Абаев: Президент шетелдік көліктерді тіркеуге жеткілікті уақыт берді
2020 ж. 31 қаңтар
1823
0
Шетелдік көлік иелері қазақстандық тіркеуге тұруы керек. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет азаматтарымен саудаласпайды. Бұл жердегі басты мәселе - күрделі жағдайдан дұрыс шығу. Мемлекеттің позициясы барынша қарапайым және түсінікті. Мұндай көліктердің иелері қазақстандық тіркеуге тұруы керек немесе басқа мемлекетке әкетуі керек. Бұл сұраққа қатысты басқа жауап жоқ», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.
Ол онлайн сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың көбі мемлекет позициясын қолдайтынын көрсеткені туралы айтты.
«Олар экология, салық және тағы мәселелерді ескеріп отыр. Бұл - ойын жиі білдіре бермейтін көпшіліктің пікірі. Мұндай адамдар өз құқығын «айғайлай« қорғайтындарға қарағанда әлдеқайда көп. Мемлекет өзіне тән әртүрлі ерекшелігі бар көліктерді бірден тіркеу оңай болмайтынын біледі, сол себепті Президент 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақыт берді. Бұл - аталған мәселені шешу үшін жеткілікті уақыт деп санаймын», - деді ол.