Мысырда Қазақстан елшілігінің қызметкері жұмбақ жағдайда қайтыс болды
2019 ж. 18 желтоқсан
2157
0
Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Египеттегі елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың қазасы туралы мәліметті растайды, - деп хабарлады sputniknews.kz.
Бұған дейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарында ер адамның 13 желтоқсан күні өз үйінің маңында өлі күйінде табылғаны туралы мәлімет тараған болатын.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Египет прокуратурасы қажетті тергеу шараларын жүргізуде.
"Осыған байланысты тергеу нәтижелері бойынша ресми ақпарат пайда болмас бұрын, бұл трагедияға қатысты әртүрлі интерпретация мен негізсіз мәлімет таратудан бас тартуды сұраймыз. Министрлік өкілдері Египетке тергеуге қатысу үшін жіберілді", - делінген хабарламада.
Салалық ведомство оқиғаға қатысты толық дерек сәрсенбі күні, 18 желтоқсанда сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің брифингі барысында берілетінін жеткізді.
Бұған қоса, министрлік Еламан Жолдасовтың туыстары мен жақындарына шын ниетімен көңіл айтып, дипломаттың отбасына барлық қажетті көмекті көрсетеміз деді.