Ұлттық кеңестің екінші отырысынан не күтеміз?!.
2019 ж. 20 желтоқсан
2403
1
Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Президентінің қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысы өтеді, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі.
Алқалы жиында қандай мәселелер қозғалады? Бұл туралы Кеңес мүшелерінің пікіріне назар аударсақ.
Көші-қон мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек бүгінгі кеңесте өзінің осы сала бойынша жасаған жеті ұсынысына жауап алуым мүмкін деп топшылады. Ол ұсыныстардың ішінде азаматтық алу, көші-қон туралы заңды жетілдіру секілді өзекті тақырыптар бар.
Ал, белгілі саясаткер Мұхтар Тайжан жиында Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени түбегейлі өзгерістер жасау бойынша ұсыныстарына қатысты биліктің шешімдерін жария ететінін атап өтті.
Осыған орай, Ұлттық кеңестің бірінші отырысында белгілі ақын Қазыбек Иса көтерген Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты биліктің шешімі қандай болады? Бұл туралы портал оқырмандарына кеңес жұмысы аясында хабарлайтын боламыз.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 12 маусымында Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Ал 6 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өткен еді.