Жаңа министр Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты пікір білдірді
2019 ж. 25 желтоқсан
1671
0
Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі әзірге қаралып жатыр. Энергетика министрлігінің бұған қатысты позициясы өзгерген жоқ. Бұл туралы бүгін ведомствоның жаңа басшысы Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет отырысынан кейін журналистер энергетика министрінен атом электр станциясын салу мәселесі жабылды деп айтуға бола ма деп сұрады.
"Жоқ, әзірге мәселе жабылды деп айтуға болмайды. Қандай кезеңде болса, сол күйі қалды", - деді Ноғаев.
Айтуынша, энергетика министрлігінің АЭС құрылысына қатысты бұған дейінгі позициясы өзгерген жоқ.
"Әзірге мәселе қаралып жатыр. Энергетика министрлігінің ұстанымы мынадай: энергияның қосымша көздері бар кезде, біз бұл мәселені тек қарастырамыз. Бүгінде республика энергиямен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр, тіпті бір бөлігін сыртқа экспорттайды", - деді министр.
Ноғаев қазір елімізді электр қуатымен қамту жүйесін жетілдіру шаралары қолға алынып жатқанын жеткізді.
Айта кетсек, осы жылдың сәуірінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда атом электр станциясын салуды ұсынған еді.
Энергетика министрлігі атом электр станциясын салу туралы шешім қуат тапшылығы деңгейіне байланысты болатынын мәлімдеді. Яғни, Қазақстанда электр қуаты тапшылығы туындаған жағдайда, атом электр станциясы салынуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та АЭС құрылысына қатысты пікір білдірді. Президент атом электр станциясын салу мәселесінде қазақстандықтардың пікірі ескерілуі тиіс екенін айтқан болатын.