«Қамқорлық" қарқын алды
2020 ж. 10 ақпан
2255
0
Ежелден қазақ ұлты басым шоғырланған оңтүстік тұрғындары өздерінің ерен еңбегімен еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып келеді. Жатты да жақынындай бауырына басқан қазақ халқы қайырымдылық көрсетіп, бір-біріне қолдау көрсетуді азаматтық борышы санайды. Осындай жан жадыратар игі істер Түркістан облысында тұрақты түрде атқарылып тұрады. Солардың бірі – облыс көлемінде қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасы. Төмендегі мақалада бағдарлама аясында атқарылған ауқымды істердің бір парасын тілге тиек етуді жөн санадық.
Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ үшін қайырымдылық, қамқорлық деген ұғымдардың орны әрқашан ерекше. Ол ата-бабаларымыздан жеткен, қанымызда қалыптасқан асыл қасиет. Бес саусақ бірдей емес, адам баласының да бәрі бірдей байлы-бақуатты бола бермейді. Бірі шалқып өмір сүрсе, енді бірі қиындық құрсауынан шыға алмай қалатынын да көріп жүрміз. Осындай кезде адамдарға қайырымдылық пен қамқорлық ауадай қажет. Қиналғандарға қол ұшын созу – үлкен сауап, адами парыз. Түркістан облысында қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасы дәп осы мақсатта, көмекке аса мұқтаж жандарға демеу көрсету үшін қабылданған болатын.
Бұл бағдарлама облыс әкімдігінде Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен аппарат жиналысында талқыланып, оны іске асыруға нақты бағыттар белгіленген-ді. Ашығын айтсақ, біздің елімізде жылдар бойы сансыз бағдарламалар қабылданып, соның бәрі бірдей толық іске асып кетпегені белгілі. Ал, бұл «Қамқорлық» бағдарламасының басы артық үгіт-насихатсыз, ешкімнің қамшылауынсыз бірден қарқын алғаны шынында да көпшілік күтпеген жағымды жаңалық болды. Қамқорлық пен қайырымдылық қасиеттер қазақтың қанында расында бар екенін осыдан-ақ байқауға болатын шығар, оны оңтүстік өңірде бүгінгі күні өтіп жатқан іс-шаралардан анық байқаймыз.
«Қамқорлық» аймақтық бағдарламасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асырылатын қоғамдық ауқымды шара. Әлеуметтік жағынан нашар қамтылған отбасыларға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы, тұрмыстық тауқыметтен, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Олармен аудан, ауыл әкімдері, кәсіпкерлер және өзге де жергілікті жерлердегі белсенді азаматтар тікелей жұмыс жүзгізуді қолға алды. Сонымен қатар, тұрмыста таршылық көріп жүрген жандарға жергілікті қазынадан ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшеріндегі қаражат бөлініп, ол отбасының еңбекке қауқары бар мүшелері жұмысқа тартылады. Мұндай отбасыларды анықтау үшін жер-жерлерде арнайы комиссия құрылып, оның құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер енгізілген. Бұл жарияланған қайырымдылық шарасы туралы естіген демеушілер де атсалыса бастады. Солардың бәрін болмаса да бірқатарын атап өтсек орынды болар.
Мысалы, «Қамқорлық» жобасына Төлеби ауданы Алатау ауылдық округі алғашқылардың бірі болып кірісті. Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков бастаған жергілікті атқарушы орган өкілдері мен ардагерлер қауымы ауылдағы көмекке мұқтаж деген 9 отбасының үйіне барып, тұрмыстық қажетті заттарды апарып, жағдайларын өз көздерімен көріп шықты. Алдағы уақытта оларға қандай көмек керек болатынын біліп, жоспарға енгізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар тапсырмалар берілгені белгілі. Бұл бағытта көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жағынан барынша қолдау білдіру бірінші кезекте тұруы қажет. Облыс басшысының бастамасын қолдаған аудандардағы іскер жомарт жандар да қарап қалған жоқ, олар аз қамтылған отбасыларға демеушілік танытып отыр. Соның бірі – «Тау самалы» демалыс аймағының басшылығы 7 балалы отбасыға қамқорлық көрсетіп, жеке қаражаты есебінен жаңа кең үй салып беруді өз мойнына алды. Тозығы жеткен ескі баспанада тұрып жатқан көпбалалы отбасы алдағы жазда жаңа қоныс тойын тойлайтын болады. « – Жеті баламен ескі тар үйде тұрып жатқан біз үшін бұл күтпеген сый болды. Қуанышты хабарды естіген балаларымның қуанышында шек болған жоқ. Бұл біз үшін үлкен бақыт, қайырымды азаматтарға мың алғыс! Облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа жобаның бүкіл аудан, ауылдарда жүріп жатқанын көріп те, естіп те жатырмыз. Баспанаға зәру біз сияқты жандарға жасалған бұл қамқорлықты ешқашан ұмытпаймыз», – дейді көпбалалы ана Гүлмира Әшірова. Бұдан басқа аудандық кәсіпкерлік палатасы тарапынан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көмекке мұқтаж азаматтардың қатарында еңбекке жарамды отбасы мүшелерін оқытып, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік жасалып, жұмыспен қамту жағы да қарастырылып отыр. Сол сияқты Отырар ауданы «Көксарай» ауылында тұрмысы төмен екі отбасыға демеушілер есебінен тұрғын үйлер сатып алып берілді. Сөйтіп Молдалы Алтай мен Қуандық Шалқар секілді қайырымды азаматтар екі бірдей отбасын айрықша қуанышқа бөледі. Осы ауданда «Маяқұм» ауылындағы «Қуатбек-2004» шаруашылық қожалық төрағасы Айтжан Қайқыбаев 10 отбасыға мал сыйлады. «Сұңқар-Тұлпар» ЖШС-нің басшысы бір түйені сойып, 24 отбасыға ет таратты. Созақ ауданында 20 отбасыға демеушілер есебінен 2 тоннадан қатты отын берілді.
Осындай игі істер барысында Түлкібас пен Бәйдібек аудандарында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілуде. Түлкібас ауданының ауылдық округ, кент әкімдері тұрғындармен жеке-жеке жұмыс жүргізу нәтижесінде жағдайы өте төмен 93 отбасының тізімі жасақталды. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары әр отбасымен жеке-жеке танысып талап-тілектерінің шешілу жолдарын қарастырды. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен «Феррум Констракшн» ЖШС-ның, «Грамад» гипермаркетінің және «Мәдина» макарон фабрикасының демеушілігімен әзірленген азық-түліктер себетін «Мейірім» еріктілер тобы мұқтаж отбасыларға жеткізуде. Сондай-ақ, бағдарлама аясында еңбекке қауқарлы азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылып жатыр. Дәл осындай жүйелі жұмыс Бәйдібек ауданында да жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданның барлық ауылдарындағы көмекке мұқтаж жандардың тізімі жасақталған. Мұқтаж отбасы мүшелеріне бүгінде азық-түліктер жеткізіліп, нақты көмек көрсетілуде. Қайырымды іске ауыл әкімдерімен бірге жергілікті кәсіпкерлер мен әр жылғы ауыл мектебінің түлектері және жергілікті тұрғындар атсалысуда.
Түркістан облысында «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы басталғаннан бері көп уақыт өтпесе де 700-ден астам отбасы бүгіннің өзінде жан-жақты нақты көмек алған екен. Әділін айтсақ бұл жақсы көрсеткіш, осы игі шаралар өзге де аймақтарда қолдау тапса нұр үстіне нұр болар еді. Мұқтаж жандарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетудегі жаңа жоба аясында келесі кезекте 1534 отбасына, яғни, 6643 адамға көмек көрсетілмекші. Ол үшін аудандық, ауылдық жергілікті қаржыдан 1,6 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсету көзделген. Қайырымды іске жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы бастаған бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері және жеке кәсіпкерлер белсенді қатысуда. Осы уақыт арасында бірқатар аудан, елді-мекен тұрғындарын қажетті азық-түлікпен қамтып, керек болған жағдайда медициналық жәрдем беріп, тұрақты жұмысқа орналастырып, мамандығы жоқ азаматтарды қайта оқу курстарына жолдама берілген.
«Елдігімізді көрсетуіміз керек. Бұл шара жүйелі түрде, тұрақты түрде жүзеге асып отыру қажет. Әр әкім өзі жүру арқылы нағыз көмекке зәру отбасын анықтап, олармен тығыз байланыста болсын. Қазіргі тізіммен тоқтап қалмайық. Осы отбасыларға «аяғынан тұрып кететіндей» жағдай жасап, көмекті нағыз қажет ететін жандардың әрқайсысына жеткізу керек», – деген аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзі нысанаға дөп тиіп, көпшіліктің көңілінен шығып, қызу қолдауына ие болғанын байқауға болады. Аталы сөз айтып, жол сілтер адам болса, оны қоштаушылар, қолдаушылар қашан да табылатынына куә болғандаймыз.
Аймақтық «Қамқорлық» бағдарламасы Келес, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас, Арыс, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында жүзеге асуда. Жаңадан бастау алған жоба аясында Қазығұрт ауданында анықталған баспанасыз жиырма отбасын үйлі етуге негізделген нақты жоспар жасалған. Бұл мақсатта жергілікті билік осы іске атсалысуға ниет білдірген жергілікті кәсіпкерлермен және өзге де демеушілермен келіссөздер жүргізуде.
Бір сөзбен айтқанда Оңтүстікте қайырымдылыққа негізделіп қабылданған «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы халықтың қолдауын тауып қарқын ала бастады. Бұл игі шаралар қаншама отбасына қуаныш сыйлап, тығырыққа тірелген тұрғындарымыздың ертеңгі күнге деген сенімін арттырып, үміттерін жалғады. Жақсы іс жалғасын таба берсін демекпіз.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz