«Қосымша шарт жасасуда тұрған ешқандай криминал жоқ, құрметті сот!»
2020 ж. 14 қаңтар
3573
0
(И.Әбішевтің соттағы сөзінің соңы)
Судья Қ.Мекемтас: Қорғаушылар, сотталушыға тағы да сұрақтарыңыз болса, қойыңыздар. – Айыптау актісінде «Шәймерденов – Ислам Әбішевтің қызметттік жағдайына тәуелді, пара беруші қылмыстық әрекетті имитациялаушы» деп көрсетілген. Шәймерденов сізге қызмет бабы бойынша тәуелді ме еді? – Шәймерденов, біріншіден, ешқандай мемлекеттік қызметтегі адам емес. Екіншіден, біз 2018 жылдың тамызында ол басқаратын СМП-610 мекемесімен келісім-шартты, мекеме оны орындамағаны себепті, бұзған болатынбыз. Ол бізді сотқа берген, сот біздің ісіміздің дұрыс екенін растаған. Яғни, ол маған қызмет жағынан тәуелді болуы мүмкін емес. – Демек, сіз айыптау қорытындысының бұл тұжырымымен келіспейсіз? – Әрине, келіспеймін! Қалай келісуге болады, айтыңыздаршы?!.. – Ал, Шәймерденовке сіз Шымкенттегі «Риксос Хадиша» қонақүйінің нөміріне 85 мың төле деп айтып па едіңіз? – Мен оған тек қана «брондап қоя сал» дегенмін. Менің бұл сөзім бар жерде жазулы тұр, оның ішінде жасырын аудиожазбада солай басылған. Мен ол сөздің өзін Шәймерденов «маған қандай тапсырма бар, қандай тапсырма бар?» деп қайта-қайта сұрап, миымды ашытқан соң ғана, айта салғанмын. – Ал, сіздің 2019 жылғы 20-қаңтардағы Астанадағы «Сигара-бардағы» «әдейі айтқанмын» деген сөзіңіз кімге айтылған сөз? – Ол Асылжан Жампозовтың маған «Шәймерденов сіздің сыртыңыздан әртүрлі жаман әңгіме айтып жүр» дегеніне қарата айтылған сөз. Құрметті сот, әңгіме мынада. Ол екеуі бірге жұмыс істеп жүр, біреуі – қырықта, біреуі – отыз үште, замандас, жолдас жігіттер. Жампозов соның алдында әкесі өліп жетім қалған, өзім әкесімен жолдас болғаннан кейін оған қамқорлық көрсетіп жүргенмін, ал, Шәймерденовтің алаяқ, арандатушы екенін мен ол кезде білмеймін. Бір нәрсені жасырайын деген оймен емес, Асылжанның маған айтқан ақпаратын Шәймерденов біліп қалмасын, екеуінің арасына от түспесін, ұрысып қалмасын, анығын білейін деген оймен айтқанмын. Аудиожазбада, естеріңізде болса, «он миллион теңгені беретін болсаң ертерек бер, бермейтін болсаң бермеймін деп айт, тезірек бітірейік» деген сөзім бар. Ол жердегі «қазақ күресіне спонсорлық көмек ретінде берем деген екенсің» деген секілді ашық айтқан талай сөзімді тергеуші Жәрдем Смағұлов дегендер естімей қалады-дағы, менің осы сөзіме жабысып, оны теріс бұрмалап жүр. Мен ашық айтпай несін жасырамын? Асылжан маған айтқан сөздің шет жағасын ол өзі біреулерден есітіп қалған болу керек. Сол себепті мен Шәймерденовпен кездескенде «сен менің сыртымнан ақша туралы қандай да бір сөз айтып жүр екенсің ғой?» дегенімде, ол ат-тонын ала қашты. – Сіз 20 қаңтар күні сол сұрағыңызды қойғанда Шәймерденов «мен сіз екеуміз алдын-ала келіскен мәселе бойынша айтып жүрмін ғой» дегендей бір нәрсе айтты ма? – Жоқ, айтқан жоқ. Жоқ нәрсені ол қалай айтады? – Сіз Шәймерденов екеуіңіз, іс қағаздарына сәйкес, 2018 жылы 14-желтоқсанда, сіз «Барыс» орденін алып, соны «жуған» кафеде кездестіңіз, одан кейін 2019 жылы 20-қаңтарда «Сигара-барда», сосын 2019 жылы 7-наурызда кездестіңіздер. Осы үш кездесуден басқа кездесу болды ма сіздерде? – Жоқ, болған емес. – 7-наурыздағы кездесу кімнің бастамасымен өтті? Кездесуде не жайлы әңгімелестіңіздер? – Мерекенің қарсаңы. Мен әйелім, бала-шағаммен Шымкентке барып қайтатын болғанбыз. Жұмыстан шаршап шыққанмын. Шәймерденов аэропортта кездейсоқ жолығып қалған адам болып келіп сәлемдесті. Жылмаңдап, хал-жағдайымды сұрап жатты. Бірге ұшатынымызды білген болып, «Шымкентке барған соң кофе ішейік» деді. Өмірімде кофе ішпейтін мен уақытым жоқ екенін айттым. «Онда сіздің қасыңызға барып отырайын» деді. «Е, жарайды, отырсаң отыр». Мен тереза жақтағы орындамын, қасымда жұбайым, одан кейін бір әйел отырған. Әйтеуір, келісіп, менің қасыма келіп отырды ғой, қысқасы. – Өзіңіз шақырған жоқсыз ғой? – Жоқ, әрине! Нем бар оны қасыма шақырып... – Не жайлы екен айтпақ болған әңгімесі? – Түкиевтің ақшасын бітіріп бердім деді. Сол кезде барып, оның «спонсор» болып жүргені есіме түсті. «Е, жақсы бопты» дедім де қойдым. – Түкиев сізге оған дейін «Шәймерденовтен ақша түсті» деп айтқан жоқ па еді? – Айтқан жоқ. Айтпайтын себебі, біз өзара оның өзі шеше алмайтын мәселе тумаса, менің араласуым қажет болмаса, мені мазаламайтын болып келіскенбіз. Ол оның күнделікті, өзі отыз жылдан бері атқарып келе жатқан үйреншікті жұмысы, оның бәрін несіне маған айтып, баяндап отыруы тиіс? – Исеке, сіз Серік Адамұлымен неше жылдан бері таныссыз? – Жиырма жылдан асты ғой деймін. – Қазақ күресі федерациясын 2017 жылдан бері басқарасыз ғой? – Иә. – Федерацияның табыс көзі – демеушілердің қаржысы ғой, солай ма? – Иә, солай. – Демеушілік мәселесімен сіз айналысасыз ба, Түкиев айналыса ма? – Түкиев айналысады. Мен анда-санда ғана атсалысуым мүмкін. – Оның мөлшеріне заңмен шектеу қойылмаған ғой? – Жоқ, қойылмаған. – Түкиев Су ресурстары комитеті мен СМП-610 арасындағы келісім-шарт туралы хабардар ма, жоқ па? – Әрине, жоқ! – Жалпы біз Түкиев екеуміз тек күрес федерациясының қызметі жайлы сөз қозғайтынбыз, Су ресурстары комитетінің жұмысы жайлы ешқандай әңгіме болған емес. Біз қазақ күресін қайтсек олимпиада ойындарының қатарына кіргіземіз деген стратегиялық мәселемен айналысып жатқанбыз, одан бөлек кезекті Азия чемпионаты, әлем чемпионаты, әлем кубогы бар, оларға кімдерді шақырамыз, тағы қай мемлекетте қазақ күресінің федерациясын құрамыз, осы сияқты ағымдағы мәселелер жетіп артылатын. – Менің бұл сұрақты қойған себебім бұл іс бойынша Серік Түкиевті білетін адам Шаймерденов және аздап қана Асылжан Жампозов. Басқа куәлердің бәрі де Түкиевті танымайтынын айтты, яғни Түкиев су ресурстары комитетінің басқа мекемелермен қарым-қатынасы жайлы ешнәрсе білмейді ғой? – Білмейді. Білуі де мүмкін емес. – Түкиев екеуініздің араңызда Шаймерденов жайлы қай жерде әнгіме болды? – 2018жылы 14-желтоқсанда Түкиев маған оның демеуші болғысы келетінің айтты. Басқа әнгіме болған жоқ. Ал 2019жылғы 20 қаңтарда «Сигара-барда» үшеуміз кездескенде әнгіме негізінен Шаймерденовтің «Қазбайлықтан» ала алмай жүрмін» деген 400 миллион теңге қарыз жайлы ғана болды. Мен оған жаным ашып, қарызын шығарып алуына қалай жәрдем берсем екен деп жүрдім... «Қазбайлықтан» пара алғым келетін болсам, мен оның тіке өзінен алмаймын ба, нем бар миымды қатырып, ол екі ортаға Шаймерденовті араластырып?!.. – Түкиевке Шаймерденов берем деген 10 миллион теңге тек демеушілік көмекке арналған қаржы ғана ғой? – Ия, әрине. Және ешкім одан демеуші бол деп ақша сұраған жоқ қой, құрметті қорғаушы. Демеуші боламын деп жүрген, дәмелендіріп жүрген өзі. Картадағы шулер сияқты бірге соғып жүрген де өзі. – С.Түкиевтің 21.01.2019 ж. «Қазбайлықтан» Су ресурстары комитетіне түскен, 28.01.2019ж. Комитеттен «Қазбайлыққа» жазылған хат жайлы Түкиевтің еш хабары жоқ қой? – Хабары жоқ. – 7.03.2019ж. сіз Шәймерденовпен кездесетініңіз, кездескеніңіз жайлы Түкиевпен сөйлескен жоқсыз ба? – Сөйлескен жоқпын. Мен Шәймерденовпен кездесетінімді Түкиев түгілі өзім білмеген болсам, оған не айтуым мүмкін. Кездескеннен кейін де Түкиевке айтудың ешқандай қажеттігі туған жоқ. – Шәймерденовтің сізге өзі тікелей, Түкиевсіз, хабарласқан кезі болды ма? – Негізі, Шәймерденовте менің телефоным болды деп ойлаймын. Себебі, менің, шоферімнің, менің ғана емес, қаласа осы жердегі адамның бәрінің, тіпті олардың «левый» телефондарын да біле алатын мүмкіндік болды оның қолында. – Шәймерденов сізге 2014 жыл мен 2018 жылдың желтоқсаны арасында сізге телефон соққан кезі болды ма? – Жоқ, телефон соққан емес. – Айыптау жағы Су ресурстары комитетінің 28.01.2019 ж. «Қазбайлыққа» жазған бюджеттің секвестр жайлы хатын қорқыту, ақша бопсалау фактісі ретінде бағалауда. Сіз бұған не айтасыз? – Бұндай хаттың күніне жүз шақтысына, кейде одан көп, қол қоямын. Оған біз ешқандай мән берген жоқпыз. Ол хабарлама түрінде ғана жазылған хат. – Осы 28.01.2019ж. мен 19.02.2019ж. арасында, сіздер «Қазбайлықпен» қосымша шартқа қол қойғанға дейін сізге сол «28 қаңтар күнгі хатыңыз қорқыту хаты ретінде бағаланып жатыр» деген мағынада қандай да бір сөз айтқан, телефон соққан адам болды ма? – Жоқ! Құрметті сот, мына нәрсеге назарыңызды аударғым келеді. Біз қосымша шарт жасасардан біраз күн бұрын мекемелерге әр айға бөліп, қай айда қандай жұмысты істейсіз және қанша қаржыны игересіз деген жылдық жоспарын жіберуін сұраймыз деген нұсқаны жібереміз. Демек, кемі 10-11 ақпанда оларға нұсқаны жібергенбіз. Ол біздің әбден қалыпқа түскен, жыл сайын, әрбір шарт жасалар алдына атқарылатын қатардағы шаруамыздың бірі. Ол комитет төрағасы қадағалауға жататын шаруа емес! Егер, мына нысан пәленбай млрд.теңгеге жобаланған екен десе, оны біз мұқият есептейміз, бюджеттің қаржысы артық есептеліп кетпеуін қатаң қадағалаймыз, бұл басқа мәселе! Мен өзім дәл осы мәселені – өзімнің ең басты қызметім міндетім деп білемін. Мақтанғаным емес, мен істеген жеті жылда қаншама тексеру болды, соның бір де біреуі комитет қаржыны негізсіз артық жұмсапты деген қорытынды жасай алған жоқ! Артық шығынға бармақ түгілі, біз мемлекеттің миллиардтаған қаржысын үнемдеп беріп отырған жоқпыз ба? Миллиардтаған қаржылар желге ұшып жатқанын, бірақ, жауапкершілікке тартылып жатқан адам жоқ екенін бәріміз естіп, оқып отырмыз. Ондай ақша қала әкімінің, облыс әкімінің деңгейінде шешіле салмайды, оған Үкіметтің бірнеше қаулысы қажет... Біз соған жол бермей келгенбіз. Ал, арандатушы біреудің болмашы арызының салдарынан он айдан бері қапаста отырмыз. Күйдіретіні де осы... Тағы бір айта кететін нәрсе, құрметті сот, біздің жыл аяғында, келесі жылы қаңтар-ақпан айларында қосымша шарт жасауға дайындалу деген арнайы жұмыс жоспарымыз бар. Қосымша шарт жасасуда тұрған ешқандай криминал жоқ, құрметті сот! Құрметті сот, егер біз секвестр болып қалу қаупін ескермей, елемей, мекемемен қосымша келісім-шарт жасап қойсақ, ол біраз жұмысты істеп тастаса, ал, артынан бюджетке секвестр жасалып, мердігерге ақша төлей алмай қалсақ, ол бізді сотқа берсе, сот, әрине, мердігерді жақтайды, міне, мемлекет үшін нағыз жағымсыз жағдай осы! Ендеше, біздің 2019 жылы 28 қаңтарда секвестр болып қалу қаупі бар, әзірге келісім-шарт жасамай тұра тұрамыз дегеніміз бірінші кезекте мемлекеттің ақшасы мен абыройын ойлау, сонымен қатар мердігерлер де бекерге қолайсыз жағдайға тап болып қалмасын деп, олардың да қамын ойлау! Ешқандай да қорқыту-үркіту, ақша бопсалау емес! Иә, мемлекеттің қаржысын шыр-пыр болып үнемдеп жүрген, сол үшін жұмысынан босатылып, тергеудің астында қалған адам, басын бәйгеге тігіп пара алуға барады деген сөз, шынында да ешқандай қисынға сыймайтын нәрсе ғой. Тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының қисыны қисын емес, қиялдың ерекше түрі болып тұр ғой... Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz