Келісімдері жарамсыз деп танылған 30 қарағандылық кәсіпкер «Ақ жолға» жүгінді
2020 ж. 21 қаңтар
1597
0
«Ақ жол» партиясына отыз кәсіпкер соттың келісімдерді жарамсыз деп тану мәселесі бойынша жүгінді. Осыған орай, 17 қаңтарда «Ақ жол» партиясының кеңсесінде кәсіпкерлердің фракция депутаттарымен кездесуі өтті.
Өтініш берушілердің айтуынша, 2017 жылдан бастап Қарағанды облысының мемлекеттік кірістер органдары үшінші және тіпті бесінші контр-серіктестермен жасалған келісімдерді жарамсыз деп танып, жаппай айыппұлдарды өндіріп алуда.
Сонымен қатар, салық органдары «алаяқтық келісімдерді» салық төлеуден жалтарудың негізінде емес, тараптардың бірінің балансында активтердің немесе штат саны болмауына байланысты, яғни өз қалауы бойынша анықтаған. Мұндай фактілер дереу сотқа келісімдерді жарамсыз деп тану үшін жіберіледі. Шынымен де, қазіргі уақытта, көптеген кәсіпкерлерде қаражат та, қызметкерлер саны да шектеулі.
Кәсіпкерлердің айтуынша, соттар келісімдерді іс жүзіндей тексермей, ұсынылған дәлелдерге заңды баға бермей-ақ, салық органдарының 90% талаптарын қанағаттандырады. Сонымен қатар, заң талаптарына қарамастан, соттар айыпталушылардан 3 жыл бұрын жасалған келісімдер бойынша талап қою мерзімін қолданудан бас тартады.
Облыс кәсіпкерлері қауымдастығының мәліметтері бойынша, осындай сот істерінің саны 2017 жылы - 116, 2018 жылы - 481, 2019 жылы – 685-ке жеткен. Олардың басым көпшілігін сот органдары салық органдарының пайдасына шешеді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің құлдырауына әкеп соғуда. Сонымен бірге, Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураға шағымдану да еш нәтиже бермеген.
Кәсіпкерлер аталмыш мәселе күн санап ұлғайып келе жатқандықтан, өздерінің құқықтарын қорғауды сұрады. Кездесуде Т.Әшімов (Аспап), М. Нұрғожин («Мир стекла» ЖШС), Б. Садуова (құрылысшылар қауымдастығы), Э.Хен («Строй Бизнес Консалтинг» ЖШС) сынды ондаған кәсіпкер мен олардың адвокаттары өздерінің нақты жағдайлары туралы айтты.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев бұл мәселе тек Қарағанды облысында ғана емес, басқа да аймақтарда жиі кездесетінін атап өтті. Бұған дейін аталған мәселені «Ақ жол» партиясы Бас прокуратура, Қаржы министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен бірге Жоғарғы Соттың алаңында талқылауға ұсынған болатын.
Талқылау нәтижелері бойынша құрылған жұмыс тобы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды талқылады. Алайда, өткен жылдың жазынан бастап топ аталған ұсыныстарды орындамай жұмысын тоқтатқан. Сондықтан біз ұсынған тәсілдер жүзеге асырылмады, мәселені шешу тетігі әзірленбей қалды.
Қаншама дәлелдердің болғанына қарамастан сот шешімдерінің шығып қойғандығы бұл мәселені қиындатуда. Тек Бас Прокурор немесе Жоғарғы Соттың Төрағасы оларды қайта қарауды талап ете алады. Өкінішке орай, біз көптеген істерде прокуратура органдары бұрынғыдай кәсіпкерлердің құқығын қорғамайтынын көріп жүрміз.
Біз Бас прокуратураға да, Жоғарғы Сотқа да депутаттық сауалдарды дайындаймыз. Сонымен қатар, біз бизнеспен жұмыс істеудің мұндай варварлық әдістерін болдырмау үшін Қаржы министрлігінің басшылығымен жеке әңгімелесеміз », - деп Азат Перуашев кәсіпкерлерді сендірді.