов" деген орыстың отарлық жалғауы жүр?"-деп. Атасына рахмет, ертеңіне алып тастап, "Ержан Малғажұлы" болып жазыла бастады. Сіздің тегіңізде де "Аташев" деп, құлдық жалғау жүр"-деп едім, Әсет Қадырақынұлы бірден:
-Мен де ертеңнен бастап алып тастаймын!-деп көпшілік алдында уәдесін берді. Бәріміз риза болып қалдық. Әбу Бәкір мешітінің жаңа имамы яәсет Қадырақынұлына діни жұмысын жемісті де, жетістікті етуге Алла нәсіп етсін деп қоштастық.
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz