Қордайда ақсақалдар кеңесі құрылды
2020 ж. 13 ақпан
2918
0
10 ақпанда Қордай ауданының Ауқатты ауылында Үкімет комиссиясы Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлан батыр ауылдарының ақсақалдарымен кездесу өткізді.
Жиынға облыс әкімі, ауыл ақсақалдары, беделді тұрғындар, ардагерлер кеңестерінің төрағалары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары қатысты, - деп хабарлайды 24.kz.
Кездесуде проблемалық мәселелерді шешу жолдары, қоғамда келісім мен бірлікті сақтау талқыланды. Ақсақалдар жастармен рухани тәрбие жұмыстарында кемшіліктер бар деген тоқтамға келді, осының салдарынан тұрмыстық кикілжің барша жұртқа жария болған оқиғаға айналды.
Ақсақалдар аталған елді мекендерді қамтитын бірлескен Ақсақалдар кеңесін құру туралы келісімге келді. Бұл ауылдардағы тұрмыстық проблемаларды ауыл ақсақалдары ортақ кеңесте шешетін болады. Олар жастармен тәрбие жұмыстарын жүргізіп, Қордай ауданында тұратын барлық ұлттардың арасында бірлік рухын нығайту үшін бірлескен мәдени-спорттық сипаттағы ойын-сауық шараларын ұйымдастыру міндеттемелерін алды.
«Біз бала кезден доспыз, бірге өстік, бірге жұмыс істедік, қайғыда да, тойда да бірге жүреміз. Жастар бір-бірімен араласуы керек, сонда олар бір-біріне жақындай түседі. Біз 11 ақпанда Сортөбеде бас қосуға келістік. Біз өз ақсақалдарымызды, олар өздерінің ақсақалдарын алып келеді. Алдағы уақытта қайталанбауы үшін туындаған барлық мәселелерді талқылаймыз», – деді қоғам қайраткері, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов.
Масанчи ауылының тұрғыны Луу Исхар да қоғамда бірліктің сақталуына қатысты өз ойын жеткізді. «Үстел басында бас қосып, мәселеге нүкте қою үшін барлық құрметті ақсақалдар жиналады. Арғы күні Масанчиде мешітте бас қосамыз. Неліктен мешітте? Біз барлығымыз мұсылманбыз, достықты нығайтып, Құран оқып, осындай жағдайлар қайталанбауы үшін бата беру үшін мешітте жиналамыз. Жүз қырық жылдай бірге тату өмір сүріп жатырмыз, адамдық қасиеттері жоқтардың кесірінен осындай жағдай орын алды. Бұл біз үшін өте айыпты жағдай болды. Біз бұл мәселелердің барлығын шешуге тырысамыз», – деді ол.
Осы ауданнан шыққан кәсіпкерлер туған өлкесін қалпына келтіру және дамыту үшін қаржылай және материалдық көмек көрсетуге ниет білдірді.