Мемлекеттік тілімізді отаршыларға мойындата алмай отырмыз - Сағат Жүсіп
2020 ж. 02 қаңтар
4475
2
1947 жылы ғана құрылған Израиль елінің әлемде жасаған таңғаларлық ғажайыбы бар. Бұл, әрине иврит тілі. 2000 жыл бойы ұмытылып келген, екі мың жыл бойы ешкім сөйлемей келген тіл. Міне сол тілді еврейлер екі мың жылдан соң сөйлетті. Қалай дейсіз ғой. Еврейлердің ауыз бірлігі, мемлекетшілдігі арқасында! Олар өздерінің қасиетті кітабы Танахты (Библиясы) қолдарына алып кітаптағы жазбаларды сөйлеу тіліне айналдырған. Еврейлер осыдан 60-70 жыл бұрын болған сол кездегі сөз ойлап табу жолындағы тірліктерін бүгінгі кезде қызық етіп айтып береді. Мысалы, мынадай болған жағдайды. Бір мектепте еврей балалары кезекті сабақты аяқтап үзіліске шығып, үзілісте тамақтарын ішіп қолдарын жуады. Қолын сүрту керек - Сүлгімен. Бірақ иврит тілінде Библияда жазылған сүлгі деген сөз жоқ. Балалар оны мұғаліміне айтады, сосын мұғалімімен ақылдаса отырып израильдік ғалым-филологтарға хат жазып "сүлгі" деген сөзді ойлап табуды сұрайды. Ғалымдар ойланып мынадай шешімге келеді. Израйльде Негев деген құрғақ шөлді жер бар, Библияда осы шөл жайлы бар екен. Ғалымдар "Негев" сөзін түбір жасап оған жұрнақ, қосымшалар қосып - сүлгі, су кептіргіш, кепкен нан, су тартқыш қағаз, қурап қалған ағаш т. с. с. сөздерді ойлап тапқан. Иврит тілінде боқтайтын сөздер де болмапты. Халық болған соң ондай сөздер де керек қой. Оны да ойлап тауыпты - "Хамор" (есек) деген сөзді. Әуелгі кезде әзіл, әжуа ретінде пайдаланып жүрген осындай сөздер бар болғаны 15-20 жылда тез тарап ивриттің сөздік қорына сіңісіп кетіпті.
Израильдің еврейлері үш құрылықтың 70-80 елінен жиналған. Олар келген кезде түрі мен түстері неше түрлі болғанына, неше түрлі тілде сөйлегендеріне қарамастан бірден иврит тілін мойындап күмәнсіз қабылдаған. Соның арқасында бар болғаны 20-30 жылда 2 мың жыл бұрын өлген тілді тірілтіп мемлекеттік тілге айналдырды.
Біз қазақтар, отыз жылдай болды, мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз сөйлеп келген тілімізді, жария еткен мемтілімізді отаршылар мен келімсектерге мойындата алмай отырмыз. Бишара халық, бишара мемлекет екенімізді әлемге паш етіп отырмыз.
Сағат Жүсіп,
Фейсбук парақшасынан