Университет ғылымының күретамыры
2020 ж. 30 қаңтар
1921
0
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті ғылыми кітапханасы осы білім орнының оқу сапасын көтеріп, ғылыми потенциалын арттыруда теңдессіз қызмет атқарып келе жатқан ақпараттық білім беру және мәдени-рухани орталық. Университеттің жаны – ұстаздары десек, оқу үрдісіне, ғылыми-зерттеу ісіне қуат беретін, ұстаздардың да, студенттердің де нәр алар рухани күретамыры – ғылыми кітапхана.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар ұжым 1962 жылы С. Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының жанынан ашылған шағын кітапхана. Сақталған деректерге қарағанда кітапхана Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындары сыйға тартқан 5504 дана кітаппен жұмысын бастапты. Мұндай қор қазір тым аз көрінуі мүмкін. Дейтұрғанмен, ол кезде қала жан санының, студенттердің көп болмағанын ескерсек, оқырман да шақты.
1996 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті құрылғаннан бері кітапхана заман талабына сай дамуда. Бүгінде университеттің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Қазақстанның жоғарғы оқу орындары кітапханаларының Ассоциациясына мүше. Оқырмандарына сапалы қызмет көрсететін, бай қоры бар электронды кітапхана.
Соңғы жылдары мүлде жаңа бағытқа бет бұрған. 2009 жылы «ғылыми кітапхана» мәртебесіне ие болды. Кітапхана қызметінің негізгі екі бағытының бірі кітапқа тікелей байланысты екенін ескерсек, кітап қорының өсуін ерекше атап өткен жөн. Қазір қордағы кітап саны 1,6 млн данаға жетіп отыр. Мұның басым бөлігі ғылыми еңбектер, оқулықтар, әртүрлі сөздіктер мен энциклопедиялар, авторефераттар, диссертациялар, әдістемелік құралдар, библиографиялық көрсеткіштер, шет тілді басылымдар, көркем әдебиеттер, одан қалса, электронды оқу құралдары, мерзімді басылымдар.
Сирек кітаптар мен қолжазбалардың ғылыми құндылығы арнайы мақалаға арқау болар тақырып. Қазақстанда ғана емес, әлемде сирек кездесетін басылымдар мен қолжазбалар ғылым іздеген жастар үшін теңдесі жоқ байлық. Әсіресе, «Отырар төбеден» қазып алынған орта ғасыр авторларының діни ғылым саласындағы трактаттарының жөні бөлек. «Фәтәуәя ғалам қари» ("Әлемдегі істердің шешімі"), «Даруль ғажайып» ("Ғажайыптар қақпасы") т.б. еңбектердің берер тағылымы мен дерегі аса маңызды.
Ә. Марғұлан, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, Р. Сыздықова, Геншер, А. Сейдімбек, т.б. ғалымдардың қорынан ХХ ғасырдағы ғылым мен мәдениетке қатысты үздік еңбектерді оқуға мүмкіндік бар.
Кітапхана жұмысы әрі ғылыми, әрі әлеуметтік сипат алатын, бірақ, жұрт назарынан тыс жүрілетін процес. Оның маңыздылығы мыңдаған оқырманға қызмет көрсетуінде. Бұл үнемі қорды толықтырып, қызмет көрсету сапасын көтеріп, ақпарат алмасу мүмкіндіктерін кеңітіп отыруды талап етеді. Жыл сайын кітапхана қорына баспа және электронды түрде 50 мыңнан астам кітап келіп түседі. Олардың ішінде ұстаздар мен студенттердің ғылыми ізденістеріне бағыт сілтер отандық және шетелдік ғалымдардың іргелі ғылыми зерттеулері, анықтамалық басылымдар мен сөздіктер, университет ұстаздарының монографиялары, оқулықтар, диссертациялар, авторефераттар бар. 400 аталымға жуық Қазақстандық және шетелдік газет-журналдарға жазылып, шет тілдегі журналдардағы үздік мақалалардың аудармаларын да оқырманға ұсынып отыр.
Ғылыми-зерттеу саласындағы жетістіктері өз алдына бір төбе. 2001 жылы кітапхана базасында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ашылған. 2008 жылға дейін қысқа ғана бірнеше жылдың ішінде 60-тан аса ғылыми еңбек берген орталық қазір жеке зерттеу орны.
2008 жылдан бастап «КАБИС» бағдарламасы негізінде электрондық жүйеге ауыса бастады. Бұл үрдіс кітапхана қызметінің кемелденуіне тамаша мүмкіндік беруде. Университет ғалымдары мен студенттер әлемдік алдыңғы қатарлы дерекқорлар, электронды кітапханалар, порталдар, электронды журналдарды пайдалануға мүмкіндік алып отыр. Бұл ресурстардың отандық ғылымның дамуына берері мол. Ғылыми кітапхананың ең зор мүмкіндігі де, артықшылығы да осында.
ENULIB электрондық кітапханасынан оқу үдерісіне қажетті оқу құралдарының, ғылыми еңбектердің сандық көшірмелерін пайдалануға мүмкіндік бар. «Эпиграф» дерек қоры отандық "ЭВЕРО" баспасынан шыққан қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі ғылыми еңбектер, оқулықтар және оқу құралдарын ұсынады. «Aknur press» сандық кітапханасы арқылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында дайындалған оқулықтары мен оқу құралдарына қол жеткізіп, сапалы да мазмұны бай бейне-лекцияларды көруге мүмкіндік бар. Оқырмандардың отандық және жақын шет елдер ғана емес, әлемдік ғылым мен өнер, экономика, техника саласындағы соңғы зерттеулерді пайдалануына барлық жағдай жасалып отыр.
«ЭБС IPRbooks» қорынан оқулықтар мен ғылыми әдебиеттер, мерзімді басылымдар, аудио кітаптар және видеокурстар, онлайн-тесттерден тұратын 118 мыңнан астам басылымға қол жеткізуге болады.
Ресей жетекші ғылыми зерттеу институттарының оқулықтары мен ғылыми–зерттеулерін ЭБС университеттің онлайн кітапханасынан табуға болады. ЭБС Znanium.com қоры соңғы бес жылда жарық көрген 15 606 оқу құралдарын ұсынуда. Мұндай мүмкіндік студенттердің сапалы білім алуына
ғана емес, ұстаздар қауымының оқытудың жаңа технологияларын игеруіне де пайдалы.
Discovery Znanium модулі интернет желісіндегі екі миллионнан астам құжат сақталған бірегей ресурс. «Academic Search Complete» қорындағы 8500 журналдың электронды нұсқасы, сараптамадан өткен видеолар мен тарихи фотолардан тұратын мол деректер қоры ғылыми ізденіске жаңа бағыт, тың серпін бермек. «eBook Academic Collection» қорынан EBSCO агенттігі, Oxford, Cambridge, California, т.б. әлемдегі жетекші университеттерден шыққан 120 000 электронды кітапқа қол жеткізуге болады.
Ғалымдардың әлемдік нарыққа талдау жасаған статистикалық мәліметтері мен болжамдары «Euromonitor International Passport» қорында тұр. Экономист мамандардың кемел білім алуына тигізер ықпалы зор.
Әр саланың жетекші ғалымдары жұмыс атқаратын Elsevier, Emerald, Harvard Business Review, Swedish Scholl of Economics, University of Chicago, Американдық маркетинг қауымдастығы, Берлин МВА, Маркетинг ғылым академиясы сияқты зерттеу институттары мен университеттердің еңбектерін пайдаланудың не екенін сол салада қызмет етіп жүрген зерттеушілер ғана білмек. «Oxford Scholarship» онлайн-кітапханасынан 90 мемлекеттің 15000-нан астам кітабы мен Oxford университеті ғалымдарының жаңалықтарына қол жеткізу жастар үшін керемет мүмкіндік. Электротехника және электроника инженерлер институттарының басын қосқан «IEEE Xplore» қауымдастығы сандық кітапханасынан да зерделі оқырманның алары мол.
Гуманитарлық ғылым саласындағы 12500 журнал мен 148 мың конференция материалдары сақталған «Web of Science» реферативтік-библиографиялық деректер қоры университет оқырмандарына қол жетімді екенін де айта кеткен жөн.
Ғылымда жетістікке жетудің бір шарты соңғы жаңалықтарды дер кезінде көріп, анализ жасау. Зерттеу жаңалықтары ең алдымен ғылыми журналдарда жарияланбақ. Сондықтан, кітапхана өз оқырмандарының жетекші ғылыми журналдарды уақытында көруіне тиімділік жаратқан. ЭБ «Grebennikon» қорынан маркетинг, менеджмент, қаржылық менеджмент, персоналды басқару саласындағы ВАК құрамында бар 30 журналмен, «Scopus» мерзімді басылымдар топтамасынан 22000 мерзімді басылыммен танысуға болады. «Science direct» қорындағы ғылымның барлық салаларын қамтитын 2500 ғылыми журнал және 33000 кітап біздің оқырмандарға қызмет етуде. Соңғы 15 жылдағы әлемдік БАҚ-тың архивіне қол жеткізгіңіз келсе, «Polpred» қорының маңыздылығын айтып жатудың қажеті болмас. 235 мемлекеттің 53 сала бойынша 600-ден астам дереккөздері таратқан жаңалықтар сіздің алдыңызда тұрмақ. «Oxford Journals» порталынан Mathematics, Physical TITLES Sciences Collection, Humanities Collection, Social Sciences Collection, Law Collection қатарлы академиялық журналдар топтамасы да ғылымның көкжиегін кеңіте түсері талас тудырмайтыны анық.
Бұл бірегей ресурстар ғылым саласындағы соңғы жаңалықтармен танысуға қызмет етуде. Оқырмандар отандық және әлемдік ғылымның жетістіктері жайында ақпараттарға қол жеткізбек.
Осындай бірегей қызмет көрсету жүйесі университет ғалымдары мен студенттерінің алдынан зор мүмкіндік ашуда.
Кітапхана 2000 жылдан бастап Астана қаласы мен Ақмола облысының жоғары және орта кәсіптік білім беру жүйесі кітапханалары үшін ғылыми-әдістемелік орталыққа айналған. Жыл сайын кәсіби семинарлар өткізіп, кітапханашылардың біліктілігін көтеріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жетекшілік етуде. Ай сайын өтіп жататын жаңа шыққан кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесулер, т.б. іс-шаралар студенттердің өнер мен ғылымға деген ынтасын арттырып, аудиторияда алған білімдерін жүйелеп, кәсіптік деңгейінің өсуіне игі ықпал етіп отыр.
Нұрахмет Иманғазы,
Ф.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық
Университеті, ғылыми
кітапханасының қызметкері