Егер әр шенеунігіміз Әбішевтей болғанда, қазақ бұлай жүрмес едік...
2020 ж. 12 қаңтар
4611
4
Нұр-Сұлтан қаласының белсенділері де өте аз. Саусақпен санарлық. Өзім Дулат Ағаділден басқа ешкімді танымайды екенмін.
Айтайын дегенім, "Әбішев ісінің" жалғасып жатқанына 10 ай болды. Оның соңғы 4 айында сот процесі жүріп жатыр. Бір активист келіп қолдау білдірмеді-ау... (Келгендер болып, мен көрмей қалған болсам, кешірім сұраймын).
Мәселе былай ғой. Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев сынды мықтыларға халық бостандық алып беруге бар ықыласымен, бар күшімен күреспей жатыр. Бір жағы түсінікті де. Оларға сот үкімі шығып қойған, апелляциялық алқада да істері қаралған. Халық түрмені бұзып кіріп, оларды шығарып ала алмайтынын біледі. Олар үшін он мыңдап алаңға да шықпайтыны белгілі боп қалды. Билік те осыны жақсы сезіп отыр.
Арон Атабекті құтқара алмайды екенбіз... Мұхтар Жәкішевті құтқара алмайды екенбіз... Тар қапаста отырған талай жазықсыздарды құтқара алмайды екенбіз... Ағайындар-ау, тым болмаса, солардың қатарын мына билік жазықсыз жандармен толықтыруына, кінәсіз адамдарды тәуелді соттың бір үкімімен түрмеге қамауына жол бермеуге болады ғой! Қазіргі шенеуніктердің ішінде қолы тазасы, ары тазасы кемде-кем екенін бәріміз білеміз. Алайда, Ислам Әбішев - сол саусақпен санарлық аз ғана арлы шенеуніктің бірі емес пе? Ұлтқа шын жаны ашитын, мемлекетке шын жаны ашитын, тілге шын жаны ашитын, дәстүр мен өнерге шын жаны ашитын екі шенеунік болса - соның бірі, біреу болса - сол жалғыздың өзі емес пе еді? Ол ондай болмаса, республика бойынша 200 мыңға жуық адам ол кісіге бостандық сұрап, қолдап, өтініш жазар ма еді. Ол кісі нашар шенеунік болса, Мәслихат, Парламент депутаттары қолдап қол қояр ма еді? Ол кісі оңбаған адам болса, Өскемен әкімдігінен кеткенде өскемендіктер ондаған көлікпен сап түзеп әуежайға келіп, жүздеген адам ол кісіні, балы мен вареньесін беріп, жылап шығарып салар ма еді??? Ол парақор болса, дәл осы істе айтылғандай, "пара алғысы келген болса", 30 томдық істен бір дәлел табылар еді ғой?!!
Иә, ешкім періште емес. Әр адамда мінез бар, болмыс бар, артық-кем қасиет бар. Ислам Әбішевті періште деуден аулақпын. Алайда, ұлтын да, тілін де, елін де, жерін де көзді жұмып тұрып сатып жіберетін мыңғырған мәңгүрт шенеуніктердің жанында Әбішев - періште! Егер әр шенеунігіміз Әбішевтей болғанда, қазақ бүйтіп жүрмес едік. Қазақстан мұншалықты сорлы мемлекет болмас еді. Өйткені Әбішев - қазақ десе, қазақ тілі десе, қазақтың салты мен өнері десе, ішкен асын жерге қоятын шенеунік. Ең бастысы, ол сауатты да білікті маман, тәжірибелі экономист. Ондай нағыз мамандар елімізде саусақпен санарлық. Егер ол Ауылшаруашылық министрі болғанда, агрария саласы әлдеқайда дамыған болар еді. Өкінішке қарай, біздің елде білімді, білікті мамандардан басшылар қорқады... Сол себепті, кез-келген мекеме басшысы қоластында өзінен білімді, өзінен мықты маманның көзін құртуға асығады. "Комплекс неполноценности" синдромымен барлық басшы ауырады. Мемлекеттің тұралап тұрғаны да сондықтан.
Бірді айтып, бірге кетті демеңіздер... Бүгін соттағы Ислам Әбішевтің күйініп, ашынып, ызаланып, қорланып, ашуланып сөйлеген сөзін естігенде, тар қапаста Әкем отырғандай, өз Әкемнің дауысы құлағыма келгендей, тамағыма өксік тіреліп, көзімнен жас ыршып кетті...
Нақақ күйіп бара жатқан адам ғана дәл солай шынайы ашуланады. Нақақ күйдірген де ғана адам солай шынайы шырылдайды... 1937-38 жылдары Алаш арыстары да осылай арыстанша ақырып, елінен үміт күтіп, артына жаутаңдай қарап, нақақ атылып кете барды-ау!...
Егер 30 томдық істе, тым болмаса, 1 нақты дәлел, факты болса, мен бұлай жазбаған болар едім... Пайғамбар жасынан асып, өмір бойғы бейнетінің зейнетін көрем бе деп отырған шағында қайдағы бір мәңгүрт "сексот" шаймерденовтің жеке кегі мен өшінен басталған жала арызының құрбаны боп кете баруы - ол кісіге де емес, шаймерденовке де емес, бізге ұят! Бізге сын!! Бізге - қазақ деген жұртқа, Қазақстан деген мемлекетке позор!!!
Жүз мәңгүрт шаймерденов жиылып, бір Әбішевке татымайды! Соны түсінесіздер ме???
Шаймерденовщина бұған дейін де талай қазақтың түбіне жеткен, бұдан кейін де талай арлы, адал қазақтың түбіне жетеді бұлар. Сондықтан, ҚАЗАҚ, ертең өзің, өз ұрпағың шаймерденовтердің құрбаны болып кетпесін десең, бүгін күрес! Әбішев пен Түкиевтің орнында 65-ке келген жазықсыз Әкеміз отыруы мүмкін, қанша ақ, адал болсақ та, әрқайсысымыз отыруымыз мүмкін. Әбішевті Сіздер боп, Біздер боп, жауыздардың тырнағынан жұлып алып қалуымыз керек. Бұл мәңгүрт билік, шынын айтқанда, әбден құтырды. Тек ұлтшылдарды жою, мемлекетке пайдалы адамдарды жойып, жеті атасы мен жеті ұрпағының сүйегіне таңба салатын шаймерденовщиналықты қолдайтын бүгінгі мәңгүрт, намыссыз, сатқын билік кешегі нквд-ның заңды мұрагері екеніне көздеріңіз жеткен шығар?!.
Өздеріңізден қолдау күтеміз, ұлтшыл, мемлекетшіл азаматтар! Келіңіздер. Әсіресе, ұлтшыл белсенділерге сенім артамыз.
Бөлісулеріңізді өтінемін. Рахмет!
Келесі сот отырысы: 14 қаңтар сағ. 15.00 Астана қ. Ж.Омаров к. 57 "Әскери сот" ғимараты.
Сәуле Әбілдаханқызы, Фейсбук парақшасынан