Өмірзақ ағамыздың сөзін өмірлік аманаттай қабылдадым - Азат Перуашев
2020 ж. 10 қаңтар
2757
6
Көрнекті ғалым, академик, асыл ағамыз Өмірзақ Айтбайұлының қазасы көппен бірге біздің де қабырғамызды қайыстырып кетті.
Академик Өмірзақ Айтбайұлы ағамызбен отыз жылдай уақыттан бері ағалы-інідей жақсы таныс едік. Талай ақыл-кеңестерін тыңдадық. 2012 жылы "Ақ жол" партиясы парламентте тұңғыш рет Алаштың 95 жылдығын атап өту туралы мәселе көтеріп, Астанада ғылыми конференция өткізгенімізде өзі келіп қатысып, төрімізде отырып, келелі кеңестерін беріп жүрді.
Кейін "XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы" жалпыхалықтық байқауын ұйымдастырғанда да басы-қасында ақылшымыз болып, қазылық жасап, жанашырлық таныта білді. Бұл байқауымыз өткен желтоқсанда сегізінші рет өткізілді.
Өмірзақ ағамыз кездескен сайын, телефонмен де хабарласып: "Сендер секілді депутат, әкім, министр жігіттер қазақша сөйлемей жүрсеңдер, ана тіліміз ешқашан мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алмайды!"-дейтін. Тіпті бір кез былай деген: "Өзің секілді білімі, болашағы бар жігіттердің қазақша сөйлемеуі- өз аталарыңа деген құрметсіздік!
Тілді сатып, сатқын болмаңдар, ата-бабаңды, әкеңді сыйла, қазақ тілін қолдай бер де, қолдана бер” - деп қадап айтқан болатын.
Ол 90-шы жылдары еді, мен ол кезде әкеден айырылып қалып, қайғырып жүрген кезім еді, сол үшін шығар, бұл сөз көңіліме қатты әсер етті...
Мен ардақты ағамыздың ол сөзін аманаттай қабылдап, үнемі орындап жүруге тырысып келемін!
Ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болып, Алла алдынан жарылқасын. Қазақ тілі мен ғылымына өлшеусіз еңбек сіңірген ерен тұлғаның есімі мәңгілік ел есінде болады деп білемін.
Иманы саламат болсын!
Азат ПЕРУАШЕВ,
"Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты