Адам өмірін неге құнсыздандырып жібердік?
2019 ж. 07 желтоқсан
3688
1
Адам баласына өмір бір-ақ рет берілетіні белгілі. Кімге болса да одан қымбат, одан асқан асыл қазына жоқ. Қамшының сабындай ғана сол қысқа ғұмырды әркім өзінше кешеді. Біреулер ерінбей еңбек етіп, ешкімнің ала жібін аттамай адал өмір сүрсе, енді біреулер өзгенің есебінен пайда тауып, арамдық пиғылмен өктемдігін жүргізіп, қулықпен күн көреді. Қалай болғанда да, Жаратқан иеміз жарық дүниеге әкелген соң әркімнің де өмір сүруге толық қақысы бар. Сондықтан да бүгінгі күні әлемдегі барлық елдерде адамның өмірі мен құқығы мемлекет тарапынан заң бойынша жан-жақты қорғалады.
Біздің бәріміз бас иіп, қасиетті құрандай қастерлеп бағалауға тиісті Атазаңымыздың да бірінші бабы «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Атазаңымыздың өзі алғашқы сөзінен-ақ адамдарымыздың өмірі мен құқығына кепілдік беріп тұрған жоқ па, бұдан артық не керек?! Бірақ күнделікті өмірімізде осы заңдылық сақтала бермейді. Сақталғаны былай тұрсын, өкінішке орай, адамдардың құқығы аяққа тапталып, өрескел бұзылады...
Бұрындар да жазып, үнемі ойда жүргенмен осы тақырыпты қайта қозғауға «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыруға келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Аманиязовқа айтқан ашық сын ескертпелері түрткі болды. Белсенді депутат адамдар қаза тапқанда немесе олардың денсаулығына зиян келтірілгенде төленетін өтемақының мөлшерін есептеудің бірыңғай тәсілі жоқ екеніне назар аударды. «Ресей Үкіметі қайтыс болған адамның отбасына 1 млн. рубльден, ал апаттан зардап шеккендерге 500 мың рубльден бастап одан да жоғары өтемақы бөледі. Ал, бізде – әрқалай: кей жерлерде 200 мың теңге, кей жерлерде 500 мың, ең көбі – 1 млн. теңге төленеді. Сонда біздің азаматтарымыздың өмірі ресейліктерден 10 есе арзан болғаны ма? Үкімет неге өтемақыны есептеудің бірыңғай тәсілін енгізбейді? – деп сұрақты төтесінен қойды. «Бұл үшін біздің фракция адам қаза тапқанда оның білімін, экономика мен қоғамға үлесі мен рухани құндылықтарын қоса есептегенде, мемлекет үшін экономика жағынан қаншалықты шығын екенін есептеуді бірнеше рет ұсынды. Мемлекет апаттар мен зілзаладан келетін экономикалық шығынның ауқымын білген кезде ғана адамдарды бағалай бастайды», – деді фракция жетекшісі. Азат Перуашев өндіріс орнында 5 адамнан көп қаза тапқан жағдайда ғана апатты зерттеу бойынша мемлекеттік комиссия құрылатынын сынады. «Неге 5 адамнан асқан жағдайда? Бұл шарт қайдан алынған?» – деп сұрады заң жобасын әзірлеп әкелгендерден. «Қылмыстық заңнамада 2 және одан көп адам қайтыс болған жағдайда ғана ерекше жауапкершілік туындайды. Сонда өндіріс орнында төрт-бес жұмысшы қаза тапса, мемлекеттің қатысы жоқ болғаны ма? Мұндай көзқараспен келісе алмаймын!» – деді ол. Бұл ұстанымды басқа депутаттар да қолдады. «Бір адамның да қазасының өзі – жақындары үшін өте ауыр. Зардап шеккендер санын есептегенше, бар күшімізбен мұндай жағдайлардың алдын алу керек. Мұнай өндірісінің бір ауысымында 5 адам жұмыс істейді делік. Мемлекеттің апат салдарын тексеруі үшін бір ауысым толығымен қаза табуы керек пе?» – деді депутат Ахмет Мурадов.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Аманиязовтың айтуынша, 2019 жылдың 9 айында еліміздің өндірістік нысандарында 24 апат болып, 18 жұмысшы зардап шегіп, 10 адам қаза тауыпты. Өндірістегі өлім өсімі 1,7 есеге артқан.
«Бүгінгі таңда министрлік 211 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысанды қамтитын 8 мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорынын қадалағауда. Негізінен бұл – жер асты кеніштері мен көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, металлургиялық-химиялық және мұнай өңдеу зауыттары, атом өнеркәсібі нысандары, магистралдық құбырлар және тағы да басқалары», – дейді вице-министр.
Кәсіпорындарды сырттай қадағалаудан не пайда? Оны да жетістіріп жатпағаны көрініп тұр. 211 мың кәсіпорынның тек қана 8 мыңы бақылауда екен. Ал қалған 203 мың кәсіпорындарға кім бақылау жасайды? Бізде не көп, бақылаушы, тексеруші органдар көп, әрбір министрліктердің, құқық қорғау саласының, әкімдіктердің, түрлі департамент пен басқармалардың штаты жыртылып айрылады. Сонда олар мемлекеттік қызметте жоғары жалақы алып, не бітіріп отыр? Апаттардың негізгі себептерін анықтап, алдымен соны жою керек қой. Апаттың себептері толып жатыр, бірінші – нормативтік қызмет мерзімі өткен, тозығы жеткен, атамзаманнан бері келе жатқан жабдықтарды пайдалану. Екінші – өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен ережелерін бұзу. Үшінші – төмен өндірістік бақылау немесе оның мүлдем жоқтығы және жұмысшылар мен қызметшілердің төмен біліктілігі. Осының бәріне ақша бөліп, мамандарды оқытып, бүгінгі заманға сай, қауіп-қатері аз жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, жағдайды жөндеуге болатын еді ғой. Біздің кәсіпорындарда ол сирек кездесетін көрініс. Тойымсыз кәсіпкерлер артық ақша шығарғысы келмейді, қалтасының қамын ғана ойлайды. Өздерін асырап отырған жұмысшылар аштан қырылып, шахтада көміліп қалса да оларға бәрібір. Бұл турасын айтқанда – «Есектің еңбегі адал, еті арам» –дегенді ашық білдірмей ме? Өйткені, олар біздің мемлекет пен халық алдында ешқандай жауапкершілікті сезінбейді, осы күнге дейін сезінген де емес. Солардың көбісі шетелдік компаниялар. Сонда олармен келісім-шарт қалай жасалған? Жұмысшылардың жалақысы және еңбек қауіпсіздігі мәселесі сол құжаттта көрсетілмеген бе? Көрсетілсе неге олар мойнына алған міндеттемелерін орындамайды? Ал, еңбек адамдарының құқығын қорғап, олардың жалақысын көтеруге ықпал етуге міндетті Үкіметіміз үнемі үнсіз қалады. Сонда біздің қарапайым еңбек адамдарының құқығын кім қорғайды? Қарапайым жұмысшылардың қамын жейтін кәсіподақ ұйымдарының аты бар да заты жоқ. Өйткені, олардың үніне ешкім құлақ аспайды. Жұмысшылардың ауыр жағдайын айтып, белсенді қимыл көрсетіп адамдарды ереуілге бастап шыққан кәсіподақ жетекшілерінің өзін «Елдің тынштығын бұздың, экстремистік пиғылдасың» – деп жауапқа тартып, аузын жауып тастайды. Болмай бара жатса түрлі себептер тауып, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда біздің үкімет белсенді қимылдайды. Ал, шетелдік компанияларға «Бұл біздің мемлекет, алдымен шаңыраққа қарап алыңдар! Біздің адамдарды ренжітуге ешқашан жол бермейміз!» – деп айтуға батылы бармайды. Әлде бұл – «Өзіңдікі өзекке тепкілесең де өлмейді» – деген ұстаным ба?
Бәрін айтпай-ақ, бір ғана үндіс миллиардер Лакшми Митталдың қарамағындағы "АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамын алып қаралықшы. Әлемнің көптеген елдерінде осы сала бойынша жүздеген кәсіпорны бар, «темірдің төресі» атанған Лакшми Миттал 1995 жылы Теміртаудағы алып металлургия комбинатына ие болғаннан бері қайта-қайта шерулеткен жұмысшылардың жанайқайы бір толастаған емес. Ауыр еңбекке сай лайықты жалақы төлемей, жұмысшылардың отбасын айлап аш қалдырғаны өз алдына, ол келгелі осы компания қарамағындағы кәсіпорындардағы орын алған түрлі апаттарда жүзден аса адам мерт болды. Айталық, тек қана ресми деректер бойынша, 2002 жылы Ленин атындағы шахтадағы жарылыста 13 адам қайтыс болды. 2004 жылы "Шахтинск" кенішінде 23 кенші өліп, 3 адам өмірлік мүгедек болып қалды. 2006 жылғы 26 қыркүйекте тағы да сол Ленин атындағы шахтада қайталанған алапат апат 41 кеншіні қара жерге тірідей көмді. Одан кейін бір жарым жыл өткенде «Абай» кенішінде жарылыс болып тағы да 30 адам кеніште көміліп қаза тапты. Қарағанды облысындағы 8 бірдей ірі шахталарды иемденген миллиардер Миттал басқаратын кәсіпорындарда бұдан да басқа ірілі-уақты апаттар жиі орын алып тұрады.
Тоңмойын, қалтасы қалың Митталдың әлем жұртшылығы алдында беделі жұрдай. Оның өзге кәсіпорындарында да жағдай оңып тұрған жоқ. Сондықтан, көптеген елдердің өкілдері бірігіп, «Митталға қарсы қозғалыс» атты коалиция құрып қарсылық білдіруде. Бірақ соның бәрі оған маса шаққан құрлы әсер еткен емес. Әртүрлі елдер Миттал кәсіпорындары ауаны аяусыз ластап, экологиялық талаптарды мүлдем сақтамайтынын айтады. Бұл мәселенің бізге де толықтай және тікелей қатысы бар. Миттал жайлап алған біздегі Қарағанды аймағындағы аспаннан ақ емес, қара қар жауғанын, ауаның шектен тыс ластанғанын айтып келе жатқаны осыған нақты дәлел. Мамандардың айтуынша, Теміртаудағы экологиялық жағдай осы аймақтың өзге аудандарына қарағанда 25-30 пайыз нашарлап кеткен.Үкімет пен Қарағанды аймағы басшыларының ескертуін Миттал құлағына қыстырмайтынын жұрттың бәрі біледі. Тіпті, «Металлургтердің артында мен тұрмын!» – деп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінше сес көрсеткені де әсер етпеді. «Тұрсаң қайтейін, Сен кім едің?!» дегендей өз дегенін істеп жатыр. Сонда ол кімге арқа сүйеп отыр? Біздің билік қаңғып келген қайдағы бір кәсіпкерге шамасы келмегені ме? Жер біздікі, байлық біздікі бола тұра көлденең көк атты біреуге шамамыз жетпейді, оны тайраңдатып басымызға шығарып қойдық. Әлде оның басқа да себептері бар ма? Бар болса оны Үкімет неге ашық айтпайды? Мүмкін біздің басшылар үндіс миллиардермен жең ұшынан жалғасып, өзара жеке бастарының, өз пайдаларын жасап жатқан шығар? Мысалы, Митталдың өз отанында темір балқытатын жаңа зауыттар саламын деген жоспарына жергілікті тұрғындар, яғни өз қандастары – үндістер үзілді-кесілді қарсы шығып, табандылықтың үлгісін көрсетті. Табиғаты бұзылмаған таза жерді мекен ететін фермерлер «Бізге темір емес, тұтынатын таза өнім керек!» – деп, өліспей беріспейтінін ашық білдірді. Тағы бір мысал, Украинада Митталды тәубесіне келтіргені туралы жақында хабар таратылды. Жаңадан келген президент Владимир Зеленский қатаң талап қойып, Митталдың кәсіпорындарын экология талаптарын орындауға, жұмысшыларға лайықты жалақы тағайындауға қол жеткізіпті. Ал, біз ше?..
Азат Перуашев шетелдік компаниялармен келісім-шарттарды қайта қарауға шақырып, ірі шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына неғұрлым лайықты үлес қосуы туралы мәселені көтеруі өте орынды. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының төрағасы 29 қарашада Мәжілісте «Атамекен» ҰКП-мен болған кездесуде Мәжілісте сөйлеген сөзінде ашық айтты. Осы жерде Мәжілістің 80 пайыздан астамын құрайтын «Нұр Отан» партиясына қарағанда саны жағынан анағұрлым аз болса да еліміздің экономикасының тәуелсіздігін, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін жиі көтеретін «Ақ жол» партиясының белсенділігін атап өткеніміз жөн.
Біздің бүгінгі әңгімеміз өндірістегі еңбек қауіпсіздігі жайында болып отыр. Оның адамдарымыздың өміріне тікелей қатыстығын ескерсек бұл мәселеге бей-жай, атүсті қарауға әсте болмайды. Қырғын соғыстағы қанды майдан алаңы емес, бейбіт өмірдегі күнделікті еңбек ететін кәсіпорындарда ай-күннің аманында адамдарымыздан айырылу ақылға қонымсыз нәрсе. Қарапайым ғана өндірісте лайықты жағдай жасау қолымыздан келмей қаншама аналарды жесір, қаншама балаларды жетім еттік. Бала-шағасы үшін әкенің орнын үкіметтің садақа ретінде берген, құны құлдырап кеткен 1 миллион теңгесі ешқашан алмастыра алмайды. Соны қашан түсінеді екенбіз!
Осы тұста бұл орын алып жатқан келеңсіздіктер нені көрсетеді деген заңды сұрақ туындайды. Бұл Атазаңымызда айтылғандай «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» дегенге мүлдем ұқсамайды. Өндірісте, кеніштерде, құрылыс алаңдарында, дұрыс емдемеген дәрігерлердің алдында, жол апаттарында тұрғындарымыз жүздеп, мыңдап өліп жатса біз өз адамдарымыздың өмірін мүлдем құнсыздандырып жібергеніміздің нақты көрінісі емес пе? Елімізге тек қана пайда табу үшін келген шетелдік инвесторларға бәрібір, қазақ халқы түгелдей қырылып қалса қылшығы қисаймайды. Соған қарсы шараларды өзіміз ұйыдастырмасақ оны біреулер келіп сырттан жасап бермейді. Еліміздің болашағы өз қолымызда, біз алдымен өз қазағымыздың қамын қарастырып, кез келген мәселені ұлттық тұрғыдан ойластырып шешуге міндеттіміз.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz