Қытайға бармақ болған жолаушыларға билет құны қалай қайтарылады
2020 ж. 29 қаңтар
1665
0
Қазақстаннан Қытайға баратын пойыз, автобус пен ұшақтардың уақытша тоқтағаны белгілі. Осы ретте ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев пен Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғылымов жолаушыларға билет құны қалай қайтарылатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғылымовтың айтуынша, пойыз бен автобусқа алынған билеттердің құны толығымен иесіне қайтарылады.
«Нұр-Сұлтан-Үрімжі мен Алматы-Үрімжі бағытындағы пойыздар Ақтоғай стансасында бір пойыз болып бірігіп, ары қарай Үрімжіге бағыт алатын. Ол жаққа билет алғандардың көбі Достық стансасынан түсіп қалады. Анықтағанымыздай, Достықтан ары қарай Үрімжіге дейін 22 билет алынған екен. Осы 22 адамның ішінде 8-і билетті қайтарған. Қалған 14 адамға операторлар хабарласып, пойыздың жүрмейтінін, билет құнын алып кетуі керектігін айтып жатыр», - деді Самат Ғылымов.
Ал Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың айтуынша, әуе билеттерінің де толық құны иелеріне қайтарылады. 3 ақпаннан бастап аталған рейстерге билет алғандар оны сатып алған жерлеріне қайтара алады. Билеттер үшін ақша айыппұлсыз рәсімделіп, толық көлемде қайтарылады. Қалып қойған жолаушыларды елге қайтару үшін Бейжің және Үрімжі қалаларынан қосымша рейстер ұйымдастырылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Самат Ғылымов Қазақстаннан Қытайға баратын барлық автобус пен пойыз уақытша тоқтатылғанын, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев 3 ақпаннан бастап Қытай Халық Республикасымен тұрақты әуе қатынасы уақытша тоқтайтынын хабарлаған еді.