АЛМАТЫ АРДАҚТЫ ҒАЛЫМ, АСЫЛ ТҰЛҒАМЕН ҚОШТАСТЫ (ВИДЕО)
2020 ж. 10 қаңтар
6409
0
Бүгін Алматы жұртшылығы көрнекті ғалым, академик, қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбайұлымен қоштасты.
Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясы ғимаратына халық толып кетті. Бәрі де қазақ ғылымының қаранарымен қоштасып қалуға асықты.
Қаралы жиынды Ұлттық Ғылым академиясы президенті Мұрат Жұрынов жүргізді. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың көңіл айтуларын оқыды.
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Естайбекова сөз сөйлеп, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллиннің көңіл айтуын оқып берді.
ҚР Премьер-министрі А. Маминнің, вице-премьер Б. Сапарбаевтың, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың көңіл айтулары оқылды.
Алматы қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қожағапанов сөз сөйлеп, көңіл айтты.Сонымен бірге Нұрсұлтан қаласы әкімі А.Көлгіновтың, Алматы облысы әкімі А.Батталовтың, Энергетика министрі Н.Ноғаевтың көңіл айтқан жеделхаттары айтылды.
Шымкент қаласы әкімі Е.Айтахановтың көңіл айтуын әкім кеңесшісі Қ.Құрманәлі оқып беріп, "Алматыға Айтбайдың баласы боп келіп, Алаштың ардақтысы болған ағамызды туған жері Отырарға алып барамыз! Отырарда отыз Әл Фараби бар, Өмірзақ Айтбайұлы отыз бірінші әл Фараби болып бара жатыр" деп, толғана сөз сөйледі.
Өмірзақ Айтбайұлының өзінің аманаты бойынша Арыстан бапқа жерлеу үшін Түркістаннан арнайы келген делегация жетекшісі, белгілі ғалым Құлбек Ергөбек кеңінен толғап сөйледі.
-Өмірзақ Айтбайұлы өмірден өтіп тіл жетісіреп тұр, ән жетімсіреп тұр, ғылым жетімсіреп тұр.
Біз сіздерден Өмекеңнің өзінің өсиеті бойынша Арыстан бапқа алып кетуге Алматылықтардан рұқсат сұрап тұрмыз, жөн сұрап тұрмыз. Өмірзақ Айтбайұлы өлмейді- өйткені өнегелі ісі жасай береді!-деді ғалым өз сөзінде.
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл институтының бас директоры Ерден Қажыбек Өмекеңнің ерен еңбектерін, қайраткерлік қажырын, қиын кезеңде Тіл институтын сақтап қалған ерлігін тебірене баяндады.
Кеше "Сұлтан сарайы" мейрамханасында өткен қонақасында да Алматының барша зиялы қауымы Өмірзақ Айтбайұлындай асыл бейнеге деген ыстық ықыласын ақтарды.
Академик, Мұрат Жұрынов, жазушы-драматург Дулат Исабеков, "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, ғалымдар Сейіт Қасқабасов пен Құлбек Ергөбек, жазушы Алтыншаш Жағанова, Халық әртісі Досхан Жолжақсынов, композитор Қалдыбек Құрманәлі, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының вице-президенттері Ерден Қажыбек пен Ғарифолла Әнес және тағы басқалар Өмекеңнің өнегелі өмірі туралы лебіздерін білдірді.
Ғылым Академиясына жиналған қалың жұрттың қарасынан Елдің Ерге деген құрметі анық байқалды.
Оңтүстіктен келген арнайы делегация Өмірзақ Айтбайұлының денесін Түркістан облысы Отырар ауданы, Арыстан бап кесенесіне жерлеуге алып кетті.
Қасиетті Арыстан бап кесенесінде Өмекеңнің өзінің әкесі Айтбай, ағасындай болған Алаштың біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібек жатыр...
Қош, ғұлама ғалым, нартұлға азамат, нағыз зиялы, асыл тұлға, ардақты аға Өмірзақ Айтбайұлы!
Алла алдыңыздан жарылқасын!
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz